• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
05 Қаңтар, 2017

Қос таған

757 рет
көрсетілді

Ақ тауық

Ақ тауықтың қора төңірегін тыным таппай шарлап жүргеніне көп болды. Біресе үйді айналып ары жүгіреді, қораны айналып бері жүгіреді. Өзі бұрыннан өзге мекиендерге көп қосыла бермейтін. Мінезі бөлек. Ауылды төңіректеген түлкі, қарсақтан қорықпай кейде үй іргесіндегі жазыққа да шығып келеді. Жусан аралап жүріп шыбын-шіркей, қара қоңыз, майлы шегірткені сүйсіне шоқиды. Өткен жолы кесіртке қуалап біраз жер шығындап ұзап кет­кені бар. Әйтсе де үйге аман-сау жетті. Күн ұзақ алыстап жем іздеп, қас-қарая тауық кепесіне жақындау жайылады. Көздері ала соқырлана бастағанда кепе ішіндегі көлденең аспалы ағаштарға мекиен атаулы жайғаса бастайды. Әр тауықтың өз орны бар. Дәл ауыздағы бірінші сырықтағы жас мекиендердің ортасы қара қораздың орны. Қара қораз тауықтардың соңынан кіріп, орнына жайғасып алғасын жан-жағына басын олай бір қисайтып, былай бір қисайтып көз жанарымен «жанұя мүше­лерін» түгелдеп шығады. Алайда, бұл жолы мекиендердің ішінен ақ тауық жоқ болды. Ауылдан ұзап кетіп, жырт­қыштардың аузына ілікпесе жарар еді. Бүгін үшінші күн өтті. Ақ тауықтан хабар болмады. Айналадан шашылған ақ мамық та, сынып түскен ақ қанаттар да байқалмайды. Әлде түн баласы қора торитын ұры-қарының бір сәттік қуырмашына айналып, қазанына түсті ме екен? Осылай ақ тауықтың алаңсыз кеткеніне айдан асты. Алғашқыдай емес, қара қораздың да арагідік алаңдап арлы-берлі қоқырайып қоқ-қоқтап түгелдеуі де сирей бастады. Үй иесінің қаперіне  «тауығым жоғал­ды-ау» деген ой кіріп те шық­пайды-ау. Ол да тауыққа ұқсап таң алакеуімнен егістікке кетіп, кеш оралады. Балалар болса күніне бір рет жем-шашып «төте-төтелеп» шақырғанда ақ тауықтың ұшты-күйлі жоғалғанын білген. Бірақ әкесінің: «Үйде отырып, оншақты тау­ық­қа қарауға шамаларың келмеді ме?!» деген кейіс білдіретінінен қорқып айтпаған еді. Бүгін маусымның бірінші күні. Кенет үй алдындағы текшелеп жинал­ған сексеуілдің арасынан қыт-қыттап ақ тауық шыға келді. Соңында пырдай сап-сары балапандары жүр. Бірі озып кетеді, бірі қалып қояды. Аула іші мәре-сәре болды. Үй іші де қуанып, дереу тары әкеліп, жаңа піскен нанның ішін қиқымдап шашып жатыр. Ақ тауық құдық басындағы астаудан суды ұзақ сіміріп ішті. Бір ғана аналық сезіммен ай жарым су ішпей, дән жемей өмірге балапан әкелу үшін жанын аямаған ақ тауық жайлы әңгіме кеш түсе отбасылық дастарқанда қыза түсті.

Қызыл қораз

Арқабай осы қызыл қоразды бажасы Балпақтан аттай қалап алған. Үйдегі алты мекиен қызыл қораз келген күннен бастап шашырап кетпей, бір-бірін маңайлап, бір тұста жайылып жемдесетін болды. Үй ішіндегілер де жұмыртқаға қарық болысты. Алайда, түске дейін ұйықтайтын Арқабай таң азаннан тұрып мал қорасынан шықпайтын шаруаға айналды. Ол қалай? Ұйқы деген «жарықтықты» бұралақтатып соғатын Арқабайдың жататын бөлмесінің тұсына іңір қараңғысынан келіп шақы­ратын қызыл қораз күн сайын  Арқабай орнынан тұрғанша  сол әдетінен жаңылмады. Алғаш­қыда түс көргендей шошып оянатын. Бірте-бірте қызыл қораздың қиқуына да құлағы үйренді. Енді, міне, алты мекиенге бас ие, аш құрсақтарға ас ие болған  қызыл қоразға да қатер төнді. Үш көше әрірек тұратын ағайын інісі Бәсіренің үйіндегі Бәтимаш келін келіп: «Алтын қайнаға-ау, маған сіздің қызыл қоразыңыз керек болып тұр» демесі бар емес пе? «Үйдегі үлкенім Әндірбайдың жар таңдауда жолы болмай-ақ қойды. Үйге түскен келін екі-үш күннен соң кетіп қала береді. Өзіңіз де көріп, біліп жүрсіз ғой. Өткен жолы Әндірбайды тәуіпке апарып едік. Тәуіп «қызыл қораздың қанымен қандаңдар» деген еді. Соған енді сізге келдім. Сіз бен біз ағайын-жекжаттармыз ғой. Қызыл қоразыңызды қалап келіп тұрған жайымыз бар», деген еді. Содан қызыл қораз кеткелі алты мекиеннен де, ала таңнан оянатын Арқабайдан да қызық кеткендей болды. Ойпыр-ай, арада біршама уақыт өткенде баяғы Бәтимаш келін ентіге, сүріне-қабына тағы келіп тұр. Екі езуі екі құлағына жетіп қалыпты. «Ой, қайнаға-ай, сізге деген алғысым шексіз. Сіздің қызыл қоразы­ңыздың арқасында келінім жүкті болды. Оның үстіне, келінім төркін деп тұра қашпай, құт болып тұрақтап қалды», деді мәз болып. Итін мақтаса, итжеккенді қоса мақ­тайтын қазекеңнің тұқымы болған­нан шығар, Арқабай: «Иә, енді жатқан жері жайлы болғыр қызыл қоразым мықты еді ғой. Алты мекиенін тырп еткізбейтін қызыл қоразыма сенің бір келінің не тұрады» деп қойып қалмасы бар емес пе?! Қайнағасына аңқия қараған Бәти­маш келін бетін басып үйіне қарай  жүгіре жөнелді. Мақсат ҚАРҒАБАЙ, журналист