• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:25

Үмітті үкілейтін орталық

Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығы кейінгі тоғыз жыл ішінде қиын жағдайға тап болған мыңдаған әйел мен балаға қолдау көрсетіп, олардың қалыпты өмірге қадам басуына септігін тигізді.

2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық осы уақыт аралығында 3 408 адамға, оның ішінде 1 179 әйел мен    2 229 балаға көмек көрсетті. Мамандар тарапынан 6 мыңнан астам психологиялық, 3 мыңға жуық заңгерлік кеңес берілді. Көмекке мұқтаж жандарды әлеуметтік бейімдеу, құжаттарын қалпына келтіру, ме­дициналық қолдау мен жұмыспен қам­ту бағытындағы игі бастамалар өз алдына.

Дағдарыс орталығының директоры, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Зүлфия Байсақова орталықтың құрылу тарихы мен қоғамдағы рөлі туралы таратып айтып берді.

– Бастапқыда орталықты құрған кезде көмекке жүгінетін әйелдер мен балалар саны аз болады деп ойлаған едік. Бірақ жағдай мүлде басқаша болып шықты. Осы тоғыз жылдың ішінде 3 мыңнан астам адам оңалту, әлеуметтік бейімделуден өту мүмкіндігіне ие болды, – дейді ол.

Маманның айтуынша, қазір еліміздегі дағдарыс орталықтары әйелдер мен бала­лардың құқықтарын қорғау жүйе­сінің маңызды бөлігіне айналған. Олар азаматтарға тек уақытша баспана берумен шектелмейді. Психологиялық тұрғыдан қолдау, адамның өзіне деген сенімін қайта қалыптастыру, дербес өмірге оралуына жағдай жасау ұдайы назарда. Орталық зорлық-зомбылықтың куәсі болған балалармен де арнайы жұмыс жүргізеді.

– Біз жүргізген зерттеу әрбір алтыншы баланың зорлық-зомбылықтың куәгері болатынын көрсетіп отыр. Сондықтан адамдар осындай орталықтардың бар еке­нін, мұнда көмек тегін көрсетілетінін білуі өте маңызды, – дейді мекеме басшысы.

Бүгінде орталық сегіз түрлі арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Көмек алушылар уақытша қауіпсіз баспанамен, психологиялық, заңгерлік қолдаумен, әлеуметтік қызметкерлер көмегімен, медициналық қызметпен, сондай-ақ еңбекке бейімдеу бағдарламаларымен қамтылады. Орталықтың әлеуметтік қызметкері Ернар Тергеусіздің айтуынша, мекеме бір мезетте 52 адамды қабылдай алады.

– Мұнда әйелдер балаларымен бірге тұрады. Қызметтер тегін көрсетіледі. Негізгі тұру мерзімі алты айға дейін созылады. Бірақ орталықтан шық­қан­нан кейін де олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп, қолдау көрсетуді жалғастыра береміз, – дейді ол.

Мамандар орталыққа жүгінетін әйел­дердің басым бөлігі құжаттарын қал­пы­на келтіру, ажырасу ресімдері, алимент өндіру, психологиялық күй­зе­лістен шығу, әлеуметтік-тұрмыс­тық қиындық­ты шешу мәселе­лерімен келетінін айтады. Заң­гер Гүлшара Сапарова дағдарыс орта­лық­та­рының қызметі тек көмек көр­сету­мен шектелмейті­нін атап өтті. Мекеме заңгерлері заңна­ма­ны жетілдіру жұмыс­ына да қатысады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау мәселелері жөнінде мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істейді.

Психологиялық қолдау – орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Психолог Мәдина Мағауияның айтуынша, әйелдермен жұмыс олардың қауіпсіздік сезімі қалыптасқаннан кейін басталады.

– Алғашқы екі-үш күнде әйелге жаңа ортаға бейімделуге мүмкіндік береміз. Кейін жеке терапия басталады. Ол аптасына екі рет өтеді. Сонымен бірге топтық сабақтар ұйымдастырылады. Онда әйелдер өздерінің жалғыз емес екенін сезініп, бір-бірінен қолдау табады, – дейді маман.

Психологтің сөзінше, орталықта арт-терапия мен топтық қолдау әдіс­­тері кеңінен қолданылады. Бұл әйел­дердің ішкі күйзелістен арылып, психо­логиялық тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектеседі.

Мұнда медициналық көмек те ерекше назарда. Медбике Назгүл Оңбаеваның айтуынша, орталыққа келетіндердің арасында дене жарақатымен түсетіндер жиі кездеседі.

– Көбінесе әйелдер денесінде соқ­қы іздерімен, кейде ми шайқалу белгі­лерімен келеді. Мұндай жағдайда бірден шұғыл медициналық көмекке жүгінеміз, – дейді Назгүл.

Орталықта еңбек терапиясы мен кәсіптік дағдыларды дамытуға арнал­ған сабақтар өтіп тұрады. Әйелдер тігін ісін, қолөнерді, табыс табуға мүмкіндік беретін басқа да кәсіп түрлерін меңгереді. Балаларға білім беру, шығармашылық бағдарламалар, шеберлік сабақтары ұйым­дастырылады. Мекеме жұмысымен танысу барысында балалардың аспаздық шеберлік сабағына қатысып, мамандармен бірге түрлі тағам әзірлегеніне куә болдық. Мамандардың шынайы ықы­ласы қолдауды қажет ететін өрімдей өрендердің қоғамнан шет қалмай, еркін әрі қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасалғанын аңғартады.

Дағдарыс орталығына тап болған­дардың тағдыры сан алуан. Солардың бірі – алты баланың анасы Татьяна. Ол ажырасудан кейін қиын жағдайда қалып, балаларымен бірге осы орталықтан пана тапқан.

– Қазір жұмыс істеймін, табыс табамын. Тігін машинасымен тапсырыс қабылдаймын. Орталық қызметкер­лерінің арқасында өз ісімді дамытып жатырмын. Мұнда өз мәселеммен жалғыз қалмағанымды сезіндім, – дейді ол.

Орталықта Ауғанстаннан келген Зехра есімді әйел де тұрып жатыр. Ол мұнда балаларымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашып келген. Мамандар оған құжаттарын ресімдеуге, босқын мәртебесін алуға септеседі.

– Оның және балаларының еліміз­де қауіпсіз өмір сүруіне барлық мүмкін­дікті жасап жатырмыз. Бұл – ұзақ заңдық үдеріс. Бірақ біз әр кезеңде қолдау көрсетеміз. Қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасып келеді. Әсіресе жас әйелдер зорлық-зомбылыққа шыдауды емес, өз құқықтарын қорғауды қалайды. Бұл – өте маңызды өзгеріс. Орталықтың басты мақсаты – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың құқық­тарын қалпына келтіруге, қоғамға қайта бейімделуіне, дербес өмір бастауына көмектесу, – дейді Зүлфия Байсақова.

Қиын жағдайға тап болған адамдарға уақытша баспана ғана емес, үміт пен жаңа өмірге бастар мүмкіндік те қажет. Қоғамдағы әлеуметтік қолдау жүйесінің осындай тетіктері мыңдаған адамның тағдырын өзгертіп, олардың болашаққа деген сенімін қайта нығайтады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар