Романның қысқы спорт түрлері арасынан конькиді таңдауы кездейсоқ емес. Тетелес екі ағасы жастайынан спорттың осы түрімен айналысып, бойы сидам, денесі жұқалтаң тоғыз жастағы інілерінің де қызығушылығын оятқан. Содан бері ол конькимен қысқа қашықтыққа жүгіруге әбден маманданып, бүгінде еліміздің маңдайалды майталман спортшысы қатарына қосылған. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің үздік жетістіктерін санамалап шығудың өзі оңай емес. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанғанын былай қойғанда, байрақты бәсекелерде де талай рет олжа салды.
2014 жылы Сочи Олимпиадасында 500 метр қашықтықта жетінші, 1000 метрлікте он үшінші сатыдан көрінген спортшы денсаулығына байланысты Германия мен Голландияда өткен Әлем кубогының кезеңдік сындарына қатыса алмаған. Өйткені, оның алдында екі рет тізесіне, бұғанасына, сіңірі созылған аяғына ота жасатып, бірнеше ай бойы спорттан қол үзуіне тура келген.
– Үздіксіз жаттығулар кезінде алған жарақаттар сыр беріп, шарасыздықтан ештеңе жасай алмай, тығырыққа тірелген кездерім әлі күнге есімде. Спортта мұндай сәтсіздіктер жиі кездеседі. Оған налысаң, күйректікке берілсең, діттеген межеге жете алмайсың. Керісінше, қателіктерден сабақ ала отырып, алға қойған мақсаттарға жетуге болатынын өмірлік тәжірибеден жақсы білемін. Сол кезде келесі маусымдарға тыңғылықты дайындық жасау үшін біраз күш жинап алу туралы бапкерлер дұрыс шешім алған еді, – дейді Р.Креч.
Қос тараптың бірден-бір дұрыс қадам жасағандарын кейінгі жарыстар айқын байқатты. Мұның алдында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогының төртінші кезеңінде 500 метр қашықтықты 34, 82 секундта жүгіріп өтіп, үшінші орын алған Романның алдында нәтижені осы деңгейден төмендетпеу міндеті тұрды. Ол осында даңқты жерлесі Вадим Шақшақбаевтың 13 жылдан бері өзгеріссіз тұрған рекордына өзгеріс енгізді.
– 2008-2009 жылдары жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы былтыр күзде Аспанасты елінде жалауы желбіреген Әлем кубогының «А» дивизионында конькимен жүгіруде тамаша өнер көрсетіп, мәре сызығын бірінші болып қиды. 500 метрлік қашықтықта әлем жеңімпазы, ресейлік Павел Кулижников пен голландиялық Кай Фербайды қапы қалдырды. Осылайша 21 жыл бұрын Давоста Вадим Шақшақбаевтың ұтып алған алтын жүлде қорын толықтырып, көрсеткішін де жаңартты. Роман төзімділік, жігерлілік, мақсаткерлік қасиеттері арқасында талай азулы қарсылас- тарын шаң қаптырып жүр. Алматыда өтетін халықаралық Универсиадаға үкілеп қосып отырмыз. Негізгі үміткерлеріміздің бірі. Қазір бабында, әзірлігі жақсы, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин.
Азия чемпионы, Ванкувер мен Сочидегі Олимпиялық ойындарда ел намысын қорғаған Романның басынан мынандай «қызық» жағдай да өткен. Бір кездері оның отбасына жер телімі, қосымша құрылыс алаңдары бар баспанасына сүрілу қаупі төнген. Оған айырбас ретінде мердігер ұйымдар тарапынан құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі пәтер ұсынылған. Осындай қиын жағдайда қалғанда облыс әкімдігі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған. Саналы ғұмырын кәсіби спортқа арнап келе жатқан конькишіге жергілікті билік қолдау көрсеткен.
Олай болса, Роман Креч те қазақстандықтарды жерге қаратпайды деген үміттеміз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ