Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Каникулға – кітаппен» атты оқу марафонының салтанатты ашылуы өтті. Жазғы демалыс кезеңінде жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды мақсат еткен игі бастамаға университеттің білім алушылары мен оқытушы-ғалымдары қатысты.
Оқу марафонының ашылу рәсімінде университеттің басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, кітаптың жастар тәрбиесіндегі орнына ерекше тоқталды. Ол оқу мәдениетін қалыптастыру білім сапасын арттырудың, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызды шарты екенін атап өтті.
Кейін сөз алған жазушы Алдан Смайыл кітаптың ұлт руханиятын сақтаудағы, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы ерекше рөлін баяндады. Ол жастарды көркем әдебиетті тұрақты оқуға шақырып, кітап оқу мәдениетін дамыту елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың маңызды тетігі екенін айтты. Сондай-ақ қаламгер қазіргі ақпараттық дәуірде сапалы әдебиеттің маңызы бұрынғыдан да арта түскенін жеткізді.
Марафон ережесіне сәйкес қатысушылар жаз бойы өздері оқыған көркем әдеби шығармалар туралы әлеуметтік желілерде пікір жазып немесе қысқаша бейнероликтер жариялай алады. Оқылатын кітап санына шектеу қойылмайды. Жоба қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар алдағы қыркүйек айында марапатталады.
Кеш барысында мәдени бағдарлама ұсынылды. Бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жас күйші Ерсұлтан Медет күй өнерінен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ Ғылыми кітапхананың директоры Бақытжан Оразалиев кітапхананың оқу мәдениетін қалыптастыру мен оқырман қауымның рухани сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмысы туралы айтты. Кездесуде зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар жастарға кітап оқудың маңызы жөнінде тағылымды пікірлерін ортаға салды.
Поэзия бөлімі де көпшіліктің көңілінен шықты. Әлеуметтік желіде танылып жүрген жас талант, Қараөткел орта мектебінің оқушысы Асылай Төленді мен №101 орта мектептің оқушысы Балым Оразғали өлең оқыды. Жұмекен Нәжімеденовтің «Әке мен бала» шығармасы әсерлі оқылып, әдебиетсүйер қауымды ерекше толқытты.
Іс-шараның «Мен ұсынатын кітап» атты бөліміне филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жетекшілік етті. Ғалым кітаптың адам өміріндегі орны мен көркем әдебиеттің тұлға қалыптастырудағы рөлі туралы мазмұнды ойларын ортаға салды. Өзінің сүйіп оқитын шығармалары жөнінде әңгімелеп, жастарға рухани азық болатын туындыларды оқуға кеңес берді.