• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Қошеметті сұрамас болар

452 рет
көрсетілді

Айтайын демейсің, бірақ кейбір жайлар айтпасыңа қойдырмайды екен. Соңғы кездері базбір әншілер сахнаға шығып, ән салып тұрған кезде: «Қошемет қайда, қошемет? Неге естілмейді?» деп жиі айтатын болды. Залда отырған тың­дар­мандарды қайдам, «сырт көз – сыншы» дегендей, концертті естіп отырған біздерге бұл қылықтары біртүрлі ерсі болып көрінетінін несіне жасырайық. Біреуден қошеметті қызғанғанымыз емес, шындығында солай емес пе, ағайын? Кейде өзіне өзі шапалақ соғып, сахнаның мына бұрышынан ана шетіне әй-шәй жоқ жүгіріп, қазақы тәрбиемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қайдағы бір шетелдің әншісымақтарына ұқсап баққысы келетін ондайлардың ұнамсыз кейіптеріне қарадай қарның ашады-ақ. Осы біз бар ғой, сахна мәдениетіне мән бермейтін болып алдық.  Байсалды, сали­қалы әуенде шырқалуға тиісті әнді орындап тұрғанда кей сабаз­дардың жарыққа соғылған көбе­лектей қаңғалақтай беретініне қанымыз қайнап бітті. Сүйікті эстрадалық топтары мен әншілерінің соңынан тұра жүгір­генде тәртіп сақшылары қорға­нын бұзып-жарып, естерінен танып жататын шетелдегі жан­күйерлердің жағдайы мен біздегі қалыптың, ол жақтағы құндылық пен мұндағы өмірдің арасы жер мен көктей екенін бұл шіркіндер неге ұқпайды екен осы? Еуропа мен Батысқа қанша жерден еліктеп-солықтағанмен қазақ әншісі ол елдерді таңғалдыра алмайтынын түсінсін дегендіктен іштегі жанайқайды көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік. Әншіге тек дауыстың болуы жеткіліксіз, ол алдымен, сахна мәдениетін, хореографияны  меңгерген, көпшіліктің алдында өзін қалай ұстау әдебін оқып-үйренген жан болғаны абзал. Жүздеп, мыңдап адамдар жиналатын алаңдарда өнер көрсетіп үйренген шетелдік жұлдыздардың өз жанкүйерлеріне: «Қолдарыңды соғыңдар, маған қолдау көрсетіңдер», – деп ілтипат-қошеметті қарызға сұрап алған сәтін ешқашан естіген де, көрген де емеспіз. Әнің тыңдарманның жүрегіне жетіп жатса, олар сен айтқызбай-ақ, ризашылығын білдіріп, өнерпазды қошеметтеп, қол соғып жатады ғой. Әншілеріміздің көп болғанына, сахнада жарқырап, халықтың құрметіне бөленіп жүргеніне қуанамыз, әрине. Алайда, әлгіндей «әттеген-айға» орын бермей, сахна әдебін сақтап жүргеніміз дұрыс қой деймін. Жоғарыда айтылғандар – менің жеке өзімнің пікірім. Бәлкім, онымен біреу келісер, біреулер мұнымды қош көрмес. Менікі бар болғаны ортаға ой тастау ғана еді. Ендеше, пікірімді көпшілік дұрыс түсінер деп ойлаймын. Қошеметті сұрамас болар. Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ, зейнеткер Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы