• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2011

Тілейтініміз – тыныштық

365 рет
көрсетілді

Мен – Маңғыстау түбегінде туып-өсіп, ержетіп, басқа елге қо­­ныс аудармастан, аштық пен жоқ­шылықтың тауқыметін көр­гендердің бірімін. 1930-1937 жыл­­дар арасында Жетібай, Өзен, Сенек, Қауынды-Қорғанбай, Кендірлі жерлерін мекен еттік. Әкем Тұманбай сол кездегі «Фетисов» балықшылық колхозының мүше­сі болып қызмет жасады. Ол кездегі тұрмыстық жағдай өте ауыр болды. Үкімет тарапынан көмек көрсету, жәрдем беру деген жоқ еді. Тіршіліктің қамымен аң аулап, қозықұйрық, құмаршық, кей­­­бір дәні бар шөптерді теріп, тамақ үшін пай­даланған кездеріміз менің әлі көз алдымда. Аң терілерін ар­на­йы агент келіп қабылдап алады да, ақша орнына шай, темекі, басқа да күнделікті үйге қажетті тауарлар берумен шектелетін. Мі­­­неки, осындай қиын-қыстау кезде Ұлы Отан соғысы баста­лып кетіп, нағыз қиындыққа тап болдық. Ер-азаматтар түгелдей майданға аттанды. Елде қалған әйелдер мен бала-шаға, қарттар тіршіліктің қамы үшін еңбек етуге кірісті. Отан қорғаушы жау­ынгерлерді қажетті қару-жарақ­пен, азық-түлікпен қамтамасыз ету – ең басты міндеттердің бірі болды. Елдегі әйелдер өндіріс орындары мен ауылшаруашылық жұмыстарының әртүрлі салала­­­рында күн-түн демей, уақытпен санаспай, сегіз сағат жұмыс жасау орнына 12-14 сағат, ал кейбір соғысқа қажетті бұйымдар, қару-жарақтар шығаратын зауыттар мен фабрикалар 16 сағатқа дейін үзіліссіз жұмыс жасады. Бастан өткен осындай қиын­дықтарды қалайша ұмытарсың? Ол кезде ел ішінде ұрлық, әртүр­лі қылмыс жасаушылық, адам өл­тіру деген атымен жоқ бола­тын. Біздің жекеменшігімізде 2-3 ірілі-уақты түйеміз, бір есегіміз болды. Түйе сүтін көжеге қатық етіп күнелтіп, бір жерден екінші жерге қоныс аударғанда күш-кө­лік ретінде пайдаландық. Қыста киіз үйді қыстап шығамыз. Әкем Тұманбай әрі етікші, әрі шебер, әрі аңшылықты кәсіп ететін. Мені де аңшылыққа үйретті. Жыл сайын колхоздың балық ау­лаушы азаматтары мамыр айы­нан бастап Астрахань, Гурьев қаласына жақын Каспийдің суы тайыз аймағынан алты ай бой­ы­на елге оралмастан, жартылай әскери тәртіп бойынша балық аулап, армия қажетіне жөнелтумен күндіз-түні бірдей қызмет етті. Олардың артында қалған отб­а­сында кейбіреулерінің, болмаса көбінің малы жоқ болғандықтан, соғыс жылдарында ай сайын әр­бір жан басына арнайы кәртіш­ке­мен берілген 7 килограмм 200 грамм ұн олардың күнделікті қажетін қанағаттандыра алмады. Мінеки, осындай қиындықтарды өз көзіммен көріп отырған әкем, қақпан құрып қарақұйрық, басқа да аңдарды аулауға кірісті. Күн­ара әкелген қарақұйрық етін әр үйдің адам санына қарай бө­ліп беріп отырды. Ол кезде елде ақша жоқ, базар дегенді білмейтін едік. Біздің елді қарақұйрық етімен асыраудағы алатынымыз тек қана шексіз алғыс болатын. Сонымен қатар, әкем өзінің қо­лы­ның шеберлігімен сынған ыдыс-аяқтарын және тағы да басқа үй тұрмысына қажетті құ­ралдарын оңдап, желімдеп, шыр­мап, шелектерінің түбіне дейін салып беруші еді. Сондай-ақ аяқ киімдерін тігіп, жамап беру әкем­нің ең басты міндеттерінің бірі-тін. Осындай атқарған жұ­мыстары үшін не берсе де соған қанағаттанып қалатын. Әкем қартайып, жасы жетпістен асқан кезде, аяқ астынан ауырып 1944 жылы дүние салды. Артында жал­ғыз шешем қалып, 1946 жы­лы тұрмыс құруына тура келді. Зайыбым Жәудір екеуміз өмір­дің осындай ащы-тұщысын толық бастан өткерген отбасы­лар­дың біріміз. Құдайға шүкір, көрген өмірімізді қызықтаумен біреуден ілгері, біреуден кейін, барға қанағат етіп, біреуміз 86-ға, екіншіміз 85-ке келдік. 9 бала тәрбиелеп өсіріп, оларды тегіс аяқтандырдық. Қазір балала­ры­мыз әр салада өздерінің алған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Жәудір 30 жылдан астам ха­лыққа қызмет көрсету сала­сын­да үзбестен еңбек етіп, тұ­тынушылардың құрметіне бө­лен­ді, «Алтын алқа» иегері атан­ды. Ұлы Отан соғысы жыл­да­рын­дағы тылдағы еңбегі үшін «Же­­ңіс» медалімен марапаттал­ды. Мен өзім 1952 жылдан 1991 жылға дейін осы облыстың қара­мағында болып келген Шевченко және Маңғыстау аудандарында ішкі істер бөлімі, аудандық атқа­­­ру кеңес, партия комитеттері мен кәсіподақ ұйымдарын басқару жұмыстарында қызмет атқарып, 1986 жылы жасымның ұлғаюына байланысты зейнеткерлікке шы­ға отырып, содан кейін де ең­бектен қол үзбедім. 2007 жылға дейін Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқардым. Қа­зір де облыстағы ардагерлер ке­ңе­сінің мүшесі қатарындамын. Жоғары басқару орындарының тарапынан қоғамға сіңірген ең­бек­терім ескеріліп, алған алғыс хаттарым мен наградаларым бар­шылық. «Маңғыстау ауданының құрметті азаматы» деген атаққа да ие болдым. Құдайға шүкір, жарым екеуміздің Үкімет тара­пынан алатын зейнетақымыз да күнделікті тамағымызға жетіп жатыр. Қолымда балам Бауыр­жан мен келінім Ақмарал, 2 немерем бар. Менің айтайын деп отырған мәселелерімнің бірі – шет елдерде жүрген қандастарымыздың соң­ғы жылдары ата-бабала­ры­ның кіндік қаны тамған жерлеріне көптеп оралулары. Бұл жәйт біз сияқты ел ақсақалдарын қат­ты қуантады. Біздің тілейтініміз – еліміздің тыныштығы, әрбір отбасының амандығы, тұрмыста­ры­ның күннен күнге жақсара түсуі. 2005 жылдың бас кезінде Маңғыстау облысының әкімі Қы­рымбек Көшербаев облыс әкі­мінің жылдық атқарған жұмысы жөнінде тұрғындар алдында есеп берді. Мен ол кезде Маңғыстау ауданы ардагерлер кеңесінің төр­ағасы болып қоғамдық жұмыс атқарушы едім. Сол жиналыста маған сөз берді. Мен сөйлеген сөзімде үш мә­селеге басты назар аудару қажет­тігіне тоқталдым. Оның біріншісі – облыс көлеміндегі тұрғын­дар арасында өкпе ауруымен ауыратындардың көптігі. Екінші мәселе – облыс аумағында, әсіре­се, Ақтау қаласында жастар ара­сында жанжал, қақтығыс, төбе­лестің арта түсіп отырғандығы. Осының салдарынан студенттер мен жас жігіттер өлім-жітіміне жол берілуде және де адам өл­тірген қылмыскерлерді іздеп тау­ып, тексеруде орган қыз­мет­керлерінің тарапынан жүргізіліп келе жатқан тергеу жұмыстары жәбір көрушілердің орынды та­лаптарын қанағат­тандырмайды, дедім мен. Содан кейінгі айтқан ұсыныс-пікірім оралмандар та­қы­рыбына арналды. 1925-1937 жыл­дар аралығында ел ішінде орын алған қиындықтардан от­ба­сының аман-саулығы мен тіршілігі үшін бас сауғалап шетел асқан қандастарымыздың ата-ба­баларының туған жеріне қай­тып оралуы жөніндегі тілектерін, көшіп келіп, орна­ла­сып жатқандарды жақ­­сылап қарсы алумен қатар, олар­ға жер беру, үймен қамтамасыз ету, бас­қа да тұрмыстық-әлеу­мет­тік мә­се­лелерінің тұрақты ше­шіліп отырылуына басты назар аудару қажеттілігін көлденең тарттым. Менің айтқандарымды жиналыс­қа қатысып отырғандар бірауыз­дан қуаттап еді. Сол кезден бері қарай ал­ты жылдан астам уақыт өткен екен. Байқап отырсақ, біраз жұ­мыс­тардың іске асырылып келе жатқанын өздеріміздің күнделік­ті тұрмысымыздан айқын көріп отырмыз. Әрине, әркімнің ойла­ғанындай орындалуына әлі де мезгіл, мүмкіндік керек. Дегенмен, әрбір шаңырақ астында­ғы­лар­дың күнделікті тұрмыс-тір­ші­лігін ешкім де төмен деп айта алмайтын шығар. Жоғары орган­дардың алдына қойылатын та­лап­тың да орынды болғаны жөн емес пе? Егер біздер Маңғыстау облысының қарамағындағы ау­ыл, аудан, қалада тұратындардың тұрмыс деңгейін басқа облыс­та­ғы тұрғындармен салыстыратын болсақ, олардан жоғары болмаса, төмен емес екендігін көреміз. Қорытып айтқанда, құдайдың берісіне қанағат етейік. Жарлы байға, бай құдайға жетем деген астамшылық, негізсіз мақсатты алға тарту кімге қажет? Әрине, мүмкіндік болып жатса, жайлы тұрмыс үшін коттедж, көрнекті әсем үй салуды дұрыс делік, ал миллиондаған қаржыны шығын­дап, тым биік етіп там салуымыз дұрыс па? Немесе ас сондай-ақ, құдайы беру дастарқанын той дастарқанынан асырып жіберуі­міз­дің қаншалықты қажеті бар? Бұл, меніңше, Абайдың: «Орын­сыз бекер мал шашпақ», деген өлең жолдарын еске түсіретін құбылыс, асты босқа ысырап ету. Осы мәселелердің дұрыс-бұрыс­ты­ғын неге ақылға салып ойлас­пас­қа? Бұл сияқты көріністерді реттеуге көп болып үлес қосуды жөн көрер едім. Табиғаттың кез­дейсоқ апаттарынан кей елдерде қаншама адам баласы өмірден кетіп жатыр? Құдай елімізді та­би­ғаттың осындай кездейсоқ оқи­­ғалары мен апаттарынан сақ­тағай! «Сабыр түбі – сары ал­тын» деген ата-бабалардан келе жатқан қағиданы еш уақытта естен шығарып алмайық. Кемел ТҰМАНБАЕВ, еңбек ардагері. Маңғыстау облысы.