• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Еселі еңбегіміз – тәуелсіз елімізге

233 рет
көрсетілді

Елдің межелі, мерейлі жылы болады. Міне, биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Бұл – өткен жолы­мызға зер сала қарайтын, өзімізге де, елдік жетістіктерімізге де есеп беретін тұсымыз. Біз бүгінгі жетістік­терімізге қалай қол жеткіздік? Бүгінгі күнге қалай келдік? 1991 жылы 16 жел­тоқсан­да өз Тәуел­сіз­дігін алған Қазақстан демо­кратиялық, зайыр­лы, құқық­тық және әлеу­меттiк мемлекет құру мақсатын ал­ға қой­ды. Ата-баба­лары­мыз аң­са­ған азаттықты алумен қа­тар, тәуел­сіз мем­лекетті қалып­тас­тыру­дың міндеті орасан зор екені анық. Осы жолда Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев барлық салада жаңа реформаларды жүзеге асырды. Бізге нарық қоғамының заң­ды­лықтарына төтеп бере алатын, экономикалық дағ­дарыстарға қарсы алдын ала іс-шара­лар қабыл­дай алатын, ел ішін­дегі бір­лікті сақтай білетін, өзіндік ерек­шеліктері бар мемлекет құру керек болды. Жаңа мемлекетті қалыптастыруда көптеген жаңа заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасының ширек ғасыр ішіндегі ішкі және сыртқы саясаттағы, экономика мен әлеуметтік-мәдени саладағы қол жет­кізген табыстары аса қомақты. Мұны біз ғана емес, шетелдер­дің әлем­ге танымал ғалымдары, сая­­­са­т­к­ерлері, жазушылары мен журналистері, сарап­шы­лары да айтып жүр. Осы табыстарға біз тәуел­сіздік алған кезі­міз­ден бастап дұрыс жолмен жүргендігіміздің нәти­­жесінде жетіп отыр­мыз. Респуб­лика­мыз­дың әр өңірінде «Қазақ­стан-2050» Стратегия­сын жүзеге асыру үшін барлық қажетті шаралар жасалуда. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде бізді қай істе де ор­тақ мүдде, ортақ жетістіктерге жігер­лендіруге тиіс екенін айта келіп: «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», деп атап өткен еді. Шынымен де, еселі еңбек қана елдің ырысын арттырады емес пе?! Қазір еліміздегі барлық өндіріс орындары, еңбек ұжымдары 25 жылдық мерейтойға үлкен табыс­пен жетуді басты мақсат етіп қой­са, сол мақсаттарына әрқайсы­­сы хал-қадерінше жетіп отыр. Мұны күнделікті баспасөзден оқып, теле­арналардан көріп жүрміз. Халық­тың ырыс-берекеге кенеліп жат­қанына, еңбегі бағаланып, мәртебесі көтерілгеніне бәріміз де қуанамыз. Биыл егіншілер де мол өнім алды, күріш өсірушілер де үлкен табысқа қол жеткізді. Мәселен, Сыр өңірінің диқан­дары ала жаздайғы тынымсыз еңбегінің арқасында күріштен Қазақстанның егіншілік тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық өнім алды. Сыр бойы­ның диқандары 80 мың гектар егістіктің әр гектарынан облыс бойынша 54,9 центнерден өнім алып, ел қамбасына 440 мың тонна күріш құйды. Жаз жайлы, жаңбырлы бол­ғандықтан, тіпті биыл құмды, шөлді далалардың да құлпырып кет­кенін көрген адамдар таңданыспен қуана айтып жүргеніне куә болдық. Сол себепті мал шаруашылығымен ай­на­лысатын адамдардың да төрт түлігі қоңды болып, табысы молая түскені анық. Қорасы қойға, өрісі малға толған қазақтың көңілі де көтеріңкі, жағдайы да жақсы бола түсетіні сөзсіз. Елбасымыздың «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасыр­лар бой­ғы күресінде, азаттыққа ұм­тыл­ған қайсарлығында жатыр», деген қанат­ты сөзі бар. Иә, тәуелсіздік – қастерлі, қасиет­ті ұғым. Ол бізге ата-бабалары­мыздың жүздеген жыл­­дар бойғы күресінің арқасында тиіп отыр. Біз қанын да, жанын да қиып, жерін қорғаған бабалары­мыз­дың алдында мәңгілік қарыз­дар­мыз! Енді бүгінгі азат ел бол­­ған тұсы­мызда еселі еңбегімізбен, отансүй­гіштік қасиетімізбен Тәуел­сіз Қазақстанымызға қалтқы­сыз қызмет етуіміз керек! Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел орнату идеясын алға тартты. 2050 жылға қарай әлемдегі жан-жақты дамыған, әрі бәсекеге қабілетті, экономикасы әлеуетті, халқы берекелі 30 елдің біріне айналу мақсатын алға қойды. Ендеше, осы ұлы мұрат жолында әрбір азамат өзінің барлық қабілет-қарымын, қайрат-жігерін ортақ мүддеге жұмсауы тиіс деп ойлаймын. Ел біріксе, алынбайтын асу жоқ. Бірлігі мықты, ынты­ма­ғы жарасқан Қазақ елі әлі талай биік белестерді бағындырады деген сенімдемін. Баршаңызды жақында ғана кең көлемде аталып өтілген ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттық­таймын! Қазақ елінің барлық тұрғындарына бірлік пен береке, мол игіліктер мен табыстар тілеймін! Аға ұрпақ кейінгіге үлгі көрсетіп, жақсы істерімен қуан­та берсін. Ал жастарымыз XXI ға­сыр­дың заманауи жетістіктерін иге­ру үшін оқуда озат, еңбекте алда болсын! Халқымыз да, Елбасымыз да аман-есен болып, ел Тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Абзал ЕРАЛИЕВ, Мәжі­ліс депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері