Жаңа жылды жаңа леппен, қуанышпен қарсы алу үшін Тоқтар ауылының жұртшылығы да ықыласпен қамданды. Соның бір дәлелі – ауылымыздың бетке ұстар азаматтары ауыл жұртшылығына және қонақтарына Жаңа жыл кешіне орай, көрсе көз тояр мұз қалашығын тарту етті. Қыстың сары аязында ауылдың бірнеше шақырымдық жерінен өзен мұзын мүсіннің көлеміне жетерліктей етіп ойып әкелу, оған түрлі пішін беріп, «менмұндалап» сәуле шашар жарығы үшін оларға электр сымдарын жүргізу кімнен де болсын асқан қажыр-қайратты талап етеді. Осындай жұмысқа басынан-аяғына дейін атсалысқан Қанат Әбіш, Кенжебай Айтжанов, Ерназар Әбілқас, Өміржан Қапанға, сонымен қатар өзінің құрал-жабдығымен мұз кесуге көмек көрсеткен Манарбек Алдажұманов, өз көлігімен мұз тасып, қол ұшын созған Сұңғат Есенгелдин, мұз қалашығының жұмысына белсене ат салысқан басқа да азаматтарға ауыл адамдарының алғыстан басқа айтары жоқ.
Мәдениет үйінің алдынан бой көтерген мұз қалашықтары ауылдың ажарын кіргізіп қана қоймайды, әрқайсысының арқалар өзіндік символдық мәні бар.
Жаңа жылдағы ауыл жаңалығы – осындай. Жаңа жыл жақсылығымен келсін.
Нұржан КӨШКІНБАЙ
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Тоқтар ауылы