• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Желтоқсан, 2016

Тәуелсіздік – Мәңгілік Ел мұраты

1747 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Сөйтіп, 25 жыл ішінде елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қостық. Тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын кезеңдерінен де аман өтіп келеміз. Қазақстанды дүние жүзі танитындай, сыйлайтын­дай деңгейге жеткізуде Тұңғыш Пре­зи­дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Себебі, жер бетіндегі әрбір ұлт үшін тәуелсіз ел болу – ұлы арман. Дүние жүзінде 6 мыңға жуық ұлттар мен ұлыстар бар болса, солардың ішінде 200-дейі ғана тәуелсіз мемлекет болып табылады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» тарихи құжатқа дейін еліміз тәуелсіздікке апарар бірнеше маңызды қадамдар жасады. Соның ішінде 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл құжат арқылы тәуелсіздігіміздің құқықтық және идеологиялық негіздері қаланды. Нәтижесінде, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. Осылайша әлем картасында  Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Осы жылдар ішінде елімізде көптеген оңды істер атқарылды. Атап айтсақ, тарихи жеріміздің шекарасы, еліміз егемендігінің тұғыры бекітіліп, экономикасы мен сыртқы саясаты қалыптастырыла бастады. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата Заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қоғамдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты ел орнағанын мойындаттық. Эконо­микамыз да жылдан-жылға нығайып, мәде­ни, рухани даму деңгейі белес­ке көтерілуде. Сөйтіп, Қазақстан бүгін­де өзіне тән барлық институттары бар әлемдік қоғамдастықтың ық­пал­ды мүшесіне айналып үлгерді. 25 жыл мемлекет үшін көп уақыт емес, бірақ осы аз ғана уақытта Қазақстан өз аяғына нық тұрып, әлемге аты танылған мемлекет болды. 25 жыл ішінде Қазақстан 70-тен астам халықаралық ұйымның белді мүшесі атанды. Астанада ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастырып, өз жерінде Азиада өткізді. Есік қағып тұрған жылы елордамызда ЭКСПО халықаралық көрмесі мен Алматы қаласында қысқы Универсиада сияқты маңызды шаралар жалау желбірететін болады. БҰҰ тұрақты емес мүшелігіндегі қыз­меті­міздің алғашқы жылы да басталғалы тұр. Егемен дамудың 25 жылы ішінде Қазақ­­стан әлемнің ең дамыған 50 елі­нің қатарына еніп, «Қазақстан-2030» Стра­тегия­сын мерзімінен бұрын іске асырды. Бүгінде «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуын жеделдететін «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын жүзеге асыра бастадық.  Бұл бағдарламалардың орындалуы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруға, яғни қазақстандық арманға қол жеткізуге жақындата түседі. Қазақстан – бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында жаңғыру мен дамудың көшбасшысы. Мемлекетіміздің егемендігін әлемнің 120-дан астам мемлекеті ресми мойындаған. Қазақстан БҰҰ-ның толық құқылы белсенді мүшесі, сонымен қатар ол ынтымақтастығын Еуроодақ, Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры,  МАГАТЭ, Қызыл Жарты Ай, ЮНИСЕФ пен ЮНЕСКО сынды белді ұйымдармен ықпалдаса отырып нығайтуда. Қазақстан 400-ден астам көпжақты және 700 екіжақты келісімге қол қойған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымындағы төрағалық, Астана саммиті, Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мындағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымын­дағы, Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалық – бұлар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қол жет­кізілген орасан зор жетістіктер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, оған деген халықтың сенімінің арқасында елімізде бірлік пен ынтымақ салтанат құрып, осындай үлкен жетістікке жеттік және мұны әлем танып отыр. Біздің қасиетті де қастерлі Мәңгілік еліміздің жолында қазақстандықтарды ал­да әлі де көптеген жаңа табыстардың күтіп тұрғаны тағы анық. Қазіргі уақытта мемлекеттің жастарға жасап жатқан қолдауы да айтарлықтай. Тек соны ұтымды пайдалану керек. Мемлекетіміздің болашақ өркендеуі, дамуы, гүлденуі иманды, білімді оның ішінде мемлекеттік тілді білетін, барлық халықтардың дәстүрлерін құрметтейтін жігерлі жастарға байланысты. Жаңа замандағы ғылымның жетістігінен толық хабардар жастарымыз мемлекетіміздің көш бастаушысы, ілгерілетушісі болып қалыптасуы керек. Болашағымыздың сонда ғана баянды болатыны айтпаса да түсінікті. Нұрсұлтан БАЙТІЛЕСОВ, Қазақстан Республикасы Әскери соттар әкімшісінің басшысы