Үстіміздегі жылдың қазан айында Парламент Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, мемлекеттік басқару органдарының барлық деңгейлерінде заң талаптары орындалмайтынын, өкілетті органдар тарапынан олардың орындалуына тиісті бақылау жоқ екенін, депутаттық сындарға дұрыс жауап берілмейтінін айтқан еді. Соның ішінде Еңбек кодексін бұзып, кейбір бастықтар адамдардың еңбек уақытын түн мезгілдеріне дейін созатындығы, медициналық тегін дәрі-дәрмек алудың қиындығы, мектеп формасын ата-аналарға базардан 5-7 мың теңгеге алуына рұқсат бермей, мектеп басшылары 17-20 мың теңгеге «арнаулы» сату орындарынан алдыратыны, мектеп оқулықтарының бастауыш сынып оқушылары түгілі ата-аналардың өзіне салмақ түсіретіндей ауыр әрі бей-берекет үлкендігі, сонымен қатар, ПИК басшылары «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңды өрескел бұзып, қызмет көрсету ақыларын шамадан тыс өсіріп жіберетіні және т.б. мәселелер қамтылған еді. Бұл сауалға Д.Құсдәулетовпен бірге сенатор М.Алтынбаев та қол қойған. Осы сауалға Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атынан мынадай жауап келді:
«Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға және жетекшілік ететін салалардағы заңдардың талаптарын орындау мен тиісті бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің мониторингін жүргізу шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қамтамасыз етіледі. 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес, құқықтық мониторинг институтын күшейту бойынша шаралар қабылданды. Енді мониторинг мақсаты нақты кемшіліктерді жою емес, қолданыстағы заңнаманың тиімділігін талдау, оның дамуының әртүрлі нұсқаларын болжау болып табылады. Аталған заңды іске асыру мақсатында Құқықтық мониторинг жүргізу қағидалары қабылданды.
Бұрын жолданған депутаттық сауалдарды, сондай-ақ Үкіметтің атына келіп түсетін депутаттық сауалдарды сапалы және уақтылы қарауды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұрын Экономика, Әділет, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің атына 3 депутаттық сауал жолдаған болатынсыз. Барлық сауалдар бойынша жауаптар уақтылы берілген.
Еңбек кодексінің нормаларын сақтау бойынша айтсақ, жұмыс уақытынан тыс істелетін тапсырмаларға, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылса, мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс беріледі немесе еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді. Еңбек кодексінің 17-бабына сәйкес еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган жүзеге асырады. Жұмыс беруші құқыққа сыйымсыз әрекетке немесе әрекетсiздікке жол берген жағдайларда жұмыскер (мемлекеттік қызметші) өзінің еңбек құқықтарын қорғау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінде еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жүгіне алады.
Азаматтарға медициналық қызмет көрсету «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК), дәрілік заттармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға бюджет қаражаты есебінен тегін ұсынылады.
Мектеп оқушыларын формамен және кітаптармен қамтамасыз ету бойынша айтсақ, Үкімет орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды ғана бекітеді (түсі, мектеп формасының үлгісі, юбка ұзындығы және т.б.). Бұл ретте, заңнамада қатаң белгіленген жеткізушілерден мектеп формасын сатып алу бойынша міндеттемелер жоқ. Өскелең ұрпақтың денсаулығына жағымсыз әсерге қатысты оқулық басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтерге сәйкес бір оқулықтың салмағы:
– 1–4 сынып оқушылары үшін 300 грамнан; - 5–6 сыныптар үшін 400 г; 7–9 сыныптар үшін 500 г; - 1–12 сыныптар үшін 600 грамнан аспауы тиіс. Алайда, оқулық басылымының салмағын 10%-дан асырмай көбейтуге жол беріледі.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үй инспекциясы атынан тұрғын үй қорын басқару саласында бақылауды жүзеге асыру бойынша өкілеттік берілген. Тұрғын үй инспекциялары: - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін техникалық зерттеуді ұйымдастыру; - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізудің тізбесін, кезеңділіктерін және кезектілігін айқындау және т.б. сияқты міндеттерді орындайды».
Сауалға келген жауаптық мазмұны, міне, осындай.
Әзірлеген
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»