Электр қуатын алудың жолы сан түрлі. Мәселен, көмірді, мұнай мен табиғи газды және уранды пайдалану арқылы өндіру – бұл бұрыннан қалыптасқан әдіс. Сонымен бірге сарқырама мен ағын судан, жел мен күннен, тіпті қалдықты, ескі резеңке дөңгелекті жағу арқылы да электр энергиясын алуға болады.
Бүгінде Еуропа елдеріндегі электр энергиясы өндірісінде атом энергиясының үлесі 25 пайызды, көмір - 25 пайызды, табиғи газ - 25 пайызды, су энергиясы - 15 пайызды құрайды. Келесі көрсеткіш 4 және 3 пайызбен жел энергиясы мен мұнайдан алынатын электр қуатына тиесілі. Жапонияда электр энергиясын өндіру жиынтық көлемінің 28 пайызын көмір, 26 пайызын табиғи газ берсе, мұнай мен су көздерінен алынатын энергия 8 пайызға тең. Көршіміз Ресейде табиғи газ энергия өндірісінің 50 пайызын, көмір 16 пайызын, атом 17 пайызын, су энергиясы 15 пайызын қамтамасыз етеді. Ал, АҚШ-та электр энергиясының жиынтық өндірісінде көмірдің үлесі 36 пайыз,табиғи газ - 29 пайыз, атом - 21 пайыз болса, су электр станцияларынан алынатын көлем - 7 пайызды, желдің үлесі 4 пайызды, күн энергиясының үлесі 0,04 пайызды құрайды. Рас, электр энергетикасы өндірісінде энергия көздерінің құрылымы өңірдегі түрлі шектеулер және ресурстар көлемі, сондай-ақ жағырапиялық ерекшелігіне де байланысты. Мысалы, Бразилияда электр энергиясы өндірісінің 80 пайыздан астамын су электр станциялары береді.
Қазіргі күні Қазақстанда электр энергиясының 74 пайыздан артығы орталық және солтүстік аймақтардағы көмір кен орындарынан өндіріліп, оның 66 пайыздайы дәл сол индустриалды өңірлердің өзіндегі қажеттілікке жұмасалады. Ал оңтүстік өңірлерде энергия тұтыну оны өндіруден екі есеге дейін артып, қуат көзінің белгілі бір мөлшерін Өзбекстан мен Ресейден сатып алуға, Қырғызстанмен айырбас жасау арқылы импорттауға тура келіп отыр.
Энергетика министрлінің мәліметіне сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында еліміздегі көмір өндіруші кәсіпорындар 2,3 млрд.тонна көмір өндіріп, оның 600 млн.тоннадан артығы экспортқа шығарылса, қалған көлемі ішкі қажеттілікті өтеген. Еліміз көмірдің барланған қоры жағынан 8 орын алатыны белгілі. Десек те, көмір көзінің де таусылатын кезі болады. Қазба байлықты өндіру арқылы өндірісті ұлғайтудың өзі шығын мен үлкен тәуекелді қажет ететіндіктен әлемнің көптеген мемлектері жаңа жолды таңдап отыр. Ол энергияның баламалы түрлері, яғни, қалпына келетін, сарқылмайтын және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін энергия көздері.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ел халқына арнаған Жолдауында: «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар» деп қадап айтқан болатын. Иә, республика аумағының үлкендігі (2 724 902 шаршы шақырым) мен халықтың орналасу тығыздығының төмендігі (1 шаршы шақырымға 5 адамнан) секілді критерийлер де елді энергия қуатымен жүйелі түрде толықтай жабдықтауда тиімсіз көрсеткіштер беріп отыр.
Міне осы тиімсіздікті шешуге жергілікті өңірлердегі қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалану оң әсерін тигізе алады. Бұл тұрғыда оңтүстік өңірлердегі экологиялық таза энергия көздері ішкі нарықты артығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік берер еді. Мәселен, Қытайда жыл сайын энергия тапшылығы өсіп келеді. Қазақ жерінің үлкен бөлігі жазық әрі жартылай құрғақ өңірлер болғандықтан жел мен күн энергиясын өндіріп алуға қолайлы. Жоңғар қақпасы Жоңғар Алатауы мен Барлық тауының түйіскен жеріндегі әйгілі желді өзектен секундына 70 метрге дейін жететін жел соғады, бұл ТМД аумағы бойынша аса қуатты жел соғатын жер саналады. Сондай-ақ, оңтүстік аймақта алты ай жаздың ыстығындағы күн қуатын да есепке алыңыз. Орталық пен батыс өңірдегі жартылай құрғақшылық ауа райын қоссаңыз күн энергиясы батареяларын орналастырып пайдаланудың маңызы да зор.
Қазақстанның жел энергиясының қуатының мүмкіндігі жылына 929 млрд. килловатт/сағат деп есептелген. Қазақ жеріндегі желдің қуаты жылдық орташа қуаты секундына 7 метрден жоғары. Дегенмен 929 млрд. киловатт-сағатты бірден тұтас игеру мүмкін де емес, дамыған мемлектерде де бұл көрсеткіш жалпы энергия өндірісі көрсеткішінде 20 пайызға жетер жетпес. Қазіргі кезде еліміздің жалпы генерациясында жаңаратын энергия көздерінің үлесі 0,9 пайызды ғана құрап отыр. ҚР Энергетика министрлігі келтірген дерек бойынша 2015 жылы жаңаратын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 0,704 млрд. кВт-сағатты құраған. 2020 жылға дейін ел үкіметі 34 жел энергетика станциясы (1787 мегаватт қуатпен) жұмыс істейді деп жоспарлаған. Дегенмен желдің өзі тегін болғанымен оның энергетикалық жүйесі тегін емес. Алынған энегргияны тұтынушыға жеткізу, қондырғылардың бағасы біраз қаржы салуды талап етеді. Жел қондырғылары сияқты күн батареялары да үзіліспен жұмыс істейді. Бұлтты күндері, түнде ол қондырғылардан тұрақты түрде қажетті ток алу мүмкін емес. Жаңаратын энергия көздеріне көшудің қиындығы бір жағынан оның үлкен шығынды қажет ететіндігінде. Сол себепті одан алынатын қуаттың құны да қымбатқа түседі.
Дегенмен, көптеген мемлекеттер, оның ішінде біздің еліміз де салаға айтарлықтай мемлекеттік қолдау көрсетуде. Мәселен, 2016 жылы 1 кВт/сағатқа белгіленген тариф 25 теңгеге тең келеді. Энергетика министрілігінің жоспарынша, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңмен іске асырылып, 2020-2025 жылдардан кейін жаңаратын энергия көздері нысандарында электр энергиясын өндіру айтарлықтай арзандайтын болады. Жалпы, еліміздегі энергетика саласы инновациялық жаңалыққа мұқтаж. Егер Қазақстан энергетикалық жаңғыру бағытында өздігінен жаңа технологияны игере алмаса, дамыған мемлекеттердің технологиясын сатып алуға немесе көшіріп, үйренуге тура келмек. Қалпына келтірілетін энергия көздерін игерудің жүйелі негізі «Экспо-2017» көрмесінен кейін жасалуы да мүмкін. Көрменің арқасында елімізге дамушы елдердің осы саладағы жаңа технологиясы мен соңғы инновациялық жаңалығы келеді.
Бауыржан Сабырбеков, журналист