WBA белбеуінің «уақытша» чемпионы қазақстандық Жанат Жақиянов 10 ақпан күні АҚШ-та WBA (Super) және IBO белбеулері үшін кездесу өткізеді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Бұл жолы 29 жастағы америкалық Раусхи Уорренмен жұдырықтасады. Ол бұған дейін 15 жекпе-жек өткізіп, 14-ін жеңіспен аяқтаған. Ал қазақстандық боксшы осымен 28-ші рет шаршы алаңға шығады. Бүгінге дейін 26 мәрте қарсыласынан басым түссе, біреуінде ғана есе жіберген.
Айта кетейік, Жақиянов бір жыл бойы жарақатына байланысты жекпе-жек өткізе алмағанына қарамастан WBA рейтингінде өз орнын сақтап қалды. Соңғы рет 2015 жылдың қараша айында төрешілердің шешімімен венесуалық Йонфрез Парехоны ұтып, «уақытша» белбеуді жеңіп алған.