Үстіміздегі жылдың қазан айында Мәжілістегі ҚКХП-ның депутаттары фракция мүшесі Айқын Қоңыров дайындаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың атына жолданған сауалға қол қойған еді. Сауалдың қысқаша мазмұны мынадай:
Ипотекалық борышкерлердің проблемаларын шешу үшін Елбасының тапсырмасымен әзірленген 2015 жылдың сәуір айындағы қарызды қайта есептеу бағдарламасына сәйкес «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ екінші деңгейлі банктерге 130 млрд теңге бөлгені айтылып, ол 2004 жылдың 1 қаңтары мен 2009 жылдың 31 желтоқсаны аралығында қарыз алғандардың борышын қайта есептеуге жұмсалуы керектігі көрсетілген еді. Халықтық коммунистер осы бағдарламаға 2009 жылдан кейін несие алғандар неге кіргізілмеді, доллардың бағамы өзгеруінен жапа шеккендер 2014 жылы да болды ғой. Олар неге бұл бағдарламада қамтылмады? Сонымен бірге, қаражат қай банктерге қанша көлемде берілді, қайта есептеуге неге барлық банк қатыстырылмады, ал берілген қаражатты мақсатсыз шығындарға жұмсағандар болды ма және қайта есептеу нақты қанша борышкерді қамтыды деген сұрақтар қойылған-тын.
Осы сауалға Ұлттық банк төрағасынан төмендегідей жауап келді: «2015 жылғы 24 сәуірде Ұлттық банк 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ғана берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды көздейтін бағдарламаны бекітті. Бағдарламаны әзірлеу шеңберінде Ұлттық банк жанынан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардан басқа, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының, Қазақстанның Коммунистік халық партиясының және ипотекалық қарыз алушылардың мүддесін білдіретін қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді. Бағдарламаның негізгі өлшемшарттары осы жұмыс тобында, оның ішінде қайта қаржыландыруға жататын қарыздарды беру кезеңінде пысықталды.
Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша мерзімі өткен берешек жөніндегі және мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктері (130 млрд теңге) статистикасы деректерінің негізінде 2004-2009 жылдар аралығындағы кезең айқындалды. Қарыздарды өтеу кезеңін айқындау кезінде Ұлттық банктің бұрынғы басшылығы нақты қандай өлшемшарттарды басшылыққа алғанын айқындау қазіргі уақытта мүмкін емес. Бағдарлама тәсілінің қарыз беру мерзіміне қарай біртекті болмауын мойындасақ, қазіргі уақытта бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражаттың шектеулі болуына байланысты басқа кезеңдерде берілген қарыздарды қамтуға мүмкіндігі жоқ. Қарыз алушылардың қамтылуын ұлғайтуды немесе өзге өлшемшарттарды кеңейтуді көздейтін кез келген өзгеріс мемлекет тарапынан қосымша қаражатты талап етеді.
Қазіргі кезде қаражат 15 екінші деңгейлі банкке және 3 ипотекалық ұйымға бөлінді. Бағдарламаға 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 36,5 млн теңгеден аспайтын сомада берешегі қалған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бар барлық банк енгізілді. Ұлттық банк «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ-пен бірлесіп, «Қазақстанның халық банкі» АҚ-қа, «ForteBank» АҚ-қа және «Цеснабанк» АҚ-қа бағдарламаның талаптарын сақтауы мәселелері бойынша тексеру жүргізді. Қазіргі кезде «АТФ Банк» АҚ-ты тексеру жүзеге асырылуда. Тексерулердің нәтижелері бойынша банктердің бағдарлама талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда айыппұл санкцияларын қолдану туралы мәселе қаралады. Ал бағдарлама шегінде 25 000 қарызды қайта қаржыландыру болжамдалады. Қаражатты игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қаржыландырылған қарыздардың саны шамамен 41 000 болуы мүмкін, оның ішінде 12 000-ға жуығы ХӘОТ-тің қарызы.
2016 жылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша Бағдарламаны қолдануды өтінген 25 мыңнан астам өтініш банктерге (ипотекалық ұйымдарға) берілді. 19 069 өтінішке қатысты 115,7 млрд теңге сомаға қайта қаржыландыру туралы оң шешім қабылданды, 16 721 өтініш бойынша жалпы сомасы 91,9 млрд теңгеге немесе бөлінген қаражаттан 70,7%-ға қарыздар қайта қаржыландырылды.
2016 жылдың басынан бастап Ұлттық банкке азаматтардың қарыздарды бағдарлама талаптарымен қайта қаржыландыруға көмек көрсету туралы 3 000 өтініш түсті» делініп, қосымшада 130 млрд теңгенің қандай екінші дәрежелі банктерге қанша көлемде берілгені көрсетілген.
Әзірлеген
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»