Семейде 5 қаңтардан бастап, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» негізінде «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы жүзеге асырылатын арендалық тұрғын үйлерге құжаттарды қабылдау басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) бөлімінің хабарлауынша, жалға берілетін баспанаға өтініштер жеті санат бойынша қабылданады - толық емес және көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар, 1-2 топ мүгедектері, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, оралмандар, әскери қызметшілер және т.б.
Бағдарламаға қатысушылар тізімі топтар бойынша жасақталады, толық мәліметті Семей әкімдігінің ТКШ бөлімінен білуге болады. Осы жерден қажетті құжаттардың тізімін де алуға болады. Тұрғын үй Глинка көшесінде орналасқан. Сатып алу құқығымен жалға алу құны 1 шаршы метрі үшін шамамен 924 теңгені құрайды. Жалға алу мерзімі - 20 жыл. Онымен бір мезгілде, ШҚО энергетика және ТКШ басқармасынан мәлім еткендей, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға облыс бойынша 27 685 адам кезекте тұр. Бұлар - жоғарыда аталған санатқа (мүгедектер, жетім балалар, әлеуметтік әлсіз топтар, апатты үй тұрғындары, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер т.б.) жататын шығысқазақстандықтар.