• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Бала

337 рет
көрсетілді

Оңтүстікте Төлепбек Назар­беков деген ақсақалды елдің бәрі біледі. Кеңес заманында бірқатар ірі қызметтер атқарып, кейіннен зейнеткерлікке шық­қаннан кейін де ортадан қол үзбей, бақилық болғанша бел­сенді ақсақалдардың бірі болды. Сол кісі туралы ел ішінде мынандай бір әңгіме бар: Бірде Төлепбек аға Бөген ауданынан бірінші хатшы болып тағайындалады. Сөйтіп, жаңа басшы келе шаруашылықтарды аралапты. Қасында орынбасарлары, басқа да кішігірім басшылар шұбап, өріп жүрген көрінеді. Ана қойшының шаруа­шылығына барады, жағдайы жақсы. Екіншісіне барады, оның да жағдайы жақсы. Қасын­дағылардың жол бастап, тек жағдайы жақсы қыстауларға апарып жүргенін іші сезген Төкең бәрін шақырып алып, былай депті: – Әй, айналайындар, мен қызметке жаңадан келдім. Сон­дықтан мені жағдайы жоқ, мәселесі шешілмей жатқан шаруа­шылыққа апарыңдар. Жұмы­сымен танысайық, мәсе­лесін шешуге тырысайық. Жағ­дайы жақсы қойшының тұр­мысымен кейінірек таныса жатармыз... Сөйтсе бөгендік басшылар бір ауыздан «Бізде ондай жағдайы нашар қойшы жоқ» депті. Алған бетінен қайтпайтын өткір мінезді Төлепбек аға қол астындағылардың бұл жағым­паздығына күйіп кетіп, шопырына «Мына төбенің басына шығайықшы...» депті. Шығып, жан-жаққа көз тастаса алыстан қарауытқан бір қыстау көрінеді. Төкең бастап, жанындағылар ілесіп, ұбап-шұбап бәрі сол қыстауға барады. Барса, қора құлап қалған, шөп жиналмай шашылып жатыр... Мұны көрген орынбасарлардың жандары мұрындарының ұшына тақалып, не айтарларын білмей состиып тұрып қалыпты. Сонда Төкең өзі көліктен түсіп: – Кім бар-ей? – деп айқай­лайды. Сөйтсе жаман лашықтан 8-9 жастағы бала шығып, «Ассалау­мағалейкүм!» деп амандасыпты. – Әкең қайда? – депті бірінші хатшы салған жерден қабағын жазбай. – Қойда, – депті бала жас­қанбай. – Шешең қайда? – Тойда. «Қойда, Тойда» деген сөздер­дің ұйқас шыққанына Төкеңнің өзі де іштей «Ойпырмай, мынау қайтеді-ай...» деп қалса керек. Жан-жағына қараса, есіктің алдында бір ақсақ қошқар байлаулы тұр екен. Бірінші хатшы сонда да сыр білдірмей: – Мал қайда? – депті. – Жайлауда... – Ал, мынау қошқар ше?.. – Байлауда. Бұл жолғы ұйқасқа хатшы­ның қасындағылар ду етіп күліп жіберсе керек. Намыстанып кеткен Төлепбек аға дауыс көтеріп: – Әй, өзің бір, тілің мен жа­ғыңа сүйенген бала екенсің... Бұл қошқардың аяғын таспен ұрып сындырып, содан кейін байлап қойғансыңдар ғой... – депті ашуланып. Сонда бала: – Осы қошқар сияқты бұзық болсаңыз, сізді де байлап қоя­мыз, – деген көрінеді. Мұны естіген Төлепбек Назар­беков көлігіне мініпті де кетіп қалыпты. Азамат сөзден жеңіл­генін мойындағаны ғой... Негізі ел іші бекер айтпайды. Меніңше бұл оқиғаның болғаны рас. Тіпті бұл жәйт Төкең жайлы кейінгі жылдары шыққан кітапқа еніпті деп те естідім. Мені қызықтырғаны – бірінші хатшыға тайсалмай жауап берген 8-9 жастағы бала кім болды екен? Кейінгі тағдыры не болды? Аудан басшысын сөзден жеңген өткір де алғыр бұл баланың кейінгі өмірі дұрыс болған болса бір жерді тесіп шығатыны анық еді ғой... Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»