Алматыда өтетін Универсиаданың ресми ақпараттық серіктесі Қазақстан баспасөз клубы мәлімдегендей, Дүниежүзілік универсиадаға қатысатын Қазақстанның мәнерлеп сырғанау командасының ақырғы тізімі анықталды. Осылайша, Қазақстан чемпионатының ақтық сайыстарының нәтижесінде әйелдер командасында бос тұрған екі орынға қатысты мәселе шешілді.
Ерлер командасына Денис Тен, Абзал Рақымғалиев және Артур Панихин кірген болса, әйелдер арасындағы сайыстарда ел намысын Айза Иманбек, Вероника Шевелева және Жансая Әдіханова қорғайтын болады.
Сочидегі Олимпия ойындарының қола жүлдегері Денис Тен қысқы Универсиада кезінде ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанау жарысының басты фавориттерінің бірі болмақ. Алайда, бапкерлер әйелдер командасына медаль үшін күрес қиынға соғады деп есептейді.
– Әйелдер командасындағы жас қыздардың ойынында өздеріне тән тартымды тұстары бар, алар биіктері әлі алда. Ең бастысы, олар ел атынан барынша жоғары деңгейде өнер көрсетсе деймін. Айза Иманбек алғашқы ондық тізіміне кіргенін қалаймын. Жақсылап күшін салып, қобалжуын басып, өз биін таза орындап шыға алатын болса, оның қолынан бұл келеді. Біздің әйелдер құрамасының ойыны барлығының көңілінен шығады деп үміттенеміз, – деді Қазақстанның мәнерлеп сырғанау құрамасының бас бапкері Құралай Үзірова.
Жас мәнерлеп сырғанаушы Вероника Шевелева үшін Универсиада оның мансабындағы ең күрделі сайысқа айналмақ. Дүниежүзілік додаға дайындықтары қалай жүріп жатқаны жөнінде ол сөзін былайша тарқатты:
– Универсиадаға қатысатынымды естігенде өте қатты қуандым. Осындай деңгейдегі жарысқа қатысу мен үшін үлкен құрмет. Өз күшіме сеніммен қараймын. Білетінімнің бәрін көрсете аламын деп ойлаймын. Қазір мүмкіндігінше көбірек жаттығуға тырысып, күн сайын 3-4 сағат мұзда жаттығудамыз.
Орайы келіп тұрғанда еске сала кетелік, қысқы Универсиаданың бүкіл тарихында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар екі медаль жеңіп алған. 1995 жылы Испанияның Хакасында Марина Халтурина мен Андрей Крюков жұптық ойында алтын жүлдегер атанса, Дмитрий Казарлыга мен Елизавета Стекольникова елімізге қола медаль сыйлады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ