• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Ақтөбе мұзқалаға айналады

369 рет
көрсетілді

Жыл мезгілдерінің әрқайсы­сының өзіндік ерекшелігі мен қызығы бар. Қыраулы қыстың қызығы шаңғы теуіп, мұз айдындарында конькимен сырғанау екені белгілі. Облыс орталығында осындай бұқаралық спортты дамыту үшін қандай жағдай жасалуда? Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, қазір Ақтөбеде 40-тан астам мұз айдыны жұмыстарын бастап кетіпті. Оның 5-і хоккей қорапшасымен қоршалған. Жалпы, биылғы қыста барлығы 60 мұз айдынын ашу көзделуде. – Ақтөбеде мұз айдындары мектептердің аулаларында, қалаға қарасты ауылдық округтерде орналастырылды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер де қысқы уақытты тиімді пайдалануға өз үлестерін қосып, мұз айдындарын жасауды дағдыға айналдырып келеді. Орталық саябақта конькиді 300 теңгеге жалға алуға болады. Мұз айдындарының көпшілігі футбол алаңдарына жасалды. Ауа райына байланысты жылдың соңына дейін барлық 60 мұз айдыны іске қосылады, – дейді ол. Жақында «Мега Ақтөбе» ойын-сауық орталығының аумағы арқылы өтетін Сазды өзенінің үстінен мұз айдыны және Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта хоккей алаңы ашылды. Сондай-ақ, саябақта балаларға арналған екі мұз сырғанағы салынуда. Мұндағы хоккей мұз айдыны барлық заманауи талаптарға сай салынған. Арнайы аяқ киім ауыстыратын және тамақтануға арналған орындар бар. Ақтөбеліктер «Фер­ро» спорт клубында, А.Пуш­кин атындағы саябақта, «Грин Лэнд» демалыс базасындағы мұз айдындарына, ал шайба қуып, хоккей ойнағысы келетіндер қорапшасы бар айдын­дарға бара алады. Бүгінгі таңда Алға, Шалқар, Хромтау аудандарында да хоккей алаңдары ашылды. Бұл үрдіс басқа аудандарда жалғасын табуда. Осылайша облыста қысқы спорт түрлері­мен айналысуға көңіл бөлінуде. Ақтөбеде Мұз сарайы құрылысы салынып жатыр. Бола­шақта бұл нысан да коньки спор­тымен айналыстындарға есігін айқара ашпақ. Қысқасы, Ақ­төбе мұзқалаға айналады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ