• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Ақынның ізбасарлары Атырауда іріктеледі

246 рет
көрсетілді

Әдебиетті ардың ісі ретінде ардақ тұтқан Алаш қаламгерлерінің бірі – Фариза Оңғарсынова. Жүрек түкпіріндегі сыршыл туындыларымен танылған Халық жазушысының әдеби мұрасы халқына әлі талай қызмет етері даусыз. Алайда, поэзия падишасының ізін жалғастырар жас ақындар бар ма? Ақын шәкірттерінің бірі Әлия Дәулетбаеваның жетекшілігіндегі «Фариза жұлдыздары» деп аталатын жас ақындар клубы өңірдегі жас таланттарды тәрбиелеу ісін қолға алды. Оған Жазушылар одағының Атырау филиалы қолдау білдіріп отыр. Әзірге клубтың мүшелігіне 25 жас ақын қабылданды. – Бұл өңірде де жас ақындар бар. Алайда, олардың талабына қолдау білдіретін осындай бір орталықтың қажеттігін ойлап жүр едік. Өйткені, кезінде Фариза апайымыздың өзі де бұрынғы Гурьев педагогикалық институтында құрылған ақындар үйірмесінен қанаттанған ғой. Клубқа мүше болған 25 жас ақынның арасынан кемі 5 жас ақынды елге танытуды көздеп отырмыз, – дейді клуб жетекшісі Әлия Дәулетбаева. Жас ақындар қадамына сәттілік тілеген Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, Атырау филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, ақын Светқали Нұржанов, скрипкашы Айман Мұсақожаева Фариза ақынның шығармашылығы мен адами қасиеттері туралы толғана әңгімеледі. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ