• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Қалыптасқан мемлекеттің қоғамдық негіздері

421 рет
көрсетілді

Торқалы той жылы Қа­зақ­станның жасампаз бастамалары белгісімен өтті. Жарқын және қарқынды 25 жылдықтың барлық жетістіктері Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есі­мімен тығыз байланысты. Бейбітшілік, келісім, қоғам бірлігі, саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық, осының барлығын халықаралық қоғамдастықтың тануы – мақ­тан тұтатын жетістіктер. Елі­міз Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығын болашағымыздың нақ­ты бағдарын сезіне отырып қарсы алды. Жуырда Қазақ­стан Парламенті қабыл­даған Декларацияда осы жетіс­тіктердің бәрі тұтастай айтыл­ды. Тәуелсіздіктің 25 жыл­дық мерейтойы – заманауи мем­лекет құрған Қазақстан хал­қының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрі­нісі. Қазақстан үшін осы жылдар тек алға ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Қазақстан экономикасы қарқынды дамыды, саяси салада табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар тұрақты мемлекет ретінде қалыптасып, аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның бар­лық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығы мен әр­бір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Елбасының саяси ерік-жігері жә­не стра­тегиялық көрегендігі да­мудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына жағдай туғызды. Еліміз «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елі­нің қатарына қосылуға қарышты қа­дам басуда. Мемлекет басшы­сы­ның ба­йыпты және жемісті ха­лық­аралық бастамаларымен елі­міз биік халықаралық беделге ие бо­лып, жаһандық ядролық қару­сыз­дану қозғалысының танымал көш­бас­шысына айналды, делінді Декла­ра­цияда. Әрине, 25 жыл – бұл тарихи өлшеммен алғанда өте қысқа мерзім. Алайда, Қазақстан үшін өткен жылдар түрлену тереңдігі мен ауқымы бойынша дәуірге тең. Ғаламат үлкен тарихи өзгерістердің куәсі және қатысушысы болу әрбір ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Көз алдымызда жаңа мемлекет құрылды, қоғамдық-саяси құрылым өзгерді, мемлекеттік басқару органдары қалыптасты. Елбасымыздың бас­шы­лығымен Қа­зақстан дамуының табысты серпі­нін анықтаған кең ауқымды экономи­калық, саяси және әлеуметтік рефор­малар жүзеге асырылды. Уа­қытша ауыртпалықтар мен сәт­сіздіктерге қарамастан, қоғам­дағы ортақ идеяның арқа­сында елімізде әлеуметтік-эконо­микалық құрылыс сәтті өтті. Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың бас­шы­­лығымен Тәуел­сізді­гіміз­дің 25 жылында Қазақ­стан хал­қы жалпыұлттық рефе­рен­думда қабылдаған Қазақ­стан Респуб­ли­касының Конс­ти­туциясы негізін құрай­тын берік құқықтық іргетас қа­лан­ды. Онда әлемдік заң ғы­лы­мы мен тәжі­ри­бе­сінің озық идея­лары жинақ­талды, сон­дай-ақ, ол ұлттық дамудың басым­дықтарын нақты белгіледі. Президентіміздің көреген­дігі, болып жатқан оқиғаларға же­дел назар аудару және олар­дың алдын ала білу қасиеті еліміздің Негізгі Заңына 1998, 2007 және 2011 жылдары өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу жөніндегі оның бастама­ларына мұрындық болып, олар құқықтық мемлекеттің одан әрі қа­лыптасуына, саяси жүйені демокра­тияландыру, азаматтық қоғам инс­титуттарын қалыптастыру үде­рістерін тереңдете түсуге, ел Конс­титуциясы тиімділігінің артуына ықпал етті. 2007 жылғы конституциялық реформаға байланысты Ата Заңға аса маңызды түзетулер енгізілді. Оның шеңберінде пропорционалдық сайлау жүйесіне көшу регламенттелді, Президент және Парламент арасындағы кейбір міндеттер мен жауапкершілікті қайта бөлу жолымен Парламенттің рөлі едәуір күшейтілді, Үкіметті қалыптастыру тәртібі өзгертілді, сондай-ақ басқа да маңызды жаңалықтар енгізілді. Осы жылдарда мемлекеттік саясат конституциялық құнды­лық­тарды толыққанды іске асыруға бағытталды. Ұзақ мерзімді бағ­дарламалық құжаттар – «Қазақ­стан-2030» Стратегиясы, «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы, «Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қа­дам» атты Ұлт жоспары, Құ­қықтық саясат тұжырымдамасы және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары мен өзге де сөйлеген сөздерінің негізінде ұдайы нақтыланып және толықтырылып отыратын басқа да аса маңызды құжаттар, заңнамалық саланы қоса алғанда, тыныс-тіршіліктің барлық саласында Конституциямыздың әлеуетін мейлінше ашып көрсету жөніндегі белсенді нысаналы жұмысты жүргізуге негіз қалады. Соңғы жылдары депутаттық корпус Президентіміздің тапсырмаларын орындау үшін Үкіметпен бірлесіп атқарған заң шығару жұмысы осының айқын көрінісі болып табылады. Президент 2009 жылғы 24 тамызда бекіткен және Қазақстан Республикасының ұлт­тық құқықтық жүйесін дамы­ту­дың негізгі бағыттарын белгі­лейтін 2010 – 2020 жылдар­ға арналған Қазақстан Республи­касының Құқықтық саясат тұжы­рымдамасында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және оларға кепілдік беруді, оның ішінде сот төрелігіне қол жеткізуді, білікті заң көмегін алуды, соттар мен құқық қорғау органдарына деген сенімнің арта түсуін қамтамасыз ететін заңнамалық актілерге, атап айтқанда, негізгі заңнамалық актілердің: өткен жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген Қылмыстық, Қылмыстық про­цес­тік, Қылмыстық-атқару кодек­с­терінің, сондай-ақ Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекстің қабылдануына ерекше мән берілді. «100 нақты қадам» атты бес инс­титуттық реформаны іске асы­ру жөніндегі Ұлт жоспары шең­берінде Азаматтық про­цестік кодекс жаңа редакцияда қа­был­данып, ол үстіміздегі жылдың қаң­­тарынан бастап қолданылуда. Онда бұрын қолданылған 5 сатылы сот жүйесінің орнына бірінші, апел­ляциялық және кассациялық инстан­цияларды қамтитын 3 сатылы сот жүйесі белгіленді, бұл сотқа жү­гінген тұлғаның бұзылған құқық­тарын қалпына келтіруді жеделде­туге мүмкіндік береді, яғни сот төре­лігінің мақсаттарына тез арада және тиімді қол жеткізуге ықпал етеді. Жаңа жылдан бастап іс бо­йынша барлық дәлелдемелерді сот талқылауына істі дайындау са­тысында сотқа беру талап етіледі. Айрықша жағдайларда дәлел­демелер сот талқылауы сатысында да, сондай-ақ апелляциялық инс­тан­цияда ұсынылуы мүмкін, бірақ мұндай жағдайларда сот тал­қылауына істі дайындау саты­сында оларды ұсыну мүмкін бол­мағандығын сотқа дәлелдеу қажет. Кадр реформасы судьялар корпусына ғана емес, мемлекеттік ап­паратқа да қатысты жүргізілді. «Мемлекеттік қызмет тура­лы» Заңның жаңа редакцияда қа­былдануы мемлекеттік қызметтің ман­саптық моделіне көшуді рет­теді, онда қызметке кіру төменгі лауазымдардан басталып, қызмет бабында одан әрі ілгерілету үшін белгілі бір құзыреттілік және төменгі лауазымдардағы жұмыс өтілінің болуы талап етіледі.Осыған байланысты мемле­кет­тік лауазымдарға орналасу үшін конкурстың екі түрі: ішкі және жалпы конкурс көзде­леді. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кірушілер үшін міндетті үш айлық сынақ мерзімі белгіленген. Мемлекеттік қызметшілерді ұдайы оқыту, оның ішінде үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыру жүйесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бұл шаралардың барлығы мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге ғана бағытталған. Елбасы үнемі айтып келе жатқан елдің ішкі тұрақтылығы, ұлттардың өзара достығы мен татулығы, бір-біріне деген сыйластық қарым-қатынасы, ол – Қазақстан дамуының бас­ты тұғыры. Тек тату, бірлігі жа­расқан ел ғана алға қойған мақ­сат-мұраттарына жете алады. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Еркіндікті аңсаған ел мұрасы жүзеге асып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сондықтан ел ішіндегі татулық пен тұрақтылық «Мәңгілік Ел» жолындағы басты ұстаным болып қала бермекші. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұс­танған отандастарымыз елі­міздің тұрақтылығын одан әрі нығайта түсіп, Мәңгілік Ел болу жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, алда да бірлікте өмір сүретіні күмәнсіз. Қорыта айтқанда, өткен кезеңге талдау жасай және бүгінгі күн шындығын ой елегінен өткізе отырып, Елбасының салиқалы саясатының арқасында қол жет­кізген жетістіктерімізді, алдағы уақытта анағұрлым кеуделі мақсаттарға ұмтылыс жасау үшін жақсы ынталандыру деп бағалауға әбден болады. Серік АҚЫЛБАЙ, Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы