Павлодарда тұрмыстық техника қалдықтарын қабылдау акциясы басталды, деп хабарлайды 24Хабар.
Енді халықтан жиналған іске жарамай қалған тұрмыстық техника қалдықтары жиналып, артынан жою орындарына жіберіледі. Қазір облыс орталығындағы ірі сауда үйлерінің жанына арнайы жәшіктер орнатылып жатыр. Акция ауыл-аймақтарды да қамтиды. Әзірге облыс бойынша тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен бір ғана кәсіпорын айналысады.
«Бізге халық түсіністікпен қарайды. Қазір істен шыққан тұрмыстық техниканы далаға тастамай, арнайы орындарға тапсыру мәдениеті қалыптасып келеді. Қуанарлық жайт. Қоршаған ортаны ластайтын заттарды қабылдауды алдағы уақытта да жалғастыра береміз», – дейді кәсіпорын басшысы Кирилл Майоров.
«Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес бізде тұрмысқа жарамайтын қалдықтарға тыйым салынады. Олар, мысалы, тұрмыста қолданатын жарамсыз теледидар, үтік, тоңазытқыштар сияқты қалдықтар. Сосын оларды залалсыздандырып, Алматы, Астана қалаларында арнайы мекемелерде көмеді», – деп атап өтті мемлекеттік экологиялық инспектор Азат Амантаев.