Алматыда 28-ші Дүниежүзілік Қысқы универсиада-2017 қарсаңында жаппай жеңілдіктер науқаны басталады, деп хабарлайды Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы.
Басқарманың мәлімдеуінше, Almaty Sales Festival шеңберіндегі сатылым 20 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Осы кезең аралығында қалаға Қазақстан өңірлері мен әлемнің 58 елінен 2 мыңнан астам спортшы мен турист келетіні жоспарлануда.
Барлық 126 сауда орталығы мен «street retial» үлгісіндегі дүкендерде азық-түліктен басқа тауарларға жеңілдіктер беріледі. Науқандық ұсыныстар Универсиада-2017 іс-шарасына арнайы ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, 2016 жылғы желтоқсанда қалада Жаңа жыл мерекеcіне орайластырылған сатылымдар жүргізілген болатын. Нақтыласақ, 120-дан астам сауда орталығы мен 120 азық-түлік дүкенінде 19%-дан 80%-ға дейінгі жеңілдіктер болды.