• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Лаңкестердің жазасы ауырлай ма?

247 рет
көрсетілді

Жуырда Сенат кейбір заңнамалық актілерге экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарап, қабылдады. Бұл қоғамның көптен күткен құжаттарының бірі еді. Біз қабылдаған заң туралы сенаторлар Г.Ким, С.Еңсегенов және Д.Құсдәулетовтің пікірлерін жазып алған едік. – Георгий Владимирович, қабыл­данған заңның маңызы туралы пікірі­ңізді білсек. – Бұл заң бүгінгі таңда аса қажет, өзекті мәселені шешуге бағытталған. Біріншіден, ол Мемлекет басшысының қауіпсіздік мәселесін басымдықпен шешетін заң жобаларын әзірлеу жөнінде үстіміздегі жылдың қыркүйек айында берген тапсырмасын орындауға бағыт­талған. Екіншіден, біздің еліміздің халықара­лық келісімдер бойынша алған әлеует­ті қатерлер мен тәуекелдерді азайту жөнін­дегі мін­деттерін іске асырып, әлемдік қоғамдас­тық­тың қауіпсіздік институттарымен интеграциялануды көздейді. Үшіншіден, бұл заң Қазақстанның терроризм бойынша дүниежүзілік индексіндегі орнын жақсартады. Қазір біз 162 мемлекеттің арасында 94-орын алып тұрмыз. Біздің көршіміз Ресей 30, Қытай 23-орында. Сонымен қатар, бұл заң бизнестің терроризмнің кесірі­нен келетін қаупі­не байланысты тежелуін де төмендетеді. Әзір­ге бұл индекс бойын­ша біз 66-орындамыз. Міне, заң­ның осындай пайдалы жақтары бар. – Сәрсенбай Құрманұлы, қабылдан­ған заңның қажеттілігі туралы не айтар едіңіз? – Терроризм және экстремизммен күрес бүгінгі таңда әлемдегі ең өзекті про­бле­ма­ның біріне айналып отыр. 2015 жылы ғана тер­ро­ризмнің кесірінен дүние жүзінде 29 375 адам қаза болған екен. Жаһандық экономикаға тигізген әсері 89,6 млрд АҚШ долларына тең екені анықталған. Біздің елі­мізде де терроризм мен экстремизмге қа­рсы күресті күшейту қажеттігі алға тартылып отыр. Мемлекет басшысының өзі 2016 жылдың 1 қыркүйегінде Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Қазақстан барлық әлем елдері секілді терроризммен бетпе-бет келді» деген болатын және аталған қатерлерге қарсы күресті өрістету үшін жаңа заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма берген еді. Мына заң сол тапсырманы іске асырып отыр. – Заң сол талапты толығымен орын­дайты­­нына сенімдісіз бе? Олқы тұстары жоқ па? – Өкінішке қарай, олқы тұстары бар. Мәселен, жаңа заңмен Қылмыстық кодекстің 15 бабына өзгерістер енгізілген. Олар террор­шы­ларға қарсы жаза мөлшерін 2 жылға ғана арт­тырумен шектелген. Терроризм мен экстре­мизм қауіпті қылмыс екенін ескере оты­рып, жаза мерзімін 2 жыл­ға ғана арттыру оның пәр­менділігін көр­сет­пейді деп ойлаймын. Болашақта бұл мәселеге қайта оралу керек шығар. Сонымен бірге, қылмыс құрамы бірдей, қыл­мыстық әрекеттер бағытталған объек­тісі де бірдей жағдайдағы жазаның екі түр­лі болғаны сұрақ тудырады. Мысалы, 173-бапқа өзгеріс енгізілген. Бұл бап бо­йынша халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасаған лаңкестерге берілетін жаза белгі­лен­ген. Осы бап бойын­ша жаза екі жылға ғана арттырылған. Ал дәл осындай қылмыс құра­мын жасап, халық­аралық қорғауды пайдаланатын адам­дарға немесе ұйымдарға шабуыл жасаған лаңкестерге берілетін 255-бапқа енгізілген өзгеріс қылмыс­кер­лерді бас бостандығынан айырумен қатар, өлім жазасын беруге дейін өсірілген. Әрине, бұл жерде Қылмыстық кодекстің тарау­ларына байланысты мәселелер туындауы мүмкін. Дегенмен, алдағы уақытта терроризм мен экс­тремизмге қатысы бар адамды жазалау тура­лы баптарды тереңірек зерделеу қажет деп ойлаймын. – Дулат Рашитұлы, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте жаңа заңның негізінде қандай шаралар жасалуы керек деп ойлайсыз? – Заң терроризм мен экстремизм бағыт­тарын­да қылмыстар жасағандарға жазаны ауырлатуды көздейді. Сондай-ақ, ататын қару айналысын бақылауды арттыруды, көші-қон үдерістерін қадағалауды және терроризмге қарсы заңнаманың сақталуын күшейтуді қарастырады. Осы өзгерістердің бәрі әлемде және елімізде орын алған террористік актілерге жауап ретінде жасалған. Сонымен қатар, заңдағы кейбір шаралар постфактумдық сипатта екені көрініп тұр. Заң жасалған қылмыстық әрекеттердің салдарын қарастырады. Меніңше, мемлекет алдын алу шаралары мен қылмыстың себептерін де ескеруі керек. Сондықтан еш нәрсені де кейінге қалдырмай тап бүгін­нен бастап терроризмге қатысты превен­тивтік шаралар кешенін қабылдау керек деп санаймын. Тұрғындар арасындағы ради­калды көзқарастағы және радикалдар ықпал ететін адамдар тобымен жұмыс істеу керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының теріс діни ағыммен уланған лаңкестер отырған колонияларға имам­дарды жіберіп, дұрыс уағыз айтуы қажет­тігі туралы жуырдағы бастамасы өте орынды болды. Жастардың үлкен тобы радикализмге нақты жазасын өтеу орындарында тартылады. Мәселен, жуырда Алматыда араб тілін үйретеміз деген желеумен адам жинап, іс жүзінде террористік әдебиеттер таратқан топ әшкереленді. Осындай топтарға қарсы жұмыстар да тұрақты жүргізілуі керек. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»