• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2010

БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ ТІРЛІК БАР

5641 рет
көрсетілді

Доктрина жобасында ел бірлігі және оны нығайтудың ішкі меха­низмі туралы көптеген ақылға қо­нымды пікірлер айтылған. Ел бір­лігі біздің мәңгілік стратегиялық таңдауымыз, сондықтан дер кезінде талқылауға ұсынылып отырған құжат жобасының негізгі өзегі де осы. Ел бірлігі тәуелсіз Қазақстан­ның, қазақ ұлтының одан әрі ор­нық­ты дамуының негізі болып та­бы­лады. Қазақ ұлтынсыз елімізде еш­қандай да бірлік болуы мүмкін емес. Ендеше, доктринада басқа этнос­тармен бірге сан жағынан 67%-ға жетіп отырған қазақ ұлтына баса көңіл бөлінген жөн деп есептейміз. Бүгінде егемен ел, тәуелсіз мем­ле­кет болып ту тігіп отырған Қа­зақ­стан Республикасы қазақ хал­қының төрткүл дүниедегі жалғыз Отаны, бірден-бір ордасы екендігі әлемге аян. Қазақ жұртының арқа сүйер сүйеніші де, ұлт болып ұйып, берекеге кенеліп өсіп-өнген ата-жұрт, киелі құт мекені де тек байырғы қазақ жері. Қазақ халқы әуел бастан-ақ отбасының береке-бірлігін, ағайын-туыстың татулығын, әлеуметтің ауызбіршілігін және ел іргесінің беріктігін ең бір маңызды мәселе ретінде барлық уақытта алға тартып келген. Отағасы, елағасы мен ауыл ақсақалдары және ошақ басындағы аналар мен әжелер оны үнемі тілге тиек етіп, келер ұрпақтың құлағына сіңіріп, өсиет қылып айтып отырған. Мұны алысқа бармай-ақ дана халқымыздың мақал-мәтел­дерінен аңғаруға болады: “Ырыс алды – ын­тымақ”, “Бірлік болмай тірлік болмас”, “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп”, “Байлық байлық емес, бірлік байлық” және т.б. Ғасырлар бойы осы адамгершілік қатынастарға негізделген мәдени және діни салт-дәстүрлер әлеуметтік байла­ныстар­ды реттеп, осы рухани құнды­лық­тардың төңірегіне ұлтты іштей ұйыстырып келді. Марқұм Ақселеу Сейдімбектің сөзімен айтқанда, “адамның күні адаммен” деген қағидатқа негізделген бұл жүйе тек моральдық-этикалық өлшем ғана емес, этнобиологиялық және этно­мәдени тұтастықты қамтамасыз ететін тетік, әлеуметтік және экзис­тенциалдық өмір сүруді реттеудің нормасы қызметін де атқарды”. “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” демекші, заманның келбеті түбірінен өзгеруде, заманның илеуі барысында адамның ұстанар құн­ды­­лықтары да өзгеруде. Қазақ хал­қы бірнеше ғасыр отаршылдықты бастан өткеріп, өзінің саяси тәуел­сіздігіне мықтап табан тіреді. Дала өркениетіне тән көшпелілік өмір-салты кел­меске кетіп, отырықшы өр­кениеттің қала мәдениеті орнық­ты. Дәстүрлі құндылықтар бұзы­лып, нарықтық қатынастарға иек артқан батыстық құндылықтар өмір­ге енді. Еліміздің бет-бейнесі, оның әлеуметтік және ұлттық құ­ра­мы өзгерді. Нәтижесінде халық даналығының қорғасындай түйіні – мақал-мәтел қорының басым бө­лігін құрайтын ынтымақ пен бір­лік ортайып, мәдени плюреализмнің аста­ры­нан алауыздық пен араздық бой көрсетіп қалып жатыр. Тоталитаризм шырмауынан бо­сап, саяси тәуелсіздікке қол жеткіз­ген Қазақ елінің осы заманға лай­ық жаңаруы мен әлемдік өрке­ниет­тің көшіне ілесуі барысындағы өз­ін-өзі ай­қындауы ұлттық-мәдени және саяси-мем­лекеттік өзіндік бі­ре­гейлік (самои­ден­ти­фи­кация, док­тринада сәйкестілік деп аударыл­ған) мәселесін күн тәртібінің ал­ды­на шығарды. Бүгінгі күні бұл мәсе-ленің маңыздылығы мен өзектілігі еліміздің сыртқы суперөркениет­тер­дің (солтүстіктен – православ­тық, оңтүстік-шы­ғыстан – буддис­тік-конфуциандық, оңтүстік-батыс­тан – исламдық, виртуалды әлем­нен – батыстық мәдениеттердің) қайшылықты ықпал аймағында орналасқан геосаяси жағдайымен, ішкі мәдени әртектілігімен, яғни ел тұр­ғын­дарының көпэтносты, көп­дінді құра­мымен, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы трансформациялық үде­рістерді бастан өткізген мемле­кет құраушы мен мемлекет құрушы ұлт – қазақтардың өзінде біре­гей­ліктің болмауымен түсіндіріледі. Тәуелсіздік жылдарында дербес мемлеке­ті­мізді құрып, қазақ ұлты топ­тастырушы ұйытқы ұлтқа ай­налды. Бәлкім, бір есептен, баты­сымызбен де, шығысымызбен де эконо­микалық қарым-қатынасы­мыз­ды кеңейтіп, ашық қоғам құ­рып, Азия мен Еуропа сияқты әлем құрлықтары арасындағы байланыс­ты­рушы ел болып отырған кезде шыққан тегімізді, ділімізді, дініміз­ді, тілімізді таза ұстау дәстүрінің сақ­тала бергені де дұрыс шығар. Алайда, басқа этностық топтардан тараған отандастарымыздың бәрін бауырымызға тар­тып, ұйытқы ұлт міндетін атқарып, ортақ қазақы діл негізінде біртұтас қазақстандық халық ретінде қалыптасу үдерісіне көш­бас­шылық жасау үшін бізге бұрынғы оқшаулап, қорғап келген ұлттық ділімізді жүйелеп, таразы­лап, өзге отандастарымызға ұғын­дыруға тура келеді. Сонымен, Қазақстанда бір-ақ ұлт бар. Ол – жалпы халықтың 67%-ын құрайтын қазақ ұлты. Мемлекетіміз де қазақ ұлтының мем­­лекеті. Ал кез келген мем­ле­кет­те оның негізін қалаған ұлтпен бірге өзге де этностық топтардың өмір сүруі әлемдік тәжірибеде бұ­рын­нан бар, үйреншікті құбылыс. Тек Қазақстанда тұратын этностық топтардың құрамы ала-құла­лау, әрі саны да көбірек. Бірақ, бұл фактор Қазақстанның өзінің тарихи меке­нінде мәңгі-бақи өмір сүріп отырған қазақ ұлты мен кейіннен қо­сылған басқа этностық топтар бірігіп құрған біртұтас унитарлық мемлекет екендігін жоққа шығармайды. Кез келген ұлттық мемлекет оны құрған ұлттың өзге этностық топтар алдындағы басымдығын та­ныту құралы емес. Адамзат тари­хын­­­да мемлекет ұлттардың бір-бі­рі­мен әсерлесу мүмкіндігі көбейген кез­де, белгілі бір ұлттың бірейгей­лігін (аумағын, дінін, ділін, тілін, құндылықтарын, мәдениетін, т.б.) аман сақтап, дамыту қажеттігіне орай пайда болған. Қазақстан Рес­публикасы да, ең алдымен, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлты­ның бірлігі мен бірегейлігін сақтап, дамытуға қызмет етеді. Қазақстан Республикасы – тәу­ел­сіздік жо­лында ғасырлар бойы мың өліп, мың тірілген қазақ ұлты­­­ның тарихи Отанында құрылған ұлттық унитарлық мемлекет. Сон­дықтан, қазақтардың өз есімімен аталған елдің бүгінгі хал-жағдайына да, болашағына да өзге этностық топтарға қарағанда жауапкершілігі көбірек болуы заңды. Осы уақытқа дейін біздің халқымыз бұл тарихи жауапкершілікті сезініп, өзінің асқан төзімділігі мен сабырлы­лы­ғы­ның арқасында елдегі этнос­ара­лық та, әлеуметтік те татулықты сақтауға ұмтылып келеді. Ендігі міндет – сын сағатта тек сабыр­лылық қана танытып қоймай, өркениетті білім мен ғылымның өрелі биігіне көтеріле отырып, өз маңына өзге отандастарымызды да топтастыру болып отыр. Туған елде “мен – осы елдің иесімін” деп кеу­де қақпай, кері­сін­ше, мықтылы­ғың­ды Отаныңның өркендеуіне, отандастарыңның іштей топтасуы­на қосқан жеке үлесіңмен дәлел­деуің қажет. Алдымен сан жағынан басымдықтағы қазақтар бірлікте және бақытты болмайынша барша қазақстандықтар бірлікте де бақытты болмайды. Қоғамдағы әлеуметтік құнды­лық­тар, жеке адамдардың бостан­дықтары мен құқықтары мәселесіне келсек, біздің еліміздің азамат­та­рының бәрі этностық тегіне, дініне, т.б. қарамастан, бәрі де тең құқы­лы, бәріне де тең мүм­кіндіктер бе­рілген. Мұның өзі қазақ­стан­дық­тарды топтастыруға, ортақ Отаны­мыз­дың болашағы мен бүгінгі мүд­де­сі жолында бірігуімізге ықпал етеді. Бір мемлекет аумағында ұзақ уақыт бойы бірге тұрған этностық топтардың бірегейлене келе бір ұлтқа айналуы әлемдік тәжірибеде жиі болған үдеріс. Бұған алыстан мысал іздемей-ақ, өзіміздің бауыр­ларымыз Түркиядағы түркі хал­қы­ның тарихи тағдырын-ақ алайық. Мен өз басым, түптің түбінде “қа­зақ”, “қазақ­стандық” деген ұғым­дардың айырма­шы­лығы бол­май қалатынына сенемін. Қазірдің өзінде кез келген Қазақстан азама­тын шетел­дік­тер оның этностық те­гіне назар аударып жатпай-ақ “қа­зақ” деп атай береді. Мұндай дәс­түр ешкімнің намысына тимей, ке­рі­сінше, мақтаныш сезіміне бөлей­тін күнге де жетеміз. Тек уақыт қа­жет. Содан соң, осындай біре­гей­лену үдерісінің ұйытқысы болуға тиіс қазақ ұлты өкілдерінің білік­тілік, дәстүрге беріктік, мәдениет­тілік тұрғысынан өресі биік бол­ға­ны керек. Тек биік өрелі мәдениет қана өзге этностық топтар өкілде­рін өзіне тартып, құрамына сіңіре алады. Сонымен, елімізде ұлттық бір­лік­тің екі формасы бар: сан жа­ғынан басымдыққа ие болған қазақ ұлтының, оның мәдениетінің, құн­дылықтарының, тілінің төңірегіне топтасу; екіншіден, азаматтық бірегейлену арқылы бүкіл қазақ­стандықтарды іштей біріктіру. Доктрина деген келешек дамуға бағытталған әрекеттің жетекшілікке алынатын теориялық және саяси ұстынын білдіретін мемлекеттік ма­ңызды құжатты білдіреді. Аталмыш доктрина да еліміздің “Қазақстан-2030” стратегиялық даму бағдарла­масынан туындайды және 2020 жылға дейінгі мемлекеттік ұлттық саясаттың бағдарларын айқындай­ды. Доктрина бүгінгі қоғамның әлеуметтік болмысының қажеттілі­гі­нен және еліміздің бәсекеге қа­білетті интел­лек­туалдық ұлт қалып­тастырып, индустриялық-иннова­ция­лық даму жолына түсу келе­ше­гінен туындап отыр. Елбасы өз сө­зінде бүгінгі күні ең маңызды деген мына міндеттерді белгілеп берді: 1) ұлттық бірлікті қалыптастыру; 2) бәсекеге қабілетті ұлттық эконо­миканы құру; 3) интеллектуалды жасампаз қоғам орнықтыру; 4) өркениетті кәсіби мемлекет құру. Бұл міндеттерді орындау үшін қа­зақ ұлтының, бүкіл қазақстандық­тардың бірлігі ауадай керек. Оның үстіне, Қазақстанның әлемдік қо­ғам­дастықтағы мемлекеттер ара­сын­да танымалдығы артып, 2010 жы­лы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төраға­лық етпекші. Кез келген келелі істің жүзеге асуы үшін оның жүйелі жоспары болуы, оның бүге-шүгесіне дейін жіктеліп талқылануы тиіс екендігін ескерсек, бұл доктринаның жобасы да шешімі кезек күттірмейтін түй­інді мәселе ре­тінде жұртшылықтың назарына ұсынылып отыр. “Ке­ңесіп пішкен тон келте болмайды” демекші, жобаның мәтінін мұқият оқып шығып, кемшіліктері болса оларды ескерген жөн демекпіз. Доктрина жалпы ережелер, үш негізгі бөлімнен және қорытынды­дан тұрады. Жо­ба­ның кіріспесі іс­петті жалпы ережелерде док­три­на­ның еліміздің Ата Заңына, осы сала­дағы өзге де нормативтік-құқықтық актілерге “ұлттық бірлік”, “ұлт”, “халық”, “этнос”, “диаспора”, “ел” ұғымдарына доктрина аясында қан­дай түсінік берілетіні айтылуы керек деп біле­міз. Сонда әртүрлі алып-қашпа әңгімелерден құ­ты­луға болар еді. “Даудың басы Дай­ра­бай­дың көк сиыры” дегендей, осы “ұлт” ұғы­мына саяси-мемлекеттік ас­тар беріле ме, әлде этнос­тық ма­ғы­на бе­ріле ме, осыны анықтап алу қажет. Жобаның екінші бөлімі қазіргі кезеңдегі этносаралық және кон­фессияаралық қаты­нас­тар мен ел бірлігін нығайтудың өзектілігі қарас­ты­рылады. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі этностар арасындағы татулық пен ынты­мақ­тастық, өзара келісім мемлекеттік саясаттың басты назарында болып келеді. Доктринаның үшінші бөлімі ел бірлігін қамтамасыз етуге бағыттал­ған мемлекеттік саясаттың мақса­ты, міндеттері мен қағи­дат­тарына арналған. Доктринаның мақсаты ортақ құндылықтар негізінде қоғамда азаматтық бірегейлік пен патриотизмді этносаралық және кон­фессияаралық келісім негізінде ел бірлігін қамтамасыз етудің те­тік­терін айқындау ретінде анықталып, оған жету жолындағы негізгі мін­дет­тер мен нақты ұстындар ұсыны­лады. Онда “сәйкестілік” сөзі “идентичность” терминінің баламасы ре­тінде берілген, оның орнына әде­биетте мойындалған “бірегейлік” сөзі дәлірек келеді. Доктринада рухани-мәдени сала­ға үлкен көңіл бөлінген және мұн­дағы іс-әрекеттің бағыты “са­налуан­дылық арқылы – бірлікке” деген ұстынның төңірегінде өрбиді. Мәде­ни мұра мен ұлттық біре­гей­ліктің арасында тікелей өзара байланыс бар. Мәдениеттің белгілі бір жүгін арқаламайтындай адам­ның, тұлға­ның болуы мүмкін емес, ал бұл мә­дени жүктің ажы­ра­мас бөлігін өткен­нің мәдени мұрасын қазір­гімен қоса білу қабілеті құрайды. Және қоғам­ның мәдени мұрасы неғұрлым бай бол­ған сайын қоғам, тұтастай ал­ғанда, соғұрлым бай және сонысымен де өзгелер үшін ашық, себебі қоғам­ның өзі әртүрлі этностардың, өзара әсер етуші мәдениеттердің ықпалын бойына сіңіре оты­рып, этностардың өзара мәдени араласу ше­карасында өмір сүреді. Сондықтан доктринада мәдени мұра жөнінде де айтылса артық болмас еді. Сондай-ақ доктринада іске асы­рылатын ұлттық саясатты насихат­тап таратуда БАҚ қызметіне байла­нысты бағыттар белгіленген, құқық пен құқық қорғау саласында этнос­аралық және дінаралық қақтығыс­тардың алдын алып, өзара келісім мен татулықты сақтаудың заңнама­лық нормалары мен құқықтық те­тік­терін жетілдіру мәселелері қа­рас­ты­рылған. Діннің рухани құн­ды­лық­тары мен біріктіруші күшіне сүйеніп, этносаралық қатынастар жағ­дайына діни фактордың теріс әсерінің алдын алу мәселелері док­три­наны түйіндеп, аталған шара­лар­дың ел бірлігін қамтамасыз ету­дегі маңызы қорытынды бөлімде тұ­жы­рым­далады. Жалпы, қазіргі кез­дері дінаралық үнқатысу мәсе­лесінің көтеріліп, талқылануы бүгінгі әлемде діннің өте маңызды рөл атқаратынын, діннің ізгілік пен бейбітшілік негізінде адамдар мен қоғамды топтастыра алатынын, дін­нің заман талаптары мен қауіп­те­ріне лайықты жауап бере алаты­нын, діннің адамгершілік пен иман­дылық мәдениетті көтеретінін, дінаралық келісімнің игілік екенін мойындауға әкеледі. Сондықтан доктринада білім беру мен тәрбие саласы бойынша айтылған ойларда халықтың этнопедагогикасы мен этнопсихологиясына да мән берілсе екен деген тілектеміз. Қорыта айтқанда, доктрина жо­ба­сына өзек болған ел бірлігі тақы­рыбы біздің тәуел­сіз­ді­гіміз­дің баян­ды болуымен байланыс­тырылады және ол бүгінгі күннің өскелең та­ла­бынан туындап отыр. Бостандық, азаттық, тәуелсіздік идеясы жара­тылысынан еркіндіксүйгіш қазақ халқының өмірінің мәнін құрайды. Соңғы екі-үш ғасырда астарлы жүргізілген отаршыл саясатқа қар­сы болған үш жүзден астам көте­рі­лістің өзі нені көрсетеді? Құдайға шүкір, халқымыздың аңсаған тәу­елсіздігіне де қол жет­кізіп, әлемге әйгілі дербес елге айналдық. Өз жерімізде халық санының басым­ды­ғын құ­раймыз және елдің еге­мендігіне де жауап­тымыз. Алайда, қазіргі жаhандану заманында бәсе­келестікке төтеп беру де оңай шаруа емес. Доктринада қарасты­рылған қай салада болса да ұлттық және стратегиялық мүдде ескерілуі тиіс. Ұлттық намыс пен жігерді жани, ұлттық рухты асқақтата түсу керек деген ойдамыз. Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ.