• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Шығармашылық ұжым миллионер атанды

241 рет
көрсетілді

Солтүстік өңірде 2,5 мыңға жуық қызметкердің басын біріктіретін 595 мәдениет мекемелері облыс жұртшылығына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Соңғы жылдары олардың материалдық-техникалық базасы, кадрлардың сапалық әлеу­еті нығайып, «Жұмыспен қам­­тудың жол картасы-2020» бағ­­дар­ламасы шеңберінде 101 мә­­дениет және мұрағат ғи­ма­ра­ты қалпына келтірілді. Тәу­ел­­сіздіктің ширек ғасырлық ке­зеңінде екі театр, алты мұражай, «Абылайхан» резиденциясы» мұражай кешені, жастар сарайы бой көтерді. Қаржыландыру он есеге көбейіп, концерттік және гастрольдік сапарлар жиі ұйым­дас­тырылатын болды. Елді мекендерде жабылып қалған клубтар, кітапханалар, мәдениет үйлері қайтадан іске қосылды. Жа­­ғымды жаңалықтардың бі­рі­не С.Мұқанов атындағы қа­зақ саз­ды-драма театрындағы кө­рер­мен­дер залының 500 орынға дейін ұл­ғайтылып, жобалау-сметалық құжаттардың түзілуін атауға болады. Н.Погодин атындағы орыс дра­ма театрында өткен салтанат­ты кеште мәдениет саласы өкіл­деріне ерекше құрмет көр­се­тілді. Көрмеге тарихи құн­ды жәдігерлер, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, И.Шухов секілді та­­нымал жерлес жазушылардың же­­ке заттары қойылды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жас ұрпақты рухани тәрбиелеуге үлкен үлес қосып, өміріне өнерді серік етіп келе жатқан бір топ мәдениет саласы өкілдерін марапаттады. Барлық аудандарда жекеле­ген аталымдар бойынша өткізіл­ген бай­қаулардың қорытындылары осы жиында шығарылып, же­ңімпаздар анықталды. Мұра­жай­лар арасында Шоқан Уәлиханов атын­дағы Сырымбет тарихи-этно­графиялық мұражайы мен Есіл аудандық мұражайы озып шығып, әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты берілді. «Үздік медиатека» ата­лымы бойынша Тимирязев ау­дандық кітапханасына 300 мың тең­генің сыйақысы тапсырылды. Қызылжар ауданының мұрағат ұжы­мы 500 мың теңгені олжала­ды. «Үздік ауылдық мәдениет – 2016» аталымында Айыртау ау­да­ны Гран-при иегері атанып, 2 мил­лион, ал Шал ақын ауданы 1,5 мил­лион теңгеге ие болды. Н.Погодин атындағы орыс драма театрына 10 миллион теңгенің сертификаты сый­лан­ды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы