Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметтің уақытында көрсетілуі, оның қолжетімділігі, сондай-ақ сапалылығы үшін жүйелі кешенді үлгі құрылымын қалыптастырып жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова хабарлады.
«Осы үлгіні жүзеге асыру үшін жалпы өлім-жітім себептерінің 52%-ын құрайтын аурулардың 5 негізгі нозологиясы бойынша (миокард инфаркты, ми қан айналымының бұзылуы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологиялары) жол карталары әзірленді. Әр жол картасы бойынша сырқаттың жай-күйіне, медициналық көмек көрсету сапасына, мамандар мен материалдық-техникалық ресурстардың қамтамасыз етілуіне бағалау жүргізілді. Осыған байланысты бірінші деңгейдегі БМСК (емханаларда) ұйымдарда барлық 5 бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинет ашылды», – деді Ақмарал Әлназарова.
Екінші деңгейде көмек көрсетуде ауыр экстрагенитальді аурулармен босанғандарға, жарақат алғандарға, инсульт алған науқастарға оңалту жұмыстарын жүргізу үшін реабилитациялық және қайта қалпына келтіру бөлімшелері ашылды. Барлық аудандық ауруханаларда ауданаралық травматологиялық бөлімшелерді медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың басынан бастап, қатерлі ісікке шалдыққан ауыр науқастардың өмірін ұзарту, күтуге бағытталған паллиативтік көмек көрсету үшін онкология орталығында 30 төсекке паллиативтік бөлімше (хоспис) ашылды және аудандық ауруханаларда арнайы 35 төсек-орын бөлінді.