Қызметі Қазақстан Республикасы үшін жоғары практикалық әлеуетке ие перспективалы, бастамашыл, тәуекелді ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдарға, ғылыми ұжымдарға, ұйымдар мен компанияларға қаржылық қолдау көрcету болып табылатын «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы Ғылым қорының қаржылық қолдауы арқылы жүзеге асырылған инновациялық жобалардың жекелеген нәтижелерін жұртшылыққа таныстыруды одан әрі жалғастыруда.
Ғылым қоры барлығы 28000,3 млн. теңгені құрайтын 33 жобаны қаржыландырды. 22 жоба бойынша гранттар беру арқылы 250 миллион теңгеге қаржыландырылса, сомасы 2550,3 млн. теңге болатын 11 жобаны қайтарымды механизм бойынша қаржыландыру жүзеге асуда.
Қазіргі уақытта инновацияларды дамыту есебінен экономиканың өсуін қамтамасыз етуге бағытталған 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы елдегі инновациялық саясаттың басты бағдары болып табылады.
Агроөнеркәсіп кешені экономиканың басым секторларының бірі ретінде белгіленген осы аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін Ғылым қоры картоптың отандық элиталы тұқымдарын өндіруге инновациялық технологиялар енгізу жөніндегі жобаны қаржыландырды. Жобаны Алматы облысының Кербұлақ ауданының аумағында «Жолбарыс Агро» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС жүзеге асыруда.
Картоп біздің елімізде негізгі тамақ өнімдерінің бірі болып табылады және өзінің мәні жағынан наннан кейін екінші орын алады. Оның сыртында картоп тамақ, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіпте шикізат ретінде пайдаланылады, сол сияқты малдарды азықтандыру рационына да кіреді. Қазіргі уақытта аталған дақыл бойынша өндіріс алаңы республикада шамамен 155,7 мың гектарды құрайды.
Картоптан жоғары өнім алудың міндетті шарты оны өсірудің барлық агротехникалық әдістерін сақтай отырып, сапалы тұқымдық материалды пайдалану болып табылатыны белгілі. Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін қауырт арттырудың түбегейлі тәсілдерінің бірі жергілікті топырақтық-климаттық жағдайларға бейімделген жоғары өнімділікті сорттарды өндіріске енгізу болып табылатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
Өз кезегінде ел рыногына тұқымдық және тауарлық картопты негізгі жеткізіп беруші болып есептелетін Қазақстанның оңтүстік өңірінде сапалы тұқымдық материал санының жеткіліксіз болуы аталмыш жобаның көкейкестілігін мойындауға негіз болып табылды.
Сонымен бірге ауылшаруашылық өндірісіне вируссыз шағын түбірлі картоп алудың жеделдетілген технологиясын енгізу, картоптың сыртқы ортаның қолайсыз факторларына шыдамды жаңа сорттарын өсіру және шаруа (фермерлік) қожалықтарын элиталы тұқыммен қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру жолында ауыл шаруашылығы алдында бүгінде жаңа елеулі міндеттер тұр. Инновациялық технологияларды енгізу ауыл шаруашылығындағы басым бағыттардың біріне айналуда. Әлемдік тәжірибе ғылыми-техникалық прогрестің макро да, сол сияқты микродеңгейдегі де тиімді әлеуметтік-экономикалық жаңарулардың бірден-бір шынайы негізі болып табылатынын растап беріп отыр. Дегенмен, Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде ғылыми және іске енгізушілік саланы ұзақ жылдар бойы жете бағаламаушылықтың бар екендігі байқалады, ал ол ғылым мен техника дамуының тоқырауына, аграрлық ғылым беделінің жойылуына, АӨК салаларында ғылыми-техникалық прогресс қарқынының бәсеңсуіне, өндірілетін ғылыми-техникалық өнімдерге сұраныстың болмай қалуына әкеліп соқтырады.
Тұқымдық картоптың сапасын жақсарту үшін әзірленген технологияны енгізу және тауарлық картоптың өнімділігін арттыру үшін инвестициялар бірінші кезекте, қажетті лабораториялық жабдықтар мен приборлар сатып алуға бағытталды. Жаңа жабдықтар картоптың пробиркадағы вируссыз тұқымдық материалын алуға және көбейтуге, сол сияқты, вирусты инфекциялардан таза екендігіне және сертификаттау үшін талдаулар жасауға арналды.
Қазіргі күні лаборатория нағыз заманауи техникамен, жабдықтармен және приборлармен жарақтандырылған. Сапалы лабораториялық зерттеулер жүргізу үшін онда климаттық камера, жарық-культуралды бөлме, микробиологиялық бокстар, электрофоретті техника, термостаттар, талдамалық безбендер және тағы басқалар бар. Ол картоп өсімдігінің пробиркадағы вируссыз шағын түбірлерін алуға, түбірлерге вирусты инфекциялардың бар-жоғына тексерулер жүргізуге, вируссыз түбірлерді шаруашылық-құндылық сапалары бойынша іріктеуге мүмкіндіктер береді.
Сол сияқты, ұсынылып отырған технологияны толықтай жүзеге асырып, энергия шығындарын қысқарту, адам ресурстарын босату үшін Германияның әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, картоп өңдейтін қазіргі заманғы ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Неміс техникасының тәсілдер қолдануда өзінің үнемділігі және тиімділігі жағынан айтарлықтай ерекшеліктері бар. Мәселен, төрт қатарлы жал салушы фреза (соқатіс) бір жүріп өткенде қопсыту, тырмалау, малалау және арам шөппен күрес сияқты төрт операцияны бірден жүзеге асырады. Картоп отырғызғыш түбірлердің дәлме-дәл түсуін қамтамасыз етіп, картоп өсімдігінің кепілді жиілікте өсуіне жағдай жасайды. Картоп жинайтын комбайн бір еңбек күнінде 40 жұмысшыны алмастырады. Автоматты режімде бақылай отырып, картопты сорттайтын және сақтайтын әрі сақтау үшін жағдайлар туғызатын жабдық тұқымдық материалдың жоғары дәрежеде сақталуын қамтамасыз етеді.
«Жолбарыс Агро» ЖШС-нің аталған инновациялық технологияны жүзеге асыру барысында енгізген картопты өңдеудегі тамшылата суару әдісіне айрықша тоқтала кеткім келеді. Топыраққа отырғызылған түбірлерді суару үшін өсіп келе жатқан өсімдікті жаз айы ішінде бірнеше рет бүркіп шығуда дәстүрлі түрде жаңбырлатқыш қондырғы қолданылады. Суарудан соң топырақтың тығыздалып, топырақта қатты қабаттың пайда болуынан келесі суарулар кезінде судың барған сайын өсімдік тамырларына нашар жететіні белгілі. Оның үстіне тығыздалған топырақта аэрация нашарлап, пайдалы микроорганизмдердің өмір сүру қабілеті баяулайды, өсімдік үшін қажетті көмір қышқылын бөлу азаяды. Сондықтан әрбір суарудан кейін топырақты қопсытып тұру қажет.
Тамшылатып суарудың жалпы суарудан ерекшелігі сол, онда суды құбыр жүйесін (резеңке шлангі) пайдалану арқылы мөлшерлеп және әр түпке жеке-жеке апаруға мүмкіндік туады. Технология су шығындауда анағұрлым үнемді және қуатты аз қажет етеді. Оның сыртында мұндай технологияны пайдалану барысында жердегі судың ластануының алды алынады, яғни топырақтың екінші рет тұздалуына жағдай жасалмайды.
Осылайша, қолданылып отырған тамшылата суару технологиясы прогрессивті, су үнемдегіш және экономикалық тиімді тәсіл болып табылады.
Инновациялық технологияларды пайдалану нәтижесінде үстіміздегі жылы элиталы тұқымдық картоптан 450 тонна, тауарлық картоптан 650 тонна көлемінде өнім алу жоспарланып отыр. Ал ол өңірді отандық тұқымдық және экологиялық таза тауарлық картоппен қамтамасыз етуге жағдай жасамақ.
Түпкі материалдан алынған, мемлекеттік стандарттар мен тұқым шаруашылығында қабылданған басқа да нормативтерге сәйкес келетін тұқымдық материал элиталы тұқымдық картоп болып табылады.
Картоптың түбірлерінің өнімділігіне зерттеулер мен талдаулар жасау барысында картоп түбірлерінде крахмал құрамының артқандығы, сондай-ақ әр түптегі түбірлер санының көбейгендігі анықталды.
Өндірілген картопқа өнімнің СТ РК 1179 талаптарына сәйкес келетін азық-түлік өнімдері қауіпсіздігі менеджменті жүйесінің сертификаты алынды. «Жолбарыс Агро» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС аттестациялау туралы куәлік алып, соған сәйкес оған картоп өсіру жөніндегі элиталы-тұқым шаруашылығы мәртебесі берілді.
Осылайша, «Жолбарыс Агро» ЖШС бүгіннің өзінде бәсекеге қабілетті лайықты өнімімен рынокқа шығуға дайын. Өзіңді Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері рыногында табысты көрсете білу элита өсірушілердің, тұқым шаруашылықтарының, фермерлік және шаруа қожалықтарының, сондай-ақ жеке тұтынушылардың әлеуетті тұтынушылар болып шығуы мүмкін өз өнімдеріңді өткізетін әлеуетті көздер табу үшін қажет.
Отандық рыноктардың шетелдік тауарлар үшін ашықтығы жағдайында экономиканы ішкі рынокта бәсекеге қабілетті жаңа буын тауарларын өндіру бағытына модернизациялау және бағдарлау арқылы ғана Қазақстан экономикасын сенімді және тұрақты түрде көтеруге болады. Шығарылып отырған элиталы тұқымдық және тауарлық картоп өнімі көптеген деңгейде осы талаптарға жауап береді.
Осыған байланысты Ғылым қоры, аталмыш зерттеуге қолдау көрсеткен инновациялық даму институты ретінде, өндірілген өнімнің өз тұтынушысын табуына ұмтылып, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды инновациялық өнімдердің қазақстандық рыноктан өз орнын табуына ықпал жасауға шақырады.
Сансызбай ЖОЛДАСБАЕВ, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы.