• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Желтоқсан, 2016

Атыраулық пошташыларға көліктер табысталды

131 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңыңда атыраулық пошта өкілдері үшін де оң өзгерістер мен игі жаңалықтар орын алды. «Қазпошта» АҚ өз клиенттеріне көрсетілетін қызмет түрлеріне өзгертулер енгізіп, жаңарту бағдарламаларын іске асыруда. Сонымен қатар, қаланың бірнеше бөлімшесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазір жөндеу жұмыстары қолға алынған бөлімшелердің бірі Абай көшесі, №6 үйінде орна­ласқан орталық қызмет көр­сету бөлімшесінен бөлек №7, №5 және №3 пошта байланысы бө­лімшелеріне де жаңарту жұ­мыс­тары жүргізіледі. Бұдан басқа об­лыстағы төрт аудан (Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой, Исатай) орта­лығындағы бөлімшелер де кезегімен жаңартылатын болады», дейді Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан Өтепбаев. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен іске асып жатқан бұл бағдарлама аясында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін де біраз еңбек жасалды. Бұл ретте, сәлемдемелерді алу қызметі де бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл өтетінін атап өткен жөн. Енді клиенттерге кезекте тұрудың қажеті жоқ. Ол үшін арнайы «сә­лемдемелер супермаркеті» жұ­мыс жасайды. Клиент алдын ала СМС арқылы хабарландырылады. Кейін өз пошта бөлімшесінде терминал көмегімен заттары тұр­ған ұяшығының нөмірін алып, сәлемдемесін өзі алады. Ең бас­тысы, жеке басын растайтын жеке куәлігі болуы шарт. Бұл компанияның шығындарын қыс­қартуға да едәуір септігін тигізбек. Сонымен қатар, пошта бөлім­­шелері біршама заманауи құрылғылармен қамтылмақ. Бөлімдер бірнеше залға бөлінеді. Бұның алдында қажетті қызметтері әртүрлі адамдар бір кезекке тұрса, енді әрқайсысы үшін арнайы бөлім жұмыс жасай­тын болады. Бұл да клиенттер мен қызметкерлердің уақытын үнемдеуге бірден-бір жол. Жаңартылған пошталарда қаржылық аударымдар, пошта байланысы, ақша айырбастау сынды қызметтер үшін арнайы бөлімдер ашылмақ. Олардың барлығы да банкомат, постомат сияқты жаңа технологиялармен жабдықталады. Ал жеке тұлғалар мен корпоративтік клиенттер үшін арнайы операциялық зал іске қосылады. Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де арнайы, тез әрі оңай көрсетілетін қызметтер қарастырылған. Бұдан бөлек, халықпен тікелей қарым-қатынас орнатып, қыстың қаһарлы аязы мен жаздың шіліңгір ыстығында да аяқтары талмай жұмыс жасайтын пошташыларға қуануға себеп табылды. Ел егемен­дігінің 25 жылдығына орай оларға қызметте пайдаланылатын 8 кө­ліктің кілті салтанатты түрде табысталды. Алдағы уақытта елімізде әлі де 40 көлік пен қажетті құрал-жабдықтар бөлінбек. Ал жөндеу жұмыстарынан еліміз бойынша жүз пошта бөлімшесі өтуі тиіс. Және бұл күтіп тұрған жақсы өзгерістердің тек бір парасы ғана. Бек КЕНЖЕЕВ АТЫРАУ