• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2016

Мемлекеттік қызметшілер диктант жазды

401 рет
көрсетілді

Қазақ тілінің қадірін арттырып, көсегесінің көгеруіне іс қағаздары мен ресми құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуінің көмегі көп қой. Биылғы жылдың 9 айында Жамбыл облысы әкімінің аппаратынан, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінен жолданған шығыс құжаттары 100 пайыз мемлекеттік тілде орындалыпты. Тек, Сарысу ауданы әкімдігінен шыққан құжаттардың қазақ тіліндегісі 99,0 пайызды, Қордай – 97,0, Меркі – 95,0 пайызды құраған. Басқармалардың да барлығында дерлік бұл талаптың орындалуы 100 пайызды құрайды. Жамбыл облысындағы 7524 мемлекеттік қызметшінің 7242-і мемлекеттік тілді жетік меңгерген. 231-і оқып түсіне алатындар, ал 51 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Мемлекеттік тілді мүлдем меңгермеген қыз­метшілер негізінен Жамбыл облысы ішкі істер департаменті мен Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жұмыс атқарады екен. Сондай-ақ, Меркі, Мойынқұм  аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы жинақ папкалары мүлдем жоқ. Яғни, мемлекеттік бағдар­ламаның орындалуы барысында ауылдық округтермен жүргізілген жұмыс­тар туралы мәлімет жоқ деген сөз. Ал аудан, ауылдық округ әкім­дерінің қолдарымен жолдан­ған шығыс хаттарда өрескел грам­матикалық  қателер өріп жүр. Тіпті, жолданған хаттардың басым бөлігінде хаттың басы және соңы мемлекеттік тілде, негізгі мәтіні мен қо­сымша кестелері орыс тілінде жазыл­ғандары да болыпты. Осы ретте облыстағы мемле­кеттік қызметшілер арасында алғаш рет тіл сауаттылығын арттыру және орфографиялық тіл нормаларына мән беру, сауатты қоғам болудың маңыздылығына назар аудару мақсатында «Тіл сауаттылығы – басты міндет!» атты онлайн режімінде ашық жап­пай диктант жазу акциясы өт­кен. Бұл акцияға барлық ауда­н мен Тараз қаласынан 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қаты­сып, нәтижесінде үш-ақ қызметші барлық мәтінді қатесіз орындап, «5» деген баға алыпты. Сон­дай-ақ, 57 қызметшіге «4» деген баға, 161-іне «3» деген баға қойылған. Ал 447 қызметші, яғни қаты­сушы­лардың 67 пайызы «екілік» арқа­лап қайтқан. – Үш тілді оқыту курстарына 2347 тыңдаушы тартылған, – дейді Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева. – Ал мемлекеттік тілді оқыту курсында 1526  тың­даушы оқуда. Биыл тілдік орта қалыптастыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандық бөлімшелерде үш тіл бойынша (қазақ, орыс және ағылшын тілі) тыңдаушылар арасында қосымша үйірме жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда үйірмелерге жазылған тыңдау­шылардың саны – 284 адам. Бар­лық курстар аптасына бір рет жүр­гізіледі. Әйтсе де, тыңдау­шы­лардың оқыту курстарына қатысу деңгейі көңіл көншітпейді. Курстарға жазыла тұра, түрлі сылтаулармен толық аяқтамай, сабақ келесі күнге жылжытылып, оқыту мерзімі ұзартылуда. Осыған байланысты, мекеме басшылары тарапынан осы мәселеге назар аударып, оқу процесіне тыңдаушылардың толық қатысуын міндеттеу және ба­қылау жүргізу қажет деп санаймын. Қалай айтсақ та, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңей­ту, мәртебесін көтеру мен маңыз­ды­лығын кеңінен насихаттау жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Биыл тіл саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаражат 2012 жылмен салыстырғанда 46,3 пайызға өсті. Жамбыл облысындағы 87 этностан құралған 304 951 өзге ұлт өкілдерінің 61 пайызға жуығы – қазақ тілін еркін меңгергендер. Бұл өзге ұлт ұлыстарының мемлекеттік тілдің келешектегі толыққанды сұранысына сеніп, жарқын бола­шағына үміт артуының бірден-бір дәлелі болса керек. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы