• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Желтоқсан, 2016

Жыл қорытындысы: Спорттағы жетістіктеріміз қандай?

222 рет
көрсетілді

Egemen.kz отандық спорттың 2016 жылғы маңызды жетістіктерін еске салады.

Рио-2016 Олимпиадасы

Биыл жаз айларында өткен Рио Олимпиадасына Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медальмен жалпы есепте 22-орыннан көрінді. Алтын медальдар: Данияр Елеусінов (бокс), Нижат Раxимов (ауыр атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу); Күміс медальдар: Әділбек Ниязымбетов (бокс), Василий Левит (бокс), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Гүзел Манюрова (күрес); Қола медальдар: Иван Дычко (бокс), Дариға Шәкімова (бокс), Отгонцэцэг Галбадраx (дзюдо), Карина Горичева (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Элмира Сыздықова (күрес), Екатерина Ларионова (күрес), Фарxад Харки (ауыр атлетика)

Рио-2016 Паралимпиадасы

Рио-де-Жанейродағы Паралимпиадада ел құрамасы екі медаль алып, жалпы есепте 58-орынға жайғасты. Алтын жүлдені Зүлфия Габидуллина (жүзу) жеңіп алса, күмісті Раушан Қойшыбаев (пауэрлифтинг) еншіледі.  

Қысқы Олимпиада (жасөспірімдер арасында)

Жыл басында жасөспірімдеріміз Норвегияның Лиллехаммер қаласындағы Олимпиада ойындарында бақ сынады. Онда Қазақстан жеткіншектері 2 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте 27-орынға ие болды. Мəнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева және биатлонның спринттік бағдарламасында Арина Пантова мəреге үшінші орынды қанағат тұтты.  

Дзюдо

Олимпиададан  бөлек, спортшыларымыз екі әлем чемпионатынан да медальмен оралды. Атап айтар болсақ, Кинтонов Мұрат ардагерлер арасында әлемді мойындатса, Ғұсман Қырғызбаев әскерилер арасында алтын алды. Құрлықтық чемпионатта да татами шеберлері биіктен көрінді. Өзбекстан астанасы Ташкентте 3 алтын, 2 күміс, 4 қоламен командалық есепте Азия Чемпионатын 3-орынмен аяқтады. Бұл сында Елдос Сметов (60 кг), Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) және Мариан Урдабаева (63 кг) чемпион атанып, жалауымызды желбіреткен болатын. Биыл ересектерден ұлттық құрамамыз IJF күнтізбесіндегі барлық ірі жарыстарға қатысып, 2016 жылы 35 медальға қол жеткізді. Оның 10-ы алтын, 12-сі күміс және 13-і қола. Кадеттерді қоса алғанда дзюдошыларымыз еліміздің қоржынына 59 медаль салды.  

Футбол

«Астана» командасының Чемпиондар лигасы топтық кезеңіне шығуына Шотландияның «Селтигі» кедергі болды. Десе де, елорда клубы Қазақстан футболы тарихында Еуропа лигасына жолдама алған екінші команда және екінші маусым қатарынан кәрі құрлық аренасында бақ сынаған алғашқы команда атанды. Еуропа лигасының топтық кезеңінде астаналықтар Грекияның «Олимпиакосымен», Кипрдің АПОЭЛ-імен, Швейцарияның «Янг Бойзымен» кездесті. Тәжірибесінің аздығынан плей-офф кезеңіне өте алмады. Бірақ маусым соңында үшінші жыл қатарынан ел чемпионы атанып, Қазақстан Кубогында да жеңіске жетті.  

Футзал

Ақпанның 2-13 күндері Сербияның Белград қаласында өткен Еуропа чемпионатына Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қатысып, қола жүлдеге ие болды. Топтық кезеңді екінші орынмен аяқтап, ширек финалға шыққан болатын. Мұнда командамыз Еуропа, әлем чемпионаттарында биіктерден көрініп жүрген Италияны 5:2 есебімен жеңді. Бірақ, жартылай финалда турнирдің чемпионы атанған Испания құрамасына 3:5 есебімен есе жіберді. Ал қола жүлде үшін өткен матчта алаң иелері Сербияны 5:2 есебімен тізе бүктірді. Футзалдан биыл әлем чемпионаты да өтті. Колумбияда өткен дүбірлі додада ұлттық құрамамыз жүлделі орынға ие бола алмағанмен, алпауыт командаларға лайықты қарсылас бола алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Топтық кезеңде 6 ұпаймен плей-офф кезеңіне шығып, бұл жолда тағы да испандардан жеңіліс тапты.  

Бокс

Қазақстан боксшылары биыл үлкен жетістіктерге жетті. Әуесқой бокста Олимпиада чемпиондары көк туымызды желбіретсе, кәсіпқой бокста да тарландарымыз алдына жан салмады. Геннадий Головкин биыл екі кездесу өткізді. 23 сәуір күні бұған дейін жеңіліс көрмеген америкалық Доминик Уэйдпен жұдырықтасып, 2-раундта нокаутпен жеңді. Ал екінші рет 10 қыркүйек күні Келл Брукпен жекпе-жекке шығып, 5-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. 18 мамырда Сауль «Канело» Альварес өз еркімен WBC белбеуінен бас тартып, бірінші орта салмаққа ауысып кетті. Белбеу Головкинге берілді. 29 қазан күні Алматы қаласындағы «Алматы Аренада» қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен бокс кеші өтті. Жерлестеріміз бұл күні қарсыластарының бәрінен басым түсті. Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотеймен жұдырықтасып, 12 раундтық қоян-қолтық ұрыста төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Бұл кеште Жанқош Тұраров ганалық Исаак Арьеден, Руслан Мырсатаев ганалық Нуху Азумиден, Әли Ахметов әзербайжандық Әли Маммедовтен, Айдар Шәрібаев испаниялық Хуан Венено Окурден, Жұман Жұмабеков беларусьтік Владимир Ивановтан, ал кәсіпқой бокста алғашқы кездесуін өткізген Жәнібек Әлімханұлы америкалық Милтон Нунезден басым түсті.  

Бокс (қыздар)

Астанада бокстан қыздар арасында өткен əлем чемпионатында спортшыларымыз 4 алтын, 2 қола медаль алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды. Назым Қызайбай (48 келі) қазақ боксының тарихында тұңғыш рет екі дүркін əлем чемпионы атанса, 54 келі салмақта күш сынасқан Дина Жоламан да қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ, Валентина Хальзова (69 келі) мен Лəззат Күнгейбаева (+81 келі) да алтын медаль иеленді. Ал Жайна Шекербекова (51 келі) мен Айжан Қожабекова (57 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.  

«Еуразия барысы»

«Алматы Арена» стадионында Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы «Еуразия барысы» атанды. Ақтық сында ел командасы моңғолдармен кездесіп, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Сайысқа 8 елден барлығы 130 спортшы қатысты. Жерлестеріміз алғашқы белдесуде Польша балуандарын 7:0 есебімен ойсыра ұтқан болса, жартылай финалда грузиялықтардан 6:2 есебімен басым түсті.  

Шорт-трек

Қазақстанның шорт-трек спортшылары 2016 жылы ірі жетістіктерге жетті. Канадада өткен әлем кубогының бірінші кезеңінде 500  метрден  ерлер арасында Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша 4-орынға тұрақтаса, әйелдер арасынан 1000 метрден Ким Ионг 10-орынға табан тіреді. АҚШ-та өткен екінші кезеңінде 500 метрден ерлер арасында Абзал Әжіғалиев чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бұдан бөлек, Айдар Бекжанов 13-орыннан, Денис Никиша 18-орыннан, ал 1500 метрден Нұрберген Жұмағазиев 9-орыннан көрінді. Сонымен қатар, 5 мың метрлік эстафеталық жарыста ерлер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Әлем  кубогының үшінші кезеңі Қытайда өтті. Аспанасты елінде 500 метрлік сайыста Абзал Әжіғалиев 4, Айдар Бекжанов 5-орын алды. Сондай-ақ, 1000 метрде Нұрберген Жұмағазиев 6-орынды қанағат тұтты. Ал Оңтүстік Кореяда өткен төртінші кезең аса табысты аяқталды. Онда 1000 метрден  Нұрберген Жұмағазиев чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ал Денис Никиша күміс медальді иеленді. Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша ел құрамасы әлемдік рейтингте 6-орында келеді. Дайындаған Аян Әбдуәли