• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2017

Мегамақсаттар жол картасы

150 рет
көрсетілді

2017 жылы жарық көрген «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция» ең­бе­гінде әйгілі экономист және 1971 жылдан бері Давоста өте­тін Дү­ние­­жү­зілік экономикалық форум­ның тұрақты президенті Клаус Шваб былай дейді: «Біздер бүгінгі таңда күллі өмірімізді, жұмыс істеу үрдісімізді және қарым-қа­ты­насымызды түбегейлі өзгертетін революцияның бастау көзінде тұрмыз. Көлемі мен ауқымы және күрделілігі жа­ғынан Төртінші өнеркәсіп революция­сына тең келетін үлгі адамзат тарихы мен тәжірибесінде бұрын-соңды болып көр­меген. Міне, сондықтан да біздер жасан­ды интеллект, роботтандыру, робот-автокөліктер, үш өлшемді принтер, нано­технология, биотехнология сияқты күллі әлемді өзгертетін ең пәрменді және таңға­жа­йып технологиялық болмыстың куәсі бола бастадық». Міне, осы тұрғыдан келгенде, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын инновациялық Жолдауының бү­гінгі әлемдік сын-қатерлер мен заман тала­бынан туындап отырғаны ешбір күмән тудырмайды. Жолдауда Үшінші жаңғырудың бес бағытына басымдық берілген. Біріншіден, Президент экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына үлкен екпін беріп, бұл орайда Үкіметке «Цифр­лық Қазақстан» аталатын арнайы бағ­дарламаны әзірлеп, IT саласын дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ететін халықаралық технопарк құруды бірінші кезекке қойып отыр. Оза дамыған елдердің барлығында дерлік университеттердің қасында ұтымды идеяларды қысқа мерзім ішінде бизнес­ке айналдыратын бизнес-инкубаторлар, технологиялық парктер мен сайнс-парктер белсенді қызмет атқарады. Бакалавр­лар емес, магистрлер мен ғылым докторларын даярлауға бағытталған заманауи зерттеу университеттері қоса қалыптасқан. Бұл ретте «Ғылым туралы» заңның басты нысанасы зерттеу уни­верси­теттерін құру болғанымен, әзірге бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Екінші басымдық бизнес-ортаны, нақтырақ айтқанда, шағын және орта биз­несті түбегейлі өзгерту, жақсарту, дамыту және кеңейту арқылы олардың 2050 жылға дейін елдің ішкі жалпы өнімінің 50 пайызын қамтамасыз етуі көзделіп отыр. Бұл басымдық мыңдаған жұмыс орындарын ашудың да кепілі болмақ. Үшінші басымдық еліміздің макроэкономикасын тұрақтандыруды, Ұлттық банк пен өзге банктердің жұмыстарын жандандыруды және министрліктер мен ведомстволардың қаржы игеру тиім­ділігін арттыруды, сондай-ақ «Ұлт­тық қор қаражатын пайдаланудың ұтым­дылығын күшейтуді және ел экономи­ка­сына шет ел инвестициясын тарту­ды қам­­та­масыз ететін «Астана» халық­аралық қаржы орта­лығын тез іске қосу­ды көздейді. Төртінші басымдық адами капитал­ды жақсартуды, білім мен ғылымды эконо­микалық өсімнің басты тетігіне айналдыруды, сондай-ақ, IT-білімді, қаржылық сауат­тылықты қалыптастыруға ерекше екпін беруді қарастырады. Бұл орайда мем­лекеттік тілдің басымдығын сақтай отырып, әсіресе, ағылшын тіліне екпін беру көзделген. Өйткені, бүгінгі таң­да ағылшын тілі ғылым мен білімнің, ки­бер­нетиканың, инновация мен ақпа­раттық технологиялардың, сондай-ақ, ха­лықаралық еркін сауда мен туризмнің де басты құралына айналып отыр. Президент назар аударған бесінші басымдық оза дамыған мемлекеттердің тиімді үлгілерін негізге ала отырып, инс­ти­тут­тық өзгерістер жасау мен қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуге, сол сияқты жем­­қор­лықпен күресті күшейтуге бағыт­талған. Реформалар, ең алдымен, жеке­меншікті қорғауға, заңның үстемдігі мен заң алдында күллі азамат құқының тең­дігін қамтамасыз ету мен сот жүйесіне сенім­ділікті арттыруға бағытталған. Елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін терро­ризммен күресті және әлеуметтік желі­лерде діни экстремизмді уағыздауға жол бермейтін іс-шараларды да қоса күшей­ту көзделген. Жолдаудың түбегейлі мақсаты эко­но­миканың барлық саласын қатар әрі толық жаңғырту және соның негізінде мүл­де жаңа экономикалық модель құруды көз­дейді. Үшінші жаңғыруды Президент тек қана сын-қатер емес, керісінше, еліміз­ге тағ­дыр сыйға тартқан мүмкіндік және «Қа­­зақстан-2050» стратегиясында көз­делген мегамақсаттарға жеткізетін нақты кө­пір немесе жол картасы ретінде ұсынып отыр. Жолдауда нысанаға алынған мақ­саттарға қол жеткізу оңай болмайтыны кө­рініп тұр. Өйткені, бүгінгі заманға тұспа-тұс келген Төртінші өнеркәсіптік рево­люцияның элементтерін, атап айтқанда, автоматтандыруды, роботтандыруды, жасанды интеллект қалыптастыруды және солардың негізінде ақпарат алмасуды, сол сияқты, еңбек өнімділігін еселеп арттыруды қамтамасыз ету, ең алдымен, еліміздің ғылымы мен білім жүйесі сапасының, одан да нақтырақ айтқанда, адам ресурстарының деңгейі мен өресіне тікелей байланысты болатыны айқын көрініп тұр. Демек, Қазақ елінің Үшінші жаңғыруы балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі деңгейлерге арналған оқулықтар мен білім бағ­дар­ламаларын қайта жасақтаудан бастау керек екені және аталған сала қызмет­кер­лерінің білімін заман талабына сай қайта жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе екені талас тудырмайды.

Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері