• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Фильмдерді дубляждауда қазақ тілінің нормасы бекітіледі

288 рет
көрсетілді

Қазақфильм» аумағында арнайы экономикалық аймақты құруды жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов Астанада өткен «дөңгелек үстелде» ҚР «Кинематография туралы» заң жобасын таныстырды. Осы орайда шараға қатысушылар үшін саланы дамыту бойынша арнайы фильм көрсетілді. «Кинематографияны дамытудың басым бағыттары аясында «Қазақфильм» киностудиясы аумағында кинематографияны ұйымдастыру үшін арнайы экономикалық аймақты құру ескерілген. Салықтық жеңілдіктерді енгізу мен прокатты, фильмдер көрсетіліміне байланысты қызметтерді және жұмыстарды қосылған құн салығынан босату мәселесі қамтылып отыр», – деп атап өтілген таныстырылымда. Сонымен қатар заң жобасында фильмді дубляждау немесе субтитрлеу, кадр сыртында аудару кезінде мемлекеттік тілді пайдаланудың міндеттемесін бекітетін нормаларды қабылдау қарастырылған. Бұл құжатта телеарналарда қазақстандық киноны жарнамалау үшін эфир уақытын міндетті түрде бөлу нормасы да ескерілген. Жалпы, саланы дамыту жолында Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік қорын құру мен оның жанында Сарапшылық кеңесті жасақтау көзделіп отыр. Айта кетейік, заң жобасын әзірлеу бастамасы кинематография саласындағы құқықтық реттеу тиімділігін арттыру, қолданыстағы заңнамадағы және сабақтас салалардағы кемшіліктерді жою қажеттігімен бекітілді. Бұл құжатты қабылдау ұлттық киноөндірісті қолдауға, ұлттық фильмдердің прокаты және дистрибуциясы саласында қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ ел аумағында, әлемде қазақстандық киноның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделген бірқатар шараларды қамтиды.