• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Сәбилерге тарту

135 рет
көрсетілді

Қайырымдылық көмек аясында Болат Өтемұратовтың «Асыл мирас» қайырымдылық қоры Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығына өмірлік маңызға ие жаңа жабдықтар табыстады. Атап айтар болсақ, қайырым­дылық қоры нәрестелерге ин­тенсивті терапия жасайтын бө­лімшеге 2 электрлік аспира­ция­лық сорғыны, орталықтан­ды­рылған медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған қондырғыны, нәресте өкпесіндегі ауаны жасанды жолмен алмастыратын аппарат пен фототерапияға арналған 4 шамды табыс етті. – Бүгін біздің Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығына табыс­тап отырған жабдықтар кешені шала туған нәрестелерге жоғары сапалы медициналық көмек көрсету, оларға күтім жасау үшін аса қажет. Ана мен бала өмі­­рі­нің денсаулығын сақтауға кішігірім болса да үлес қосып отырғанымызға қуаныштымыз және де бұл біз үшін үлкен құр­мет, – деді «Асыл мирас» қайы­рым­дылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов. Иә, аталған орталық Қазақ­станда акушерлік-гинеколо­гиялық және перинаталдық қызметті үйлестіретін ғылыми-зерттеу, емдік, білім беретін жетекші ұйым болып табылады. Ғылыми орталықтың негізгі қызметі перинаталдық медицина, жоғары қауіп-қатер тобына жататын жүкті әйелдерді босандыру, әйелдердің репро­дуктивтік денсаулығын сақтау, перинаталдық және аналар арасындағы ауру-сырқау мен өлім-жітім көрсеткішін тө­мен­дету мәселелерін шешуге бағытталған. Орталықта жыл сайын 7 мыңнан аса емделушіге, соның ішінде жоғары қауіп-қатер тобына жататын 3 мыңға жуық нәрестеге медициналық көмек көрсетеді. Оңалту бөлімшесінде дене салмағы айрықша аз және жеткіліксіз 350-ге дейін нәрестеге ем жасалды. Республикада «Ана атанудың қауіпсіз жолы», «Нәрес­телерді оңалту», «Шала туған нәрестелерге күтім жасау» секілді тиімді көмек көрсету технологиялары ендірілуде. «Асыл мирас» қорының ар­қасында осы бағдарламаның нәтижелі қызмет көрсетіп, жүз­деген баланың өмірін аман сақтап қалуға көмектесетін жаңа жабдық сатып алынды», деді баспасөз мәслихатында Аку­шерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталы­ғының директоры, медицина ғылымдарының докторы Ләззат Ақтаева. Айта кету керек, Болат Өте­мұ­ратовтың «Асыл мирас» қайы­рымдылық қорының негізі 2014 жылы қаланған. Қордың мақсаты – бала мен оның отбасы­ның өмір сүру сапасына, тұл­ға болып қалыптасуына және соның нәти­жесінде бүкіл мемлекетіміздің табысты дамуына үлес қосу. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ