• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Аяғы ауыр аналар айналаға шуақ шашты

336 рет
көрсетілді

Ақын да, дана да, батыр да анадан туады. Ұлтты ұлт ететін – ана. Аяғы ауыр әйел тұтас Жер шарын көтеріп бара жатқандай әсер береді. Қостанай қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен  Саламатты өмір салтын құру проблемаларының облыстық орталығы бірлесіп аяғы ауыр келіншектердің «Аруана» байқауын өткізді. Байқауға қатысқан жеті әйелдің арасында тұңғышын күтіп жүргендер де, төртінші сәбиіне аяғы ауыр ана да болды. Қостанай қаласындағы №11 орта мектептің  бастауыш сынып мұғалімі Әйгерім Тапаева тұңғышын дүниеге әкеледі, амандық болса. Ол үшін  өмірде барлығы да ретімен келе жатыр. Мектепті бітірді, педагогика колледжіне түсіп, бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығын игерді. Бірақ қыз бала үшін тұрмыс құрып, өмірге сәби әкелу барлығынан да биік тұрады. Әйгерім де өткен жылы тұрмысқа шықты, бір әулеттің келіні атанды. – Қыздар үшін   жауапкершік әрқашан да жоғары. Отбасын құрғанда шаңырақтың биік, табалдырықтың берік болуы  келінге көп байланысты. Болашақ сәбиімізді күтіп жүрміз, ол үшін де ананың жауапкершілігі жетерлік. Мен байқауға қатысуға шақырту алғанда оған қатысу немесе қатыспау жөнінде көп ойландым. Сонан соң қатысуға  тәуекел еттім. Өйткені, алдымен бұл байқаудың  замандастарым үшін тәрбиелік мәні болатынын ескердім, сол игі шараның қарлығаштарының бірі болуды жөн көрдім, – дейді  Әйгерім Тапаева. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар алдымен өздерін таныстырды, одан кейін өздерінің бала кездегі немесе  балаларының  сүйікті ойыншығы, жақсы көретін балалар кітабы  туралы айтып берді. Соңғы шарт бойынша  келіншектер сән көйлегімен жұртшылық алдына шықты. Ең сұлу, ең сүйкімді  әйел аяғы ауыр ана екенін олар тағы да дәлелдегендей болды.  Ұйымдастырушылар бұл байқаудың тәрбиелік мәні болуы үшін  ер кісілердің де үлес қосуын ойластырыпты. Аяғы ауыр келіншектердің өнерін құрамында көп балалы әке Александр Минко, Әйелдер мен балаларға арналған бейімдеу орталығының директоры Ділмұхамед Спанов  және Қостанай қалалық перинаталды орталықтың бас дәрігері Татьяна Булгацевич бар қазылар алқасы бағалады. Сонымен қатар, залда  келіншектердің отағасы,  туыстары,  ұжымдастары оларға жанкүйер болды. Байқау болғанымен қазылар алқасы  қатысушылардың барлы­ғына бірдей орын берді. Біреуін екіншісінен артық-кем еткен жоқ. – Бүгінгі байқауда  достық жеңді. Қатысушы аналардың барлығы да жүзіктің көзінен өткендей әдемі, ақылды. Аяғы ауыр аруаналарды қанша байқау болғанымен жіктеп жатқанымыз дұрыс болмас еді. Олар ертең аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына жинап алсын. Өмірге дені сау, бақытты сәбилер әкелсін. Бүгінгі олардың сахнаға шығуының өзі біздің қыз-келіншектер үшін үлгі-өнеге, – деді Татьяна Булгацевич. Дәстүрді, ұлттық тәрбиені, адамгершілік пен әйелдік даналықты, нәзіктікті паш еткен тұңғыш байқау алдағы жылдары дәстүрлі өтіп, мазмұн жағынан байытыла түсетін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ