• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2016

«Астана» ФК науқас балаға қаражат жинап берді

172 рет
көрсетілді

Елорда әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Астана - мейірімді қала» акциясы аясында «АСТАНА» футбол клубы сал ауруына шалдыққан Райымбектің Қытайда ем-дом алуына қажетті қаражат жинап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 12 жыл бұрын сап-сау дүниеге келген Райымбек Мергенбаев 9 айлығында салғырт дәрігерлердің екпесінен церебралды сал ауруына (ЦСА) шалдығып, мүгедектер арбасына таңылған. Баласының аты жаман ауруға шалдыққанын естіген Райымбектің әкесі отбасын тастап кеткен. Райымбектің анасы Рая Мергенбаева бүлдіршіннің жалғыз жанашыры болып отыр. Рая Мергенбаева - екінші топтағы мүгедек. Мемлекет тарапынан Мергенбаевтар отбасына жиі көмек көрсетіліп, зейнетақы уақытылы төленіп тұрғанымен, ол қаражат баланың еміне жеткіліксіз. Оның үстіне, көмекке зәру отбасының баспаналары да жоқ. Қазіргі таңда олар туыстарының шаңырағын паналауға мәжбүр. «Астана» футбол клубының ұжымы Райымбектің Қытай елінде целебралды сал ауруын емдейтін арнайы орталықта жасалатын ем-домы үшін қаражат жинап берді. Одан бөлек, елордалық команданың өкілдері Райымбекке өз есімі жазылған команда жейдесін сыйға тартып, алдағы маусымда «Астана Арена» стадионында өтетін Қазақстан чемпионатының ойындарына шақырды. Атап өткен жөн, «Астана» командасы мүмкіндігі шектеулі жандарға стадионнан арнайы орын бөліп, ойынды барынша қолайлы жағдайда тамашалауға мүмкіндік жасауда. Көмекке зәру отбасына қайырымды жандар жәрдем көрсете алады. Футбол клубының ресми сайтында Райымбектің анасы Рая Мергенбаеваның байланыс нөмірлері көрсетілген. «Астана - мейірімді қала» акциясы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Оған кез келген адам қатыса алады.