Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланып жатқан күні Ақмола облысында алақай қуанышқа бөлеген 26 нәресте өмірге келді.
Желтоқсанның 16-жұлдызында жұртшылық 26 сәбидің бауы берік болсын деген тілек айтты. Нәрестелердің 13-і ер және 13-і қыз бала екендігі де жүрекке жылылық ұялатады.
Облыстық әділет басқармасынан алынған мәлімет те көңіл өсіреді. Онда үстіміздегі жылдың 20 желтоқсанына дейін өңірде 11832 нәресте дүние есігін ашқандығы хабарланған. Мұнда ұлдардың саны басымдау көрінді, яғни ұлдар 6108 болса, 5724 қыз бала шаңырақтарды шаттыққа бөледі.
Биылғы жылы туған сәбилерге ата-аналар Айару, Нұрислам, Батырхан, Арина, Кәусар, Айкүн, Айсұлтан, Жансұлтан есімдерін беріп жатыр. Ақмолалықтар халқымыз үшін аса қастерлі күні дүние есігін ашқан бөбектер Тәуелсіз еліміздің тұтқа ұстар азаматтары болады деп сенеді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы