• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Шәкәрім: салауаттылық тағылымы

907 рет
көрсетілді

Адамның жан және тән саулығы туралы ежелден қалыптасқан пайымдаулар халқымыздың салауатты ғұмыр, қан тазалығы, ұрпақ тәрбиелеу сияқты келелі мәселелерге атүсті қарамағанын көрсетеді. «Тәні саудың – жаны сау» дейді бабаларымыз. Ұлттық болмысымыздың осы қыры Шәкәрім Құдайбердіұлының көзқарастары мен пәлсапалық ой-түйіндерінде жиі кездеседі. Қазір өзімізге арқау етіп жүрген салауаттылық мәселелерін терең ой, келісті тілмен суреттейтін ақын адамның жаны мен дене тәрбиесін егіз ұғым ретінде қарайды. Бұлардың бірінен-бірін ажыратуға болмайды, бірін-бірі толықтырып тұрғанда ғана толыққанды адам көрінеді деген ойды зердеңе құйып береді. «Үш анық» трактатында Шәкәрім былай дейді: «Жан, рух ... сөзі мынау – дененің арасы сезімнің орта тұрағы, центрі мида, ол тоқтаса бәрі де тоқтайды. Сол мидағы орта тұрақпен мұқым денелер арасындағы сезетін, қимылдайтын, тамыр-сіңірлерге тұтастыратын бір жалғастық (проволока) бар. Сондықтан жан деген бөлек нәрсе жоқ. Егер жан бар болса, ми жан болар еді. Оның жан емес екендігін көріп-біліп тұрамыз. ... Дене өледі, өзгереді. Жан олай емес, екеуі бірігіп тұрған кезде бір-біріне қатты әсер береді. Ашу, жек көру, сүю сияқтыларда әсері бетке шығады. Жан қатты әсерленсе, денені қиыншылыққа түсіреді». Қазір мектептерде оқытылып жүрген салауттылық (Валеология пәні) сабақтарында стресс, психологиялық күйзелу, оның адамға тигізетін әсері туралы мәселелер Шәкәрімнің осы ойымен сабақтаса үндесіп жатыр. «Кейде қапиядағы қатты қуаныш, қорқыныш, қайғы адамды өлтіріп те жібереді. Жан мен дене біріне-бірі жат, бөлек жарған болса да, бірігіп тұрғанда осылай бір-біріне әсер береді» дейді ғұлама. Адам өзінің ішкі жан толқынысын тежеп, меңгере алмаса, тәрбиелей білмесе, өзіне-өзі зияндылық жасайды. Ал ол жинала келе, түбінде  ағзаның тозуы шегіне жетіп, үзіліп тынуы әбден мүмкін. Бүгінгі денсаулық ілімінің де айтары осы. Толыққанды салауатты өмір сүрудің әліппесі ми мен мінез-құлықтан бастау алатынын Шәкәрім пайымдауларынан айқын аңғарасыз. Қозғалыс-қимылсыз, әрекетсіз адам – өз саулығының жауы, өзін-өзі сырқаттың құрығына байлап береді. «Біз семірттік денені азықпенен, Байлап беріп жанды оған қазықпенен. Ұйқы, тамақ  күйлеген сорлы дене, Құтылар ма осындай жазықпенен. Жалқау тірі болғанмен өлгенге есеп, Білімнің кеселі жоқ мұнан кесек. Білімсіз, әрекетсіз, еріншекті, Күнаһар да болмаспыз өлі десек», дейді ол «Жан менен дене һәм көңіл» атты өлеңінде. Ақын ас ішіп, аяқ босатар, жатыпішер жалқаулықтың рух, жан және дене әрекетін тежейтін парықсыз көрінісін өте дәл бейнелеген. Адам денсаулығының кепілі – сергек ұйқы, қимыл менен қанағат. Шәкәрім түйсігі «әрекетсіз, еріншектікті» өлген жанмен бірдей көреді. Сол түйінді ой «Хайуан мен ақымақтар»  өлеңінде былайша жалғасады: «Бұл сөзге біреу мәңгүрт, біреу нанды, Ақылмен білген адам әбден қанды. Жел мен су, тас, топырақ, көк пен ағаш ... Ғаламда не болса да бәрі жанды». Ой мен санаға сәуле түсіретін салауаттылық тағылымы Шәкәрімнің көптеген өлеңдерінде алтын арқау болып өрілген. Адам баласы өмірге келген соң тіршіліктің нұры мен шуағына шомылып, шат-шадыман, сұлу сезімді бойына құйып, жадырап ғұмыр кешуге ұмтылады. Бірақ жақсылық пен жамандық қатар келіп, жан мен дене сол екеуіне кезек бағынады. Ақын пәлсапасындағы салыстыра, шендестіріле суреттелетін осындай көріністер еріксіз мұңға батырады, тірліктің мәні мен мағынасын, жарық дүниенің қымбаттылығын танытады. «Өмірдің басы – бала, ортасы – адам, Қартайып шал болған соң кетті шамаң», - дейді ақын. Немесе: «Адамзат өзін-өзі сынау керек, Тазалап, әділдікті ұнау керек ...» деп толғанады. Мағынасы – мәнді ғұмыр. Ал ол адамның жан дүниесі мен дене саулығына негізделген. Ақынның өмірдің нұрлы бейнесін, көктемдегі ғажайып мезгілді суреттейтін өлеңі бар. Адамға күш-қуат беретін табиғат ерекшелігін мөлдіретіп көз алдыңа әкеледі. Бетіме жылы тиеді Күнгейдегі күншуақ. Жан жылыны сүйеді, Жанға рахат осы сәт. Өлі жердің сүйегін, Тірілтті жайнап жапырақ... Күнгейдегі шуақ, тірілген жапырақ – нағыз тіршіліктің көрінісі. Қаныңды қыздыратын жас өмір, қайнаған тіршілік күйі адам жанын дүр сілкіндіреді. Күнге алақан жайған баладай жайнаған әлем – салауатты ғұмырдың табалдырығы. Ары қарай жасқанбай қадам басып, жарық дүниеде ғұмырың жеткенше иманды жолдан айныма. Иман  – ол тазалық. Жан мен дене, рух тазалығы, міне осылар жұмыр басты пендені дүниенің бір бөлшегі ретінде толыққанды өмір сүруге бағыттайды. Шәкәрімнің салауаттылық туралы көзқарастары осындай мағынасы терең мәселеге үңілуді меңзейді. Адамдар арасындағы қарапайым пенделік қатынастардың, кең пейіл, ыстық ықылас, адал көңілдің өмірді жайнатып жіберерлік құдіреті барына қаныға түсесіз. Сондай бір сәтке көз салып қараңызшы: Амандаса келісіп, Бір бағланды сойғызар. Кел деп аяқ берісіп, Қымызға әбден тойғызар. Тері жадырап жайылды, Дене балқып, бой қызар. Қайғы менен уайымды Ойлауды да қойғызар. Ақ ниет, адал ас пенде жанын марқайтып, адамды тоқ етеді, мінез-құлықтың кілт етпе кірлеуік астарын шайы орамал кепкендей тазартып, жадыратып жібереді. Бұл, түптеп келгенде, дене мен жан саулығына әсер ететін факторлар. Салауаттылық сабақтарында ғылыми және теориялық тұрғыда негізделетін мәселелер өлеңнің нәзік те жұмбақ иірімдерімен қалтқысыз өрнектелген. Бүгінде адам баласын айықпас дертке ұрындырып, өміріне қатер төндіретін арақ пен есіртке тауқыметін заманында ақын тап басып көре білген.  Сол жаман әдеттерге желіккен құмарлықта тоқтау жоқ екендігін ашына айтып, өзгелерге ой салады. ... Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас, Жылқы ұрлаған батыр боп о да елірмей, Бір рюмкеден басталар маскүнемдік, Наша үстіне нашаға өрлей-өрлей. Ойласаң соның бәрі бір құмарлық, Қуа бермей қайтеді, тепши-терлей... Ұрлық-қарлықты, арақ-шарап пен наша буыны елірудің бәрі адамның өзін-өзі ұстай алмауына, арсыз құмарлыққа соқтырып,  сенделтіп қоятынын, ақыры ондай адамдар өзіне де, өзгелерге де қайғы-уайым әкелетінін осы жолдардан-ақ сезінесің. Жанына имандылықты нәсіп еткен ойшыл, ғұлама философтың осындай келеңсіздіктерді көріп қиналуы, жалпы қазақ қоғамының басында бар өзге де тауқыметтер Шәкәрім бабамыздың «Мұсылмандық шарты» сияқты діни еңбекті жазуына  себекер болғандай. Оның: «Оқығандарыңыз кітаптан, оқымағандарыңыз молдалардан естіп- білген шығарсыздар. Олай болса, біздің қазақ халқының өз тілімен жазылған кітап жоқ болған соң, араб, парсы кітабын білмек түгіл, ноғай тілінде жазылған кітаптарды да анықтап ұға алған жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себептен иман-ғибадат турасын шамам келгенше қазақ тілінде жазайын деп ойладым. Бұл кітап әрбір қазақ оқуға оңай болып, әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап болар ма екен деп... үміт еттім» деуі сондықтан. Ақынның ақ-адал тірлікті, адами ақ жолды, иман ғибадатын баршаға насихат етуден туған ізгі ниетін осы жолдардан айқын танисыз. «Оның... дүниетанымы исламияттың шеңберіне сыймайды» деп белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов айтқандай, Шәкәрім Құдайбердіұлы жалпы адами құндылықтарды шығармаларына өзек етсе, соның ішінде салауаттылық мәселесіне жиі оралып отырған. Және ол ойларының бәрі де бүгінгі күннің проблемаларына дөп түсіп отырады. Ендеше, мектептердегі салауаттылық сабақтарына Шәкәрімнің осындай тағылымын арқау етудің тәрбиелік те танымдық мәні үлкен болмақ. Сағила Жүнісова, Астана қаласындағы  №61 орта мектептің мұғалімі.