• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Польша парламентіндегі қақтығыс

325 рет
көрсетілді

Бұл елде саяси күштердің күресі белсенді жүреді. Біреулер оны демократияның жоғары деңгейі санаса, екіншілер демократияға жат, көпшіліктің пікірімен санаспау деп есептейді. Өткен жұмадан бері Польша сейміндегі қақтығысқа да солай баға беріліп жатыр.

Иә, қақтығыс жұма күні бас­талды. Сеймде келесі жылға бюджет талқыланып жатқан. Мінберге оппозициялық «Азаматтық плат­­форма» партиясынан депутат Михал Щерба көтеріліп, күн тәрті­бі­н­дегі мәселе емес, БАҚ еркін­дігі мәсе­лесін қозғады. Спикер Марек Кухцински оған күн тәртібі мәсе­лесіне ауысуды екі рет ескертеді. Тыңдамаған соң, оны тал­қылауға қа­тысудан шектейді. Бұған жауап ре­тін­де оппозициялық депутаттар мін­берді басып алып, оған ешкімді жібермей қояды. Бұдан кейін не істеу керек еді? Спикердің шешімі мәжілісті басқа залға барып жалғастыру болды. Онда дауысты электронды есептегіш жоқ, шешім қол көте­ріп дауыс берумен шешілді. 234 дауыс­пен бюджет қабылданды. Пар­ламентте 460 депутат бар. Бі­ра­зы дауыс беруге қатыспады. Бі­рақ шешімді жақтағандар саны – көп­шілік. Бәрі бір оппозиция тәр­тіп бұзылды деп байбалам салды. Ал шын мәнінде парламенттің жұ­мысын бұзған, сессия мәжілісін жүр­гізуге мүмкіндік бермеген оппо­зи­­циядағылардың өздері еді. Бұл дау – қақтығысқа соқтырған желеу ғана. Оның негізгі себебі басқада – бұдан бұрынырақ сейм жур­налистердің парламенттегі жұ­мысы жайында, белгілі дәрежеде БАҚ еркіндігін шектеу жөнінде заң қабылдаған. Онда парламент үйіне аккредиттеу алғандар ғана кіру, әр редакциядан екі журналисті белгілеу, парламент депутаттарымен белгілі бір жерде әңгімелесу, тікелей сессияға қатыспау, мә­лі­меттерді баспасөз қызметі адам­да­ры­нан алу талап етілген. Мұ­ны­мен толық келіспеуге де бо­лар, бір­ақ оны білдірудің де де­мо­кра­тия­лық жолы бар емес пе? Ал оппозицияға керегі басқа еді. Олар мұны бүкіл парламент жұмысын ақсатуға пайдаланды. Парламент үйінің есіктерін жауып, іштен биліктегі «Заң және әділдік» партиясынан сайланған депутаттарды, сол партия көсемі Ярослав Качинскиді, үкімет басшысы Беата Шидлоны сыртқа шығармай, «қамауда» ұстады. Оқиғаға полиция араласып, соның арқасында Качински «босағанмен», үкімет басшы­сы және басқалар таң ата босады. Келесі күні де үрең-сүрең басылған жоқ. Көшеге шыққандар парламент үйінен президент сарайы­на ауысты. Шерушілер арасында былтыр сайлауда жеңілген бұрынғы президент Бронислав Комаровски, сонау жылдардағы президент Лех Валенса да жүр. Сонда мұны қалай түсінесің? Бүгінгі билік былтыр сайланған. Я.Качинскидің «Заң және әділдік» партиясы бұрынғы биліктегі «Аза­мат­тық платформа» партиясын же­ңіп, үкімет құрды. Демократиялық жолмен. Президент Анджей Дуда да сайлауда жеңді. Демократиялық жолмен. Комаровски өз жарлығымен зейнет жасын ерлер, әйелдер үшін де 67 жасқа көтеріп еді, Дуда оны әйелдер үшін 60 жасқа, ерлер үшін 65 жасқа түсірді. Демократия кімнің жағында, халықтың қамын кім ойласа, соның жағында, әрине. Премьер-министр Беата Шидло теледидардан халыққа үндеу арнады. Қарсылыққа шыққандардың бұл әрекетін демократияны құрту деп бас­тап, оппозицияны жауап­кер­шілікке шақырды. Оппо­зиция үшін де, билік үшін де ел біреу, ол – азат та демократиялық Польша, ортақ игілігіміз, соның мүддесін ойлайық, деді үкімет басшысы. Жөн сөз.  

Манила мен Вашингтон келіспейтін сыңайлы

Филиппин президенті Родриго Дутертеден әр нәрсе күтуге болады. Сөйтсе де оның: «Ей, Америка, білесің бе сен, Филиппиннен табаныңды жалтыратуға дайындал!» деген сөзінен кейін бұл екі елдің арасында жағдайдың мықтап шиеленіскенін аңғарасың. Бұған дейін де Дутерде АҚШ-тың, оның басшыларының атына біраз ғайбат сөз айтып үлгерген. Бұл елдің елшісін «иттің баласы» десе, Барак Обаманы жезөкшенің баласы деп сипаттаған. Соған қарамай, АҚШ президенті «20 мықты ел» бас­шыларының басқосуында фи­лип­пиндік әріптесімен кездесіп, әңгі­мелескенде, жұрт мұны Обама­ның кеңдігіне балаған. Содан кейін Дутерде де Вашингтонға қарай тым зәр шаша бермеген. Тіпті, жаңа сайланған президент Трамптың атына біраз мақтау сөз де айтқаны бар. Мұны жұрт АҚШ-пен қарым-қа­тынасты жақсартпақ ойы болған-ау деп қабылдаған еді. Сонда Филиппин басшысының мына айқайының сыры неде? Сі­рә, Вашингтонның да шыдамы тау­сыл­ған болар. 15 желтоқсанда АҚШ «Мыңжылдық бағдарламасы» бойынша жүзеге асырып келе жатқан Филиппинге қаржылық көмек беру­ін тоқ­тататынын мәлімдеді. Оған себеп – бұл елде заңды мойын­дамау және азаматтық еркіндік нор­­ма­лары­ның бұзылуы екен. Мұны бұз­ған да ел бас­шысының өзі болып отыр. Бұ­рын­­дары елде есір­т­кі­­ге қарсы күрес ұранымен мың­да­ған адам сотсыз өлтірілді деген­ді ақпарат құралдары, оппозиция айтып жатса, Дутерде оны енді өзі айтып отыр. Вашингтон соған сүйе­ніп мәлімдеме жасады. Иә, Филиппин президенті 12 жел­тоқсан күні жұрт алдында сөй­ле­ген сөзінде қылмыскерлерді сот­сыз өлтіруге өзінің қалай қа­ты­с­қанын айт­ып берді. «Мен мұ­ны Даваода (сон­да ол мэр бол­ған) жасадым. Поли­ция­дағы жігіт­терге көрсету үшін. Егер мен жасай алсам, сендер не­­ге жасай алмайсыңдар, дедім», деді. Оның бұл сөзі әлемге тез тарады. Оны есітісімен Вашингтон жоғарыдағы мәлімдемесін жасады. Бірақ бұған Дутерде айылын жия­тын емес, «біз Американың ақша­сынсыз да күн көреміз...» деді. Және оған «егер сендер осылай жаса­саңдар, біз де солай жасай­мыз» дегенді қосып қойды. Ондағысы – екі ел арасында 1998 жылы жаса­с­қан келісім бойынша бұл елде АҚШ өзінің әскери базасын ұстай алады. Дутер­де сол келісімді бұза­­мыз деп қор­қытқан сыңайлы. Жоғарыда атал­­ған бағдарлама бойын­­ша АҚШ Филиппинге 434 миллион доллар қар­жы көмек берген екен. Әри­не, енді олар көбірек бер­месе де, Филип­­пиннің күн көре­тіні бел­гілі. Бірақ дос елін жауға ай­нал­дыр­ған­нан бұ­лар­ не ұтады дейсің. Дос дегеннен шығады, Дутерде АҚШ-қа осы шүйлігуі кезінде Ресей­­мен одақтасу мүмкіндігін де ал­ға тосты. Сендер болмасаңдар, бас­­қ­алар табылады дегені ғой. «Олар (орыстар) кемсітпейді, ішкі ісі­­ңе араласпайды», дегенді де ай­тып үлгерді. Кім біледі, БҰҰ-ның Бас хатшысын ақымақ деп, Еуро­одақ­ты сайтанның сапалағы деп, бір елдің елшісін иттің баласы деп сипаттайтын адаммен, соның елімен одақ­тасып, абырой табу да қиын-ау. Жалпы, Филиппин президенті өзінің ақылға сыймайтын әрекет­те­рі­мен, мәлімдемелерімен ерекше­лен­ген басшы болып отыр. Ол билік құр­­ған жарты жылдай уақытта елде есірт­кіге қатысты деген айыппен 5,6 мың адам сотсыз өлтіріліпті. Мұны әс­ке­рд­ің, полицияның, еріктілердің қолымен жүзеге асырған көрінеді. Әсі­ресе, еріктілер белсенділік көр­се­тіп, 3,6 мың есірткішіні жойған екен. Мұндай жосықсыздық алда жалғаса бере ме деген сұрақ туады. Жауабы қиын сұрақ. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист