Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, бекітілген күн тәртібіне сәйкес бес мәселе қаралды.
Соның ішінде Қазақстан мен Словения үкіметтері арасында қол қойылған Табыс пен капиталға қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция мен оған жасалған хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы біршама ұзақ талқыланып, депутаттар тарапынан қызығушылық тудырды. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа он депутат сұрақ берді.
Соның ішінде депутат Әбдіманап Бектұрғанов конвенцияда бір елдің резидентінің жылжымайтын мүліктен алынатын табысына екінші елде салық салынуы мүмкін деп көрсетілгенін айта отырып, бұл қосарланған салық болмай ма деп сұрады. Оған министр мүлік қай елде тіркелген болса, салықты сол мемлекет қана салатынын айтты. Депутат Евгений Козлов конвенцияда адамның еңбегіне қарай төленетін ақылардың бірнеше түрі көрсетілгенін, соның ішінде біздің мемлекетте еңбекақы мен зейнетақы ғана барын айтып, қалған ақыларға нелер жатады деп сұрады. Оған министр олардың бәрі де табысқа жататынын, ал табыстың барлық түрінен салық алынатынын жеткізді.
Депутат Зәуреш Аманжолова уағдаласушы мемлекеттердің бірінде салық заңнамасы өзгерген жағдайда конвенция қалай қолданылатыны айтылмағанына назар аударып, осындай жағдайда салық қалай салынатынын сұрады. Оған министр атаулар өзгергенімен, салық салу принципі өзгермейтінін жеткізді. Ахмет Мурадов қазақстандық теңізшілер мен ұшқыштар қазір халықаралық деңгейлерде жұмыс істеу мүмкіндігін алғанын айта келіп, егер Словенияда сондай адамдарымыз жұмыс істейтін болса, оларға салық қалай салынады деп сұрады. Министр оған табыстарды қай мемлекет төлесе, салықты да сол ел ұстайтынын айтты.
Осындай тұрғыдағы сұрақтар аяқталған соң қосымша баяндама тыңдалды. Оны Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жасап, заң жобасының бұдан бұрын да қабылданған осындай құжаттардан ешқандай өзгешелігі жоқ екенін атап өтті. Конвенцияның мақсаты – екі ел арасында шағын және орта бизнесті дамытуда экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және инвестиция салуға қолайлы жағдай жасау. Барлық комитеттердің оң қорытындысы бар, қосымша бюджет шығынын қажет етпейді, деді ол.
Талқылау барысында заң жобасын тұтастай мақұлдау жөнінде бір ғана ұсыныс түсіп, депутаттар онымен келісті.
Осы күні отырыс Сот-сараптама қызметі және Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда қарап, тұтастай мақұлдады. Заңнамалар сот-сараптама қызметін жетілдіруге қатысты құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға, бірыңғай сот сараптамасы органын құруға, жеке сот сарапшылары институтын дамытуға, сондай-ақ, сот төрелігі процесіне қатысатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтық қорғалуын, сот сарапшысы лауазымының беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, осы күні Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасында Халықаралық автомобиль қатынасы туралы жасалған келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге келісім берілді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасында Ембі полигонын пайдалану және жалға беру туралы 1995 жылдың 20 қаңтарында жасалған келісімді және осы полигонды жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөнінде 1996 жылдың 18 қазанында жасалған хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы бойынша да қорытынды әзірлеуге уақыт белгіленді.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттардың орталық атқарушы билік органдарына жасаған сауалдары жария етілді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»