• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Дағдарыс орталығы ашылды

542 рет
көрсетілді

Облыста ана мен баланы қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін Ақтөбе қаласында аналар мен жасөспірімдер үйі жұмыс істейтін еді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы пайдалануға берілсе, Жаңа жыл қарсаңында әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығы ашылды. Жобаны «Ақ-Руно» ЖШС мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырды. Бұл мақсатқа қамқоршылық кеңес өкілдері мен меценат Асқарбек Мамырбаев 300 миллион теңге бөлді. Кәсіпкер мұның алдында спорт кешенін пайдалануға беріп, ақтөбеліктердің шынайы алғысына бөленген болатын. Бұл жолы аумағы 2980 шаршы метр болатын үш қабатты үйдің құрылысын 2016 жылғы қазан айында аяқтап, жаңа жыл қарсаңында тағдырдан ауыртпалық көрген аналар мен балалардың игілігіне ұсынды. Орталықта 60 адамға тұрақты жұ­мыс орны ашылды. Олардың арасында психолог, әлеуметтанушы, заңгер, еңбек нұсқаушысы секілді мамандар бар. Олар әлеуметтік-психологиялық бөлімдерде жұмыс жасамақ. Мұнда тәртіп мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Орталықта кір жуу орны, спорт зал, асхана жұмыс істейді. Енді психологиялық-тұрмыстық зорлыққа тап болған, жақындарынан айырылған әйелдер, мүгедектер, жал­ғызбасты және кәмелет жасқа толмаған балалары бар аналар, үйі өртке оранған отбасылар, балалар үйі мен мектеп-интернаттарының түлектері, қиын жағдайға тап болған жасөспірім қыздар және басқалар осы жерден пана табады. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың айтуын­ша, дағдарыс орталығына келуге тек аналар мен балалар ғана емес, сонымен қатар, төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге де мүмкіндік бар. Дағдарыс орталығындағы бөлмелер кең де жарық. Әр бөлмеде төрт адамнан орналасады. Су жаңа жиһаздар қойылған. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүруге қажетті барлық жағдай жа­салған. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ