• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Алаш тұлғасы тұтынған бұйымдар

325 рет
көрсетілді

Суреттегі бұйымдар мемлекет қайрат­кері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының иесі Әлімхан Ермековке тиесілі. Көзілдірік, кварцты қол сағат және органикалық әйнектен үлкейткіш әйнегімен қоса жасалған сызғыш ғұламаның көзіндей болып Ұлттық музейдің Тарих залында тұр. Оны Қарағанды қаласының тұрғыны Қ.Өскенбаев 2007 жылы сая­си қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» музей-мемориалды кешеніне тапсырған. Ал Ұлттық музейдің қорына 2014 жылы түсіпті. «1917 жылы Алаш автономиясы құрыл­ғанда Әлімхан Ермеков 26 жаста болған. Сол жаста Үкіметтің премьер-министрінің орынбасары әрі ел шаруашылығын жос­парлау комитетінің төрағасы болып тағайындалған. 1935 жылы мал дәрі­герлік институтта кафедра басқарып жүріп, институттың ғылыми кеңесінің ұйға­рымымен тұңғыш рет математика саласы­нан профессор атағын алады. Кеңес өкіметіне, коммунистік-репрессиялық жүйеге қарсы қызметі, «Алаш» партиясын құрысып, Алашорда үкіметіне мүше болғаны үшін 1930 жылдың 22 қыркүйегінде істі болып, М.Әуезовпен бірге түрмеде отырып, үздіксіз тергеуде болған», – дейді Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері Лаура Түменова. Жалпы, 37-нің қара бұлты Ә.Ерме­ковтің де басына үйіріліп, сонда ұстал­ғаннан ара-арасында бостандыққа шығып тұрғанымен, үлкен тұлға 1955 жылы ғана түрмемен қоштасады. 1957 жылы 26 қарашада толық ақталады. Одан кейінгі жылдары Қарағанды тау-кен институтында математикадан дәріс оқиды. 1970 жылы қайтыс болған. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»