Қазақстан футбол федерациясындағы (ҚФФ) Төрелік ету және қадағалау департаментінің басшысы ауысты, деп хабарлады аталған федерацияның баспасөз қызметі.
Желтоқсан айының үшінші онкүндігі басталған кезде Ресей маманы Николай Левниковтің ҚФФ Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры болатындығы белгілі болды. Аталған маман өзіне Қазақстан тарапынан осындай ұсыныс түскенін бүкпесіз жария етті. Кеше Қазақстан футбол федерациясының сайты Николай Левниковтің Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры болып тағайындалғандығын ресми түрде мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Левников 2008-2009 жылдары Қазақстан футбол федерациясының Төрелік ету және қадағалау департаментін басқарған. Қазақстандық төрешілердің денін жақсы таниды. Николай Левников бұған дейін (соңғы төрт жылда) Ресей футбол одағының Төрешілер комитеті төрағасы қызметін атқарып келді.
Ол 1956 жылы 15 мамырда туған. УЕФА Төрешілер комитетінің мүшесі. ФИФА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі.