Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Қостанай облысына барып, шаруалармен жүздесті, деп хабарлады 24.kz.
Мұнда олар аграрлық салаға қатысты қабылданған заң нормаларының жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатқанымен танысты.
Айта кету керек, өткен жылы Парламент «100 нақты қадам ұлт жоспары» шеңберінде 52 заң жобасын бекітті. Солардың кем тұсы болса қайта қарап, толықтыру да – сапардың бір мақсаты. Сондай-ақ, депутаттар агроөнеркәсіп саласын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын талқыға салды. Мал шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті өнім шығару - басты назарда. Бұл ретте ұсақ шаруашылықтарды кооперативке біріктірудің маңызы зор.
«Барлығымыз түсініп отырмыз бір жерге бірігу керек, біріккен кезде жаңа агротехнологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Банктердің ауылдағы осы шаруашылықтарға деген сенімі көбейеді. Өнімді сату мәселесі де біраз қиындықтар тудырады. Сату үшін қоймалар керек, көлік игерсек, соның бәрі бірігіп бір жерден шешілетін болса, бұл шығарылатын өнімнің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді», – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапархан Омаров.