Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация 21-22 желтоқсанда Баку қаласында (Әзербайжан) өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) іс-шараларына қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Шара барысында Қазақстанның ТүркПА-ға төрағалығы аясында осы ұйымның жаңа әкімшілік кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Онда Мәжіліс Төрағасы сөз алып, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевке Баку қаласының төрінен бой көтерген бірегей ғимарат үшін ТүркПА-ның Іс басындағы төрағасы ретінде ұйым мүшелері атынан шынайы алғыс сезімін білдірді.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, осы маңызды оқиға ТүркПА елдерінің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған өте маңызды кезеңде өтіп отыр. Сонымен бірге, 1920 жылы Шығыс халықтарының тұңғыш съезі және биыл 90 жылдығын атап өткен тұңғыш түркологиялық съезд осы қалада өткенін еске алған Н.Нығматулин тарихи оқиғалар тоғысқан Бакуде бауырлас елдердің бас штаб-пәтерінің орналасуы айрықша маңызды екенін атап өтті. Өз сөзінде:
– Біз Әзербайжанда ТүркПА Хатшылығының жаңа офисін аштық. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған ТүркПА-ның жаңа белеске шығуының нақты көрсеткіші. Бұл Президентіміздің осы ұйымды құру жөніндегі идеясының маңыздылығын тағы да көрсетті. Сондықтан, алдағы уақытта ТүркПА елдері, соның ішінде, заң шығарушы органдар арасындағы әріптестік бұрынғыдан да тереңдей түсетін болады, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Биылғы басқосудың тағы бір ерекшелігі – ТүркПА-ның шешімімен Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдерінің президенттері «Еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
ТүркПА шаралары аясында Мәжіліс Төрағасы Әзербайжаннан, Түркиядан, Қырғызстаннан келген әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Исмаил Кахраменмен жүздесуі кезінде Мәжіліс Төрағасы, ең алдымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және өз атынан Ыстанбұл және Кайсері қалаларында орын алған лаңкестік салдарынан қайтыс болғандардың қайғысына ортақтасып көңіл айта келіп, Қазақстанның қандай түрде болса да лаңкестікті қатаң айыптайтындығын жеткізді.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Түрік Республикасының Президенті Режеп Ердоғанның 2015 жылғы Қазақстанға мемлекеттік сапары, сонымен бірге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға 2016 жылғы сәуірде және тамызда жасаған сапарлары екіжақты өзара байланысты жаңа деңгейге көтерді. Қазақ-түрік қатынасына жаңа серпін берді. Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин:
– Биылғы 15 шілдедегі әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейінгі ауыр жағдайдан Түркия үлкен абыроймен шықты. Түркия халқы бүкіл әлемге демократиялық ел екенін тағы бір дәлелдеді. Осы қиын күндерде біздің еліміз Түрік Республикасының заңды сайланған Президентін, Парламентін және Үкіметін қолдайтынын білдірді. Осы жағдайдан кейін Анкараға бірінші болып ресми сапар жасаған – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, – деді.
Өз кезегінде Исмаил Кахраман Қазақстанның биылғы жылы ТүркПА-ға төрағалығын өте жоғары бағалады. Одан әрі Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерді Астанада жүргізу мәселесіне назар аударған И. Кахраман:
– Бүгінгі күні Астана бітімгершілік мәселесінде айрықша рөл атқарады. Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі. Сондықтан, үнқатысу алаңы ретінде дәл Астананың таңдалуы өте ұтымды шешім деп есептеймін, – деді. Кездесу соңында Н.Нығматулин әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, сондай-ақ, Әзербайжан Милли Межлисінің төрағасы Октай Асадовпен және Қырғызстан Жогорку Кенешінің спикері Чыныбай Турсунбековпен кездесіп, парламентаралық байланыстарды нығайтуға серпін беру арқылы бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын тереңдетудің өзекті мәселелерін талқылады. Тараптардың пікірінше, парламентаралық өзара іс-қимылды тереңдету мемлекет басшыларының түрлі саладағы әріптестік келісімдерін тиімді жүзеге асыруға жол ашады.
Н.Нығматулин ТүркПА-ға мүше мемлекеттер келер жылы Қырғызстанның төрағалығы кезінде де басталған істі тиімді жалғастыратынына сенім білдірді.