• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріледі

256 рет
көрсетілді

2017 жылдан бастап көктемгі далалық жұмыстарға берілетін несие жылдық 3 пайызға дейін азайтылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова мәлімдеді. Оның айтуынша, өсімдік өсіру өнімдерін тиімді дамыту мақ­са­тында өнімді қайта өңдеу және өт­кізу инфрақұрылымына байланыс­тыра отырып, өндіріс­терді өңірлік мамандандыру қамтамасыз етілетін болады. «Бұл мақсатта өнімді сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын салу, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ жоғары репродукциялы тұқым өндіру және пайдалану қолға алынатын болады, соның арқасында мол астық және сапалы өнім алуға мүмкіндік туады», – деп мәлімдеді А.Қажыбекова. Сондай-ақ, департамент директоры өсімдік өсіру саласындағы басты өзгеріс гектар бойынша субсидиялаудан қайта өңдеуге берілген өнімді субсидиялауға өту екенін атап өтті. «Қайта өңделетін майлы дақыл мен қант қызылшасын субсидиялау қайта өңдейтін кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын арттыруға ықпал етеді», – деді ол. Бұдан бөлек, көктемгі егіс жұ­мыстарына арналған несие дән­ді дақылдардан басқа, картоп, көк­өнiс-бақша, майлы және басқа да дақылдарды егуге беріледі. А.Қажыбекованың айтуынша, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың қаржы ұйым­дары арқылы берілетін несиелер бойынша тиімді пайыздық мөлшерлемені белгілеу жоспарлануда. «Мәселен, келесі жылдан бас­тап көктемгі-далалық жұмыстарға арналған несие соңғы тұтынушы үшін 3 пайыздық жылдық мөл­шерлемемен беріледі», – деді департамент директоры. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»