• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңа кезеңі

336 рет
көрсетілді

Экономикалық салалардың арасындағы ең байырғысы, яғни дәстүрлісі ауыл шаруашылығы екендігі белгілі. Бұл сала батыл бет­бұрыстарға бейім емес. Бірақ соған қарамастан, соңғы жыл­дары бұл сала айтарлықтай даму көрсеткіштерін көрсетуде. Мәсе­лен, өтіп бара жатқан 2016 жылы ауыл шаруашылығындағы даму көр­сет­кіші он бір айдың қорытындысы бойынша 4,5 пайызды құрап отыр. Әсіресе, егіншілік өндірісінің тамаша нәтиже көрсетіп, астықтан рекордтық өнім жиналғандығын атап өтуге болады. Ауыл шаруашылығына мем­лекет қолдауымен көптеген жаңа техникалар сатып алынуы нәти­жесін­де сол өндірілген мол астық ың-шыңсыз, тек астық өсірушілер күшімен ғана жинап алынды. Сонымен қатар, майлы дақылдар өндірісі, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын өсіру ісі де ойдағыдай нәтиже берді. Мал шаруашылығы да жылды бірқатар тамаша нәти­же­лермен қорытындылап отыр. «Жалпы алғанда, ауыл шаруа­шы­лығының өндіріс көлемі 2000 жыл­дардың басынан бастап, даму­ға қарай бет түзеді. Осы кезең ара­лығында одан алынатын өнім көлемі еселеп молайды. Мәселен, 2001 жылмен салыстырғанда 2015 жылы ауылшаруашылық өнді­рісінің жалпы көлемі 6 есе өсіп, 3,3 триллион теңгені құрады. Әлемнің 70-тен аса еліне жыл сайын 5-8 мил­лион тонна көлемінде астық экс­порттау мүмкіндігіне ие бол­ды. Сөйтіп, Қазақстан астық өн­­діру жөнінен әлемдегі ең ірі мем­­лекеттердің біріне айналды. Сондай-ақ, жыл сайын 2,5 миллион тон­наға дейін ұнды сыртқы нарық­тарға шығара отырып, соңғы жылдар бедерінде әлемдегі көш­басшы елдердің қатарына берік орнықты», дейді «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының Агро­құзырет орталығының дирек­торы Төлеутай Рахымбеков. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті дирек­торының орынбасары Әсел Рама­занованың айтуынша, ауыл шаруа­шылығында жүргізілген реформалардың нәтижесінде ауыл­дарда нақты меншік иесі пайда болып, менталитет өзгеріп, нарық ұстанымдарына негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынас орнады. Мұның өзі ауыл шаруашылығының бүкіл әлемге тән қағидаттарға сәй­кес қайтадан дамуына ұласты. Ауыл шаруашылығына жасалып келе жатқан тұрақты мемлекеттік қолдау бұл саланың одан әрі дамуы­на қуатты серпін берді. Осы үрдіс әлі де жалғасу үстінде. Мәсе­лен, 2017-2021 жылдарға арна­лып ауыл шаруашылығын қол­дау­дың жаңа мемлекеттік бағ­дар­­ламасы әзірленуде. Тұжы­рым­дамалық тұрғыдан алғанда, бұл бағдарламаның басты ба­сым­дықтары мен қағидаттары қазір­дің өзінде айқын. Атап айт­қан­да, мемлекеттік бағдарлама­­ның бас­ты мақсаты нарық қажет ете­тін бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп­тік кешен өнімдерінің молаюын қамтамасыз ету болып табы­ла­ды. Ал нақты міндеттеріне келе­тін болсақ, аталған кезең аралы­ғын­да мал шаруашылығының тиім­ділігін 58 пайызға, өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40 пайызға көтеру көзделеді. Осы бағ­дарламаның негізінде ауыл­дардағы үй шаруашылықтарын мемлекеттік қолдаудың жолдары айқындалып отыр. Бұл міндет үй шаруашылықтарының басын біріктіріп, оларды кооперациялау арқылы жүзеге асады. Сөйтіп, 2017-2021 жылдар аралығында 670 мыңнан астам ұсақ өндіруші тауарлы өндіріске тартылады. Олар­дың қолындағы өнімдерді жи­нап, өткізуге мемлекет көмек­тесе­тін болады. Сол қолдаудың бір түрі ретінде кооперативтерге бірік­кен үй шаруашылықтарына олардың қолындағы малдарды асылдандыруға және басқа да қажет­тіліктерге мемлекет тарапынан субсидия, яғни тегін демеу қаржы берілетін болады. Мұның сыртында Елбасы Үкі­метке ауыл шаруашылығы мақ­сатында 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға тарту, яғни пайдалануға енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау тетіктері де аталған бағдарламада көрініс таппақ. Егер суармалы 1 гектар жердің беретін пайдасы 1 гектар тәлімі жерден 30 еседей артық бола­тындығын есепке алатын болсақ, осыншама көлемдегі суар­малы жердің ауыл шаруа­шылы­ғы айналымына қосылуы ауыл биз­несінің екпіндей дамуына мүм­кіндік беріп, саланың жаңа сатыға көтерілуіне, еліміздегі көптеген өнім түрлерінің бұрынғыға қара­ғанда, әлдеқайда молаюына мүмкіндік бермек. Қазіргі күні аталған бағдар­ламаның маңызы мен ерекше­ліктерін халық арасында түсіндіру жұмыстарымен Премьер-Ми­нистр­­дің орынбасары – Ауыл шаруа­­шылығы министрі Асқар Мырзах­метовтің өзі бас болып жұмылып отыр. Мұның да мәнісі бар секілді. Өйткені, мемлекет ендігі кезек­те еліміздің аграрлық секторын да­мыту­ға, осы арқылы ауыл халқы­ның тұрмысын жақ­сартуға ерекше мән беру үстінде. Содан да сала жыл өткен сайын стратегиялық басым­дыққа ие болып келеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»