• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Тәжірибе алмасудан жалықпаймыз

184 рет
көрсетілді

Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз. Бауыржан МОМЫШҰЛЫ Ауылды жерлердегі бала саны аз шағын мектептердің тарихы еліміздегі экономикалық өзге­рістерге тікелей байланыс­ты. 90-шы жылдары ауыл шаруа­шы­лығына жүргізілген реформадан кейін кеңшарлар тараған соң, ішкі миграция орын алды. Елдің ауылдан қалаға, ірі орталықтарға қарай көшуі жиіледі. Жұрт көшкен соң ауылда бала саны да азайды. Осындай себептермен қазір Жаңақала ауылындағы Қараторғай орта мектебінде барлығы 75 бала білім алады. Бұрын кеңшардың бөлімшесі болған ауыл ғой, ол орталығымыз болып саналатын Арқалық қаласынан 98 шақырым жерде орналасқан. Облыс орта­лығынан да, Арқалықтан да қашық екен­біз деп, баланың біліміне қ­а­лай болса солай қарай алмаймыз. Бала саны аз шағын мектептер жалпы өңірдің білім сала­сындағы өзекті мәселе болып табылады. Бұл ішкі миграциямен, экономикалық-әлеуметтік жағдайлармен байланысты кө­рініс. Оған дәл қазір жасар амал жоқ. Сондықтан ұстаздар қауымы балалар білімін ортайтпау, көштен қалмау үшін негізінен өзіміздің біліктілігімізге иек артып отырамыз. Мектептегі бастауыш сынып­тарда – 27, ал 5-11 сыныптарда 48 оқушы оқиды. Сонымен қатар даярлық сыныпқа 4 бала, шағын орталыққа 25 бала барып жүр. Олар да ертең мектеп сыныптарын толықтырады деген үмітіміз бар. Шағын жинақталған мектептегі басты қиыншылық баланың аздығынан туындайды ғой. Біз 2 және 4-ші сыныптарды, 5-ші және 6-шы сыныптарды біріктіріп оқытамыз. Бұл балаға да, мұғалімге де жеңіл емес. Ал­ғашқы кездері мұғалімдер тіпті шаршап, сабақтың нәтижесі де онша болмай жүрді. Расында, айналдырған 45 минутты екі түрлі сыныптың бағдарламасына бөлу оқушыларға да оңай соқпайды. Біз түрлі тәжірибе де жасап көрдік, екі сыныпты біріктірмей, бөлек те оқытып жүрдік. Алайда, айнал­дырған екі балаға сабақ өту де оншалықты нәтижелі бол­майды екен. Халқымызда «ба­ла балаға қарап өседі» деген сөз­дің растығына көзіміз жетті. Алғашқы жылдары мұғалімдер біріктірілген сабақты мойындамай, бір бала отырса да әр пән­ді бөлек өткізуді де ойлады. Ол үшін мұғалім артық ақы да алмайтын. Бұл да тығырықтан шығудың жолы емес екеніне көзіміз жетті. Сондықтан ұстаздар қауымы біріккен сыныптардағы әдістемені жаңғырту, жетілдіру ісіне кірістік. Мектепте ылғи тал­қылап, тәжірибемізбен бөлісуден, бір-бірімізге үйретуден жалық­падық. Ізденісіміз көп болды. Қазір мектепте бұрыннан қызмет етіп келе жатқан ұстаздар сыныптарды біріктіріп оқыту әдіс­темесін жақсы деңгейде мең­герген. Жыл сайын мектепке келген жас мамандарды алды­мен осы біріктіріп оқыту тәжіри­бесін меңгеруге үйретеміз, бейімдейміз. Институттан жақсы оқып келгенмен жастарды бұл іске тәжірибе ғана ширатады. Балалар саны аз шағын жинақ­талған мектептердегі проб­лемалар ортақ болғаннан кейін, мен 2010 жылы облыста өткен семинарда біріктірілген сыныптардағы сабақ туралы тәжірибемді талдап көрсеттім. Онан кейінгі жылдары Арқалық ма­ңындағы мектептер үшін де қалалық семинарларға қатысып, тәжірибе бөлісіп жүрдік. Тағы бір айтарым, біріккен сыныптарда өткізілген пәндерді игеруге балалар да талпынады, көн­дігеді. Сабақтан бос кезде оны тереңдеп игеруге тырысады. Мұғал­імдер біріккен сабақтарда көбіне оқушының өзін сөйлетуге, ойлануға итермелейді. Мұның өзі екі сынып оқушыларына бағ­дар­ламаны игеру үшін 45 минутты жеткізуде көмегі бар, соны­мен қатар баланың өз бетімен ізде­нуі­не машықтандырады, үйре­теді. Ауылдағы балалар саны же­тім­сіз шағын мектептердегі бі­ріккен сыныптарда сабақтың сапасы жоғары болуы үшін кабинеттер, интерактивті тақталар, компьютерлер секілді қазіргі заманғы жетілдірілген құралдар болғаны ләзім. Бұл 45 минут бойы мұғалімнің аузына қарап отырмай, баланың өз бетінше ой­лануына, ізденуіне көбірек мүмкіндік береді. Біздің мектепте биология кабинеті жасақталған. Интерактивті тақта, компьютер, интернет бар. Дегенмен, мектептегі білім сапасының деңгейі алдымен мұғалім біліктілігіне тікелей байланысты. Мұны саналы ғұмырым мектепте өтіп, бала оқытумен келе жатқан соң өмірлік тәжірибемнен білемін. Сондықтан ұстаздар қауы­мының жұмысы нағыз шығар­машылықпен тең дер едім. Олар ізденгенде, білімін көтеріп отырғанда ғана бағдарламаны балаға жеткізе алады. Әдістеме талабы осылай екен деп, бар салмақты баланың өзіне салып қою да артық кету деп білеміз. Сондықтан ұстаздар қауымына әр 45 минут сын сағаты секілді. Мен өз мектебімізде тек мұғалімдер біліктілігіне сенемін. Мектепте 21 мұғалім қызмет істейді, соның 17-нің жоғары білімі бар, қалған төртеуі колледж бітір­ген. Олардың арасында жоғары, бірінші, екінші санатты мұ­ғалімдер де бар. Балаға білім­нің негізі бастауыш сыныпта қала­нады. Оқушының білімге ынтасын, қабілетін осы сыныптарда аша білу керек. Бастауыш сынып мұғалімдері Орынша Омарова, Шынар Әбділдина осы жолда нағыз тер төккен ұстаздар деп білемін. Балалар саны аз мектептер негізінен алыс ауылдарда орна­ласқан, оларда сағат саны аз болған соң, жастар жағы келе бермейді. Қазіргі күні химия және музыка пәнінен мамандар болмай отыр. Мұның өзі ауыл мектебіне оңай тиіп отырған жоқ. Химия сабағын физика пәнінің мұғалімі өткізеді, ұстаздың біліктілігі ар­қа­сында тығырықтан жол тап­қандаймыз. Біздің түлектер жыл сайын жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түседі. Ауыл­да оқуын жалғастыра алмай қалған түлек жоқ, барлығы да мамандық алып жатыр. Бұл мектеп берген білімнің деңгейін көрсетеді. Мұғалім біліктілігі ба­ланың қалып­тасуына, өмірде өз жолын адаспай табуына да ықпал етеді. Ұстазды сол үшін де ұлық көреміз. Жүрсін БАЙГӨКИНА, Қараторғай орта мектебінің директоры Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Жаңақала ауылы