«Жалтырбұлақ» компаниясы Қарағанды облысындағы Жалтырбұлақ кен орнында алтын кенін шоғырлы сілтісіздендіру қондырғылары кешенін және құрамында алтын бар кенді өңдеу модулін іске қосты. Бұл туралы «Интерфакс-Казахстан» хабарлайды.
«Алтын кенін өңдеу нәтижесінде құрамында 75% алтыны бар Доре қорытпасын алу көзделген. Бірегей дайын өнімді Қазақстанның Ұлттық банкі сатып алмақшы», – делінген хабарламада.
Жобаның жалпы құны – 3,4 млрд теңге, оның 2,4 млрд теңгесі дербес қаражат болса, 1 млрд теңгесі қарыз көздерінен тартылған. Кәсіпорын жылына 500 мыңнан астам кен өңдеуге қауқарлы. Дайын өнімді сату бойынша жылдық айналымы 2 млрд теңге шамасында.
Жалтырбұлақ жобасы 2010 жылы қолға алынған, нысанның құрылысы 2016 жылдың басында басталды. Жалтырбұлақ кен орнының геологиялық көлемі 20 шаршы шақырым, оның ішінде барланғаны – 1 шаршы шақырым.