Фристайл шебері Юлия Галышеваны білмейтіндер бүгінде кемде-кем. 1992 жылы туған өскемендік қаршадай қыз шаңғыны шырқ үйіріп қана қоймай, онымен әуеде айналатын күрделі спорт түрі бойынша еліміздің ұлттық құрамасының белді мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Алматыда өтетін қысқы Универсиадамыздағы негізгі үміткерлеріміздің бірі де – Юлия Галышева. Есімі елге елеулі спортшы бүгінде ұлттық құрама жаттықтырушысы Елена Круглыхинда жаттығып жүр.
Туған елінің туын көтеруді мақсат еткен ол осы күндері Алматы Универсиадасына жан-жақты даярлық жүргізуде. Бұдан кейін 19-26 ақпанда Жапонияның Саппоро қаласында VIII қысқы Азия ойындарына қатыспақ. Ал 6-19 наурызда Испанияның Сиера-Невада қаласында жалауын көтеретін әлем біріншілігінде бағын сынайды. Бұдан басқа бұл маусымда халықаралық федерацияның (FIS) күнтізбелік жоспарына сай Әлем кубогының кезеңдері мен ел чемпионаты бар. Әрине, мұның барлығы спортшы үшін аз жауапкершілік емес.
Еуропаның екі дүркін чемпионы, Ванкувердегі Олимпия ойындарында могулден 11-орынға табан тіреген, Сочидегі Олимпиадада үздік жетілікке енген, Әлем және Еуропа кубоктарының иегері, қысқы Азия ойындарының абсолютті чемпионы сияқты атан түйеге жүк боларлық атақ-абыройы бар спортшыға артылар сенім жоғары екені даусыз. Әлемдегі үздік фристайлшылар сапына енген оның қазір нағыз кемеліне келген шағы. Ал спорттағы жетістіктерінің тағы бір парасына көз жүгіртер болсақ, 2011 жылы Финляндияда 18-20 жас арасындағы спортшылар арасында әлем чемпионы атанған. Дәл осы жастағылар арасында 2012 жылы Италияның Валмаленко қаласында өткен әлем біріншілігінде могулден алтын медаль алса, параллелді могул бойынша қола медальға қол жеткізді. 2015 жылы Испанияда өткен Бүкіләлемдік Универсиаданың жеңімпазы атанды. Сондықтан, Юлия Галышеваның мәртебелі жарыстар мен өз қатарластарымен бәсекелерде жинаған тәжірибесі жеткілікті. Биылғы маусымда Әлем кубогының тұғырына екі мәрте көтеріліп, күміс пен қоланы еншілегені мәлім. «Бұғылар жазығы» атанған америкалық Дир-Вэллиде өткен жарыста канадалық Жюстин Дюфур-Лапуантқа екі рет есе жіберіп, күмістен екі мәрте алқа тақты.
Юлия бұған дейін фристайл тарихында еш спортшы жасай алмаған жаңа сальто әдісімен әріптестерін де, жанкүйерлерін де таңғалдырып жүр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы