Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында әлемдегі үшінші сын-қатер ретінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді атаған еді. Өйткені, Жер шарында халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрделендіре түсуде. Оның үстіне, бүгінде миллиондаған адам азық-түлік жетіспеушілігін бастарынан кешіріп отыр. Жер шарында жыл өткен сайын адам саны өсіп келеді. Оны шектеу мүмкін емес. Ресми деректер бойынша, 1920 жылы әлем халқының саны 1,3 миллиард адам болған екен. Ол 1987 жылы 5 миллиардты құраса, 2011 жылы 7 миллиард адамға жеткен. Ал 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халық саны 9,5 миллиардқа жуықтайды деген болжам жасалып отыр. Халық саны өскен сайын тіршілік көзі – қажетті азық-түлік түрлеріне сұраныс та арта түсетіні түсінікті. Сондықтан, қазіргі кезде де, жақын болашақта да халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Қайта ол жаһандық деңгейдегі аса өткір проблеманың біріне айналмақ. Бұған мысал ретінде 2006-2008 жылдардағы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ауыртпалығын алайық. Осы дағдарыс кезіндегі азық-түлік тапшылығы көптеген елге ауыр тиді. Адам өміріне бірінші кезекте аса қажет ет пен сүт, бидай мен күріш өнімдерінің бағасы еселеп қымбаттады. Кейбір құрлықтағы бірқатар мемлекет сол қымбатшылық пен қиындықтардан әлі арыла алған жоқ. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры әзірлеген баяндамада алдағы 30-40 жыл ішінде әлемдік ауыл шаруашылығы саласы күрделі проблемаларға тап болады. Бұған Жер шарында адам санының көбеюімен қатар, климаттық өзгерістер және табиғи ресурстардың деградациясы сияқты жаңа проблемалар қосылуы мүмкін. Бұлардың қатарына орман массивтерінің азаюын, сондай-ақ, тіршіліктің басты қайнары – су көздерінің тартылуын қосуға болады. Аталған мәселелерге қатысты мәлімет келтірейік. Соңғы жүз жылда Жер шарындағы орман массивтерінің 40 пайызы жойылған. Орман-тоғайдың жойылып бара жатуы тіршілік атаулыға аса қажет оттегінің азаюына соқтырып отыр. Деректерге қарағанда, орман массивтерінің оталуы салдарынан жыл сайын оттегі 10-12 миллиард тоннаға азаяды екен. Оның есесіне, атмосферада көмір қышқыл газы 10-12 пайызға көбейетін көрінеді. Осы мәселелермен айналысатын эколог-сарапшылар жағдай осындай күрделі күйінде қала берсе, оттегінің тепе-теңдігі бұзылу қаупі туындайтынын айтады. Орман-тоғай массив- терінің азаюына, сондай-ақ, оны отын ретінде пайдалану да айтарлықтай «үлес» қосып жатқанын айтуымыз керек. Себебі, қазіргі кезде Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріндегі елді мекендердің 90 пайызға жуығы отын ретінде ағашты пайдаланады. Өзен-көлдердің суы негізінен орман-тоғайдан, мұздақтардан бастау алады. Ал су ауыл шаруашылығы өнімдерін еселеп арттырудың көзі десек, қателесе қоймаспыз. Кез келген елде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, сол елдің өзінің арнайы резерві жасақталуы тиіс. БҰҰ сарапшыларының пікірінше, егер мемлекетте астық қоры 60 тәулікке жететін болса немесе жылдық тұтынымның 17-20 пайызын құраса, жинақталған қор жеткілікті болып есептеледі. Дүние жүзінде халық саны қанша өссе де, азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиындық көрмейтін екі мемлекет бар екен. Олар – Ресей мен Бразилия. Біз осы екі елдің қатарына Қазақстан Республикасын да қосар едік. Өйткені, біздің еліміз бүгінде ұн мен астық экспорттаушы мемлекетке айналып отыр. Адам баласы ыстық пен суыққа шыдайды, ал аштыққа шыдамайды. Кейбір мәліметтер бойынша, әлемде 1,5 миллиард адам ашқұрсақ жағдайда өмір сүріп жатыр. Саясаттанушылар болса, халықтың кем дегенде 75 пайызға жуығын тойындырмайынша, саяси реформа жасауға болмайды дегенді алға тартады. Ал Дүниежүзілік банктің есебінше, тұрақсыздық, инфляцияның шарықтауы, азық-түліктің қымбаттауы сияқты қиындықтарға душар болып отырған 30-дан астам ел бар екен. Сондай-ақ, 2006-2008 жылдардағы қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты тамақ өнімдерінің қымбаттауы салдарынан әлемнің 40 елінде халықтық толқулар болыпты. Осының өзі-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің аса өткір тұрғандығын көрсетеді. Соңғы жылдары болашақта әлемдегі негізгі саясатты азық-түлік экспорттаушы мемлекеттер анықтайтын болады, деген пікірлер айтыла бастады. Дұрыс та шығар. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігі әрбір елдің тәуелсіздігінің, сондай-ақ, еркін дамуы мен әл-ауқаты артуының кепілі болып табылады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»