Атырау облысы бойынша ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментіндегілер хабарлағандай, «Теңізшевройл» ЖШС ақпарат ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады "Ақ Жайық" басылымы.
Бұдан бұрын департамент ТШО-ға бәсекелестікті қорғау саласында ҚР заңнамасын бұзу белгілерінің бар-жоғын анықтау мақсатында (атап айтқанда, адал бәсекелестікті сақтау мәселелерімен жете танысу үшін) ТШО-ға сауал жолдаған болатын. Алайда белгіленген мерзімде жауап ала алмады. Сондықтан компанияға қатысты ҚР ӘҚБтК 162-бабы («Монополияға қарсы органның нұсқамасын орындамау. Ақпарат беру жөнiндегi мiндеттемелердi бұзу және үй-жайлар мен аумаққа кiруге кедергi жасау») бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен «Теңізшевройл» ЖШС-не 1600 АЕК (3 393 600 теңге) айыппұл салынды.